Photo Valeriy BUGAYEV

Апта басында облыс орталығындағы Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында педагогтердің дәстүрлі тамыз кеңесі өтті. «Digital Kazakhstan: заманауи білім беру» тақырыбын арқау еткен дәстүрлі жиынға аймағымыздың түкпір-түкпірінен келген ұлағатты ұстаздар қауымы қатысты. Ауқымды жиында өткен оқу жылы қорытындыланып, білім беру саласына енгізіліп жатқан жаңашылдықтар таныстырылды.

 

Балабақша, мектеп жаңаруда

Жаңа оқу жылындағы жаңашылдық сөз етілген шараға облыс әкімі Асайын Байханов, облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина, облыстық білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнәр Үздембаева, IT талдаушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Болашақ» халықаралық бағдарламасының түлегі Тимур Бектұр, «ЕдуКранч» компаниясының негізін қалаушы Нұрлан Қиясов қатысты. Құрметті меймандар  өз салалары бойынша арнайы баяндама жасап, білім саласын цифрландырудың маңыз-дылығына тоқталып,  заманауи білім алудың негізгі тетіктерін сөз етті. Құрметті меймандар инновациялық оқыту, білім беру саласындағы цифрлық технологияларды дамыту және оларды заманауи оқыту үдерістеріне енгізу мәселелерін  талқылады.

Жиында аймағымыздың бас ұстазы Самал Оспанқызы өткен оқу жылында мұғалімдер мен оқушылардың білім беру саласында жеткен жетістіктеріне тоқталды. Оның айтуынша, ҚР білім беру жүйесінің жай-күйі мен дамуы туралы баяндамада Павлодар облысының білім беру жүйесі көшбасшылық қатарда екені айтылған. Мұндай көрсеткіш 4 жыл қатарынан орын алуда. Мұнымен қоса, мектепке дейінгі, орта және техникалық кәсіптік білім беру деңгейлері бойынша да облыс көшбасшылар үштігінің қатарына кірген.

— Білім беру жүйесінде жүзеге асырылуы тиіс негізгі бағыттарға тоқталып өтейін. Біріншіден, балаларды мектепке дейінгі білім беру мекемелерімен қамту. Балабақшадағы сапалы білім мен тәрбие балалардың мектепке деген дайындық деңгейін қалыптастырады. Білім сапасын бағалайтын PISA-2022 халықаралық бағдарламасына сүйенсек, мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндер оқуда жоғары нәтижеге ие болуда. Он жыл көлемінде 3-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту мәселесі 100 пайыз шешіліп келеді. Ал 2-6 жас аралығындағы сәбилерді мектепке дейінгі білім беру мекемесімен қамту көрсеткіші 93,1 пайызға жетіп отыр. Бұл да өте жоғары көрсеткіш.

Биыл облыста 2 мектепке дейінгі білім беру мекемесі ашылды. Жыл соңына дейін тағы 3 мекеме ашу жоспарланған. Оның екеуі облыс орталығында, тағы біреуі Ақтоғай ауданында бой көтеруде. Сонымен қатар, ағымдағы жылы Ақсу қаласы, Павлодар және Аққулы аудандарындағы балабақшалар қайта жандануда. Келесі жылы тағы 5 балабақша қайта жөндеуден өткізіледі, — деді Самал Айтқазина.

Самал Оспанқызы екінші бағыт – инфрақұрылымдық мәселелерді шешу ісін атап өтті. Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша облыста апаттық жағдайдағы мектептердің мәселесі толық шешілген. Инвес-торлар мен жергілікті бюджет есебінен Баянауыл, Железин және Павлодар аудандарындағы апаттық жағдайдағы 3 білім ордасы жаңа мектепке айналған. Алдағы оқу жылында аудандарда тағы 2 мектеп бой көтермек. Соңғы 4 жыл ішінде үш ауысымды мектеп саны 11 мекемеден 6-ға азайған. Жаңа оқу жылында 118 мың оқушы мектепте білім алады деп жоспарланған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2 мың балаға көп.

 

Үздік олимпиада командасы атанды

Үшінші мәселе – білім беру жүйесінің сапасын арттыру. 1 қыркүй-ектен бастап нысаналы мектептермен жеке жұмыс жүргізіледі, онда педагогтерді оқытуға және 14 мектепте білім сапасын арттыруға ерекше назар аударылады. Облыста 360 мектеп бар. Оның 85-і қалалық жерде, 275-сі ауылдық жерде орналасқан.

— 2023-2024 оқу жылында пәндер бойынша өткізілетін  республикалық олимпиадада Павлодар облысының командасы І орынға ие болып, «Үздік олимпиада командасы -2024» атағына ие болды. Бұл ретте №8 мектеп-лицейінің оқушысы Ринат Елеусізов Менделеев атындағы химия олимпиадасында алтын медальға ие болды. Аталған олимпиадада Қазақстан соңғы рет 2017 жылы алтын жеңіп алған болатын. Сондықтан оқушымыздың жетістігімен мақтанамыз. Сонымен қатар, осы  мектептің оқушысы Владимир Роговский Дүниежүзілік математика олимпиадасында екі жыл қатарынан қола медаль иеленді. Жалпы, өткен оқу жылында оқушыларымыз республикалық, халықаралық олимпадаларға қатысып, 265 медальді жеңіп алды, — деді С.Айтқазина.

Самал Оспанқызы білім беру саласын цифрландыру мәселесіне ерекше көңіл бөлініп жатқанын атап өтті. Тамыз кеңесінің арқау еткен тақырыбы да — соның бір дәлелі. Оның сөзіне сүйенсек, ұстаздар қауымы «Күнделік» цифрлық журналын жүргізеді. Аттестациядан өту үшін «Е-портфолио» жүйесі арқылы қажетті құжаттарды жолдайды. Оқушылар үшін электронды оқулықтар әзірленіп, үй тапсырмалары орналастырылған.

