Облысқа табиғи газ тарту мәселесі көптен бері көтеріліп келеді. Себебі, облыс тұрғындарына көгілдір отын ауадай қажет. Табиғат сыйы халыққа ғана емес, инвесторларға да керек. Заманауи технологияның барлығы дерлік газ арқылы жұмыс істейтіні белгілі. Сонымен, өңірді газдандыру жұмыстары қашан қолға алынбақ?

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиыны барысында Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Иманзайыпов өңірді газдандырудың болжамды мерзімін атап, бүгінгі таңда бұл мәселе бойынша жұмыс тобының құрылғанын, оның құрамына Энергетика министрлігі, жергілікті атқарушы органдар, «QazaqGas» және түрлі жобалау институттарының өкілдері кіргенін айтты. Оның мәліметінше, орта мерзімді перспективада 2030 жылға дейін Павлодар облысына табиғи газ жеткізілуі тиіс.

— Павлодар облысындағы газды тұтынудың болжамды көлемін талқылау бойынша жұмыс тобының бірінші отырысы сәуір айында өтті. Бұдан кейін тұрғындар мен өнеркәсіптік тұтынушылардың газды тұтынуына есептеулер жүргізілді. Облыстық газдандыру схемасының бастапқы нұсқасында магистральдік транзиттік газ құбыры төрт аудан мен Павлодар аумағы арқылы өтеді. Алайда біз бұл нұсқамен келіспедік. Нәтижесінде барлық 10 аудан мен 3 қаланы қамтитын облыстық газдандыру схемасына өзгерістер енгізілді. Жалпы, газдандыру Павлодар облысына қосымша инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Маңызды фактор аймақтағы экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталмақ. Сонымен қатар, газдандыру жылