Жуырда Ақсу қаласында облыстық «AMANAT» партиясының ұйымдас-тыруымен екінші жыл қатарынан «AMANAT жұлдыздары» атты байқау-фестивалі өтті. Өнер байқауына барлығы 33 қатысушы қатысты.
«AMANAT» партиясының Ақсу қалалық филиалының төрағасы Бибігүл Нұркенованың айтуынша, байқаудың мақсаты – партия мүшелерінің арасынан талантты адамдарды табу және оларды көпшілікке таныту.
— Өткен жылы байқауға 20-ға жуық өнерпаз қатысса, биыл олардың саны 33-ке жетті. Бұл көңіл қуантады. Биыл жүлделер саны да артты. Қатысушылар хореография, вокал және аспаптық өнер бағыттары бойынша сынға түсті. Одан бөлек, «Үздік би», «Алтын дауыс», «Үздік ойын», «Көрермендер көзайымы» және «Үздік басшы» атты аталымдар тағайындалды. Одан бөлек, бас жүлдеге 100 мың теңге, 1-орынға 70 мың теңге, 2-орынға 50 мың теңге және 3-орынға 30 мың теңге тігілді, — деді ол.
Облыстық «AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының атқарушы хатшысының міндетін атқарушы Айнұр Мұхамедиярова мәдениет пен өнерді дамыту «AMANAT» партиясы жұмысының бір бөлігі екенін атап өтті.
— Бүгінде облысымызда 48 мыңға жуық партия өкілі бар. Олардың ішінде Ақсу қаласындағы филиалымыздың белсенділерін ерекше атап өтуге болады. Себебі, олар партиямыз ұйымдастырған әр қоғамдық жұмысқа белсенді қатысады. Бірі ән айтса, бірі би билейді. Барлығы өнерлі. Сондықтан оларды қолдау әрі таныту мақсатында «AMANAT жұлдыздары» атты байқау-фестивальді Ақсу қаласында өткізуді жөн санадық. Биыл бұл байқау екінші мәрте ұйымдастырылды. Қатысушылар саны өткен жылмен салыстырғанда едәуір өскені байқалады. Бұл –
қуанышты жайт, — дейді А.Мұхамедиярова.
Байқауға қатысушылардың бірі Вячеслав Трегубов бұл байқауға екінші мәрте қатысып отырғанын алға тартты.
— Кішкентай кезімнен ән айтамын. Алайда бүгінде өзге салада еңбек етіп жүрмін. Дегенмен, бос уақытымда, түрлі сайыс пен отырыстарда ән айтатыным бар. Осындай мүмкіндікті қарастырған «AMANAT» партиясына мың алғыс. Осы сайыста 3-орынға ие болдым, — дейді В.Трегубов.
Байқау нәтижесі бойынша вокал бөлімінде 1-орынды «Сырнай» дуэті, 2-орынды Айжан Болат, 3-орынды Нұрбек Қалиев иеленді. Хореография бағыты бойынша 1-орынға Ақсу қалалық «Ц1ей Лоам» кавказ әндері және би ансамблі, 2-орынға Аяла Олжабаева және Кәрім Қибраттан құрылған топ, 3-орынға «Карабах» би ұжымы ие болды. Аспаптық өнер жанрында «Дарын» тобы топ жарса, Игорь Кулигин 2-орын, Вячеслав Трегубов 3-орын иегері атанды. Ал бас жүлдені «Айгөлек» үлгілі би ансамблі иеленді.
Айта кетейік, аталмыш байқау жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылмақ.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Ақсу қаласы.