Қазіргі уақытта облыстағы барлық мектепті интернет желісімен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Облыстағы 360 мектептің 275-сінде  ғаламтор қосылған. Бұл көрсеткіш 75 пайызды құрайды. Өткен оқу жылында білім ордаларының интернетпен қамту деңгейі 35 пайызды құраған. Қалған ауылдық мектептерді жоғары сапалы Starlink интернетімен қамту келесі жылы жалғасын табады.

 

Бала құқығы қорғалады

Төртінші бағыт – бала құқығын қорғау. Жаңа оқу жылында еліміз бойынша «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы жүзеге асырылатын болады. Балалардың білімін жетілдіру мақсатында қосымша білім беру жүйесі іске асырылып келеді. Бүгінде оқушылардың қосымша біліммен қамтылу деңгейі 98,4 пайызға жетіп отыр.

Ең басты мәселенің қатарында ерекше күтімді қажет ететін балалармен жұмыс жүргізу ісі де бар. Облыста 8159 бала ерекше күтімге мұқтаж. Оның ішінде 5098 оқушы инклюзивті білім берумен қамтылған. Бүгінде 10 инклюзивті қолдау кабинеті жұмыс істейді, 71 педагог-ассистент қызметіне орын белгіленді. Сонымен қатар, Ақсу және Екібастұз қалаларында инклюзивті білім беруді қолдау бойынша 2 кабинет ашылады.

— Бесінші бағыт – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту. Облыста маман даярлау мақсатында 42 колледж жұмыс істейді. Соңғы 3 жылдың ішінде колледж студенттерінің саны
5 мыңға артты. Ағымдағы жылы колледждерде тегін оқуға 6200 орын бөлінді. Бұл 3 жыл бұрынғы көрсеткіштен 37%-ға артық.

3 колледж базасында жеке іспен айналысу үшін шағын кәсіпорындар ашылды, 15 колледж білімді табысқа айналдырумен айналысады. Өткен оқу жылында колледждер ақылы қызмет көрсету және өнімді сату бойынша жалпы сомасы 103,5 млн теңге табысқа ие болды.

Жаңа оқу жылында ұстаздар қауымына зор жауапкершілік артылып отыр. Әріптестеріме толағай табыс, еңбектеріне жеміс тілеймін, — деді Самал Оспанқызы.

 

Мектептер интернетпен қамтылады

Ауқымды шараға қатысқан облыс әкімі Асайын Байханов балалардың сапалы білім алуына тең мүмкіндіктер жасау, білім алуда ауыл мен қала оқушылары арасындағы алшақтықты азайту —  қазіргі білім берудің басты міндеті екенін атап өтті. Ол үшін жыл сайын аймақтағы білім беру мекемелерінің инфрақұрылымын жақсартуға 10 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді. Биыл цифрлық зертханалар мен IT-үйірмелер жұмыс істейтін жаңа қосымша білім беру орталықтары іске қосылады. Павлодардағы «Алтын сақа» және Екібастұздағы «Самғау» орталықтарында оқушылар цифрлық білімдерін  арттырып, жаңа жобаларды жүзеге асыратын болады.

Аймақ басшысы балалардың қауіпсіздігіне, жас қолданушыларды кибербуллингтен, парақшаларды бұзудан және жеке деректерін қорғау мәселесін назарға алуды тапсырды.

— Біз балаларға «цифрлық гигиена» ережелерін үйретуіміз керек. Жаңа оқу жылынан бастап мектеп факультативтерінің бағдарламаларына ақпаратты қорғау және интернетте өзін-өзі ұстау негіздерін түсіндіретін киберқауіпсіздік бойынша семинарларды қосуды тапсырамын. Әр баланың жеке мәліметі қорғалуы тиіс, — деді Асайын Қуандықұлы.

Облыс әкімі ата-аналар мен оқушылар арасында цифрлық сауаттылықты арттырудың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда мектептердегі интернет сапасы екі есеге артты. Жоғары жылдамдықты  Starlink интернетімен облыстағы 119 мектептің 33-і қамтылған. Келесі жылы мұндай ауқымды жұмыс қалған 86 ауылдық мектептерде жүргізіледі деп жоспарлануда.

 

Сала үздіктері марапатталды

Дәстүрлі «Тамыз кеңесінде» өткен оқу жылында білім беру саласы бойынша үздік нәтиже көрсеткен үстаздар қауымы марапатқа ие болды. Бұл ретте  4 педагог «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. 5 мұғалімге «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен, 5 ұстаз «Білім беру ісінің құрметті қызметкері төсбел-гісіне ие болды. Тағы 8 педагогке «Еңбек ардагері» медалі табысталды. 3 мұғалім облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Ал Май ауданы Малайсары орта мектебі облыстық «Ең үздік орта білім беру ұйымы» конкур-сының жеңімпазы атанды. Мектеп ұжымына 64 млн теңгенің сертификаты табыс-талды. Ал Павлодар қаласының № 33 сәбилер бақшасы, Ертіс ауданы Ұзынсу мектебі, Екібастұз қаласы «Қайнар» білім беру және бос уақытты қамту кешені, Ертіс аграрлық-техникалық колледжі  оқытуда және тәрбиелеуде жоғары жетістікке жеткені үшін Павлодар облысы әкімінің арнайы грантына ие болды. Аталған білім беру мекемелеріне материалдық-техникалық базаны нығайту үшін 50 млн теңгенің сертификаты табыс етілді.

Шара оқушылар ұсынған шағын концертпен жалғасты.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.