Санаулы күндерден соң қоңырауын қағып қоңыр күз келеді. Тұрмысы төрт түлікпен түлеген қазақ үшін қысқы мал азығын уақытылы дайындау — қашанда маңызды шаруалардың бірі. Ел ішінде «қыстың қамын жазда ойла» деп бекер айтылмаса керек. Бүгінде облыс аумағындағы шаруалар шөп шабу науқанының бел ортасынан асып қалды. Ендігі кезекте «ауа райымен ақылдасып», «қырдың қызғалдақтарын» қоймаларға жеткізу жұмысы күтіп тұр. Жалпы, биыл өңірде мал азығы қоры жеткілікті ме? Дала төсін дүбірге бөлеген шаруалардың қыр басындағы «қарбаласы» қашан аяқталады?
Биыл өңірде қысқы мал азығын дайындау, шөп шабу жұмыстары орташа есеппен алғанда шілде айының басында басталып, қыркүйек айының соңына таман аяқталуы тиіс. Қазіргі уақытта қыр басында қарқынды жұмыс жүргізіліп, шаруалар мал басын арттыруды жоспарлап, қыстың қамына кіріскен. Шапқан шөптерін жинап, қыстақ орындарына тасып алу қамында жүрген кәсіп иелерінің мақсат-мұраты бір. Бұл күндері облыс бойынша шабындық алқаптардағы жұмысқа 3270 техника жұмылдырылды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткендей, егіс алқаптарын әртараптандыру саясатына сәйкес аймақтағы егіс құрылымында мал азығы дақылдары 17,8 мың гектарға ұлғайды. Жоспар бойынша биыл 1 млн 200 мың тонна шөп әзірлеу қажет. Бүгінгі күні оның 1137,5 мың тоннасы, яғни 67 пайызы дайын. Сонымен бірге пішендеме, сабан, жемдік азық, сүрлем әзірлеу жұмыстары да кестеге сай жүріп жатыр.
— ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің ұлттық статис-тика бюросының деректері бойынша 2024 жылғы ағымдағы жағдайға сәйкес облыста ірі қара малдың саны – 581,0 мың бас, қой – 712,1 мың бас, ешкі – 80,1 мың бас және жылқы 304,5 мың бас тіркеулі. Бүгінгі таңда барлық малды қысқы азықпен қамтамасыз ету мақсатында шабындықта шөпті қыстаққа тасымалдау жұмысы жүріп жатыр. Соңғы деректерге сәйкес, сақтау орындарына 710,6 мың тонна жемшөп жеткізілген. Айта кету керек, облыс бойынша Ертіс, Железин, Павлодар аудандарында шабындық жақсы қарқынмен жүріп жатыр. Шөп жинау бойынша Аққулы ауданы көш бастап тұр. Жоспарлы қордың жартысынан көбі Железин, Ертіс, Шарбақты және Тереңкөл аудандарында дайындалды, —
деді баспасөз қызметінде.
Шабындықтағы шалғысы өткір Павлодар ауданының ауыл шаруа-шылығы саласының ардагері, «Мирас» шаруа қожалығының жетекшісі Еркінбек Мұқанның айтуынша, биыл аудан бойынша шабындық жерлердегі шөптің түсімі жақсы. Мал шаруашылығына қарай бетбұрыс жасаған шаруа қожалықтары қазір шөп дайындауға білек сыбанып кірісіп кеткен. Шаруа қазіргі кезде өзінің қожалығына тиесілі 50-ден астам ірі қара, 100-ге жуық қой-ешкі және 25 бас жылқыны қысқы мал азығымен қамтамасыз ету үшін 60-70 мың центнер шөп қажет екенін айтады. Бүгінгі таңда көк шалғынға шалғы салған шаруа егіс алқабының 1200 гектар жерін шауып, оның 800 гектарын бастырып үлгерген. Ал 360 гектар жерден шабылған жоңышқадан қысқы мал азығы ретінде 6 мың тонна пішендеме дайындалған екен.
— Биыл шөп бітік шықты. Былтырғы қуаңшылықта біраз мал басын азайтқан едік. Себебі олардың қысқы жемшөбі үлкен мәселе болды. Ал енді осы жылы көңіліміз тоқ. Тек ауа райы бұзылмай тұрса екен. Онсыз да бұған дейін жиі түскен жауын-шашын жұмысқа біраз кедергі келтірді. Әдетте мал азығын дайындау шілде мен тамыз айларында аяқталатын. Себебі осы уақыт аралығында үлгермей қалсаң, әрі қарай шөп қурап, бойындағы нәрі азаяды. Сондықтан шабындыққа ертерек қамданған жөн. Осы жылы шөп көп, құнарлы әрі қою. Енді уақытылы шауып, жинап алып үлгеру керек, — дейді шаруа.
Ел игілігі үшін жасалынып жатқан жұмыстардың жүйелі атқарылғаны бәріміз үшін маңызды мәселе. Сондықтан да шөп шабу жұмыстарының дер кезінде аяқталуына атсалысып, күннің аптап ыстығына қарамастан дала төсінде жүрген диқаншылардың жұмыстарына сәттілік тілейік!
А.МҰҚЫШЕВ.