Қазақтан шыққан тұңғыш академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойы қарсаңында Ақсу қаласындағы тарихи-өлкетану музейіне белгілі геолог-ғалымның пальтосы табысталды. Құнды жәдігерді Қаныш Сәтбаевтың ұрпағы Әйгерім Белгібайқызы тапсырды.

Қаныш Сәтбаевтың ағасы Хамит Ибатайұлы Баянауыл ауданы Тендік ауылы (қазіргі Мұса Шорман) Кергетас қыстағында тұрған. Хамит Теңдік ауылында жылқышы, «Ленин» орденімен марапатталған сыйлы, көзі ашық адам болған екен.

Қаныш Сәтбаев Хамит ағасына Кергетас қыстағына жиі демалуға келіп тұрған екен. Сол уақытта Хамит ағасының тұңғыш ұлы Рашидтың мүшел жасына орай (1956 жылы) дастархан басында әңгімелесіп отырған кезде Қаныш Сәтбаев өз пальтосын сыйға тартады. Рашид Қаныш ағасы сияқты әнші, баянист болған.

Бірақ Рашид пальтоны көп кимей, естелік ретінде сақтап қойған. Сөйтіп, бұл пальто мұра ретінде Рашидтың туған інісі Тұрсынға қалады. Ал Тұрсын жұбайы Алтынға «Қаныш ағаның көзі», «Ешкімге бермендер» деп аманат еткен деседі. Қажы Алтын апа өмірінің соңына дейін аманатқа қиянат жасамай, пальтоны көзінің қарашығындай сақтайды.

Өткен жылы Алтын апаның жиені Әйгерім Бимағанбетова «Отбасымда сақталған құнды зат» атты жобамен танысып, туысқандарымен ақылдаса келе Қаныш Сәтбаевтың пальтосын Ақсу қаласының тарихи-өлкетану музейінің қорына табыстауға шешім қабылдайды.

— Қаныш Сәтбаевтың пальтосы — ата мен әжем аманаттаған ұлы мұра. Көп уақытқа дейін әжемнің үйінде сақталып тұрды. Одан бөлек, Қаныш Сәтбаевтың суреті салынған портреті бар. Өткен жылы «Отбасымда сақталған құнды зат» атты музейдің жобасымен танысқан соң қажы Алтын апаның балаларымен ақылдасып, Ақсу қалалық тарихи-өлкетану музейіне табыс- тауды жөн санадым, — дейді Ә.Бимағанбетова.

Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Арман Әлиақпаров музей қорында бүгінге дейін Қаныш Сәтбаевтың жеке заттары болмағанын айтады.

— Музей қоры тағы бір құнды жәдігермен толықты. Бұған дейін музейімізде Қаныш Сәтбаевтың жеке киімдері болған емес. Тек қызы тапсырған минералды заттары сақтаулы. Осыған дейін музей қызметкерлері бұл отбасымен тілдесіп, жәдігерді сұратқан еді. Алайда олар тапсырудан бас тартқан болатын. Енді араға біраз уақыт салып, ғалымның 125 жылдығына орай Ақсу қаласындағы музейге тапсырылып отыр, — деді ол.

Музей басшысы облысы-мыздың барша тұрғынын бірегей жәдігерлерді үйде сақтамай, орталыққа тапсыруды сұрайды.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Наргиз Күбеш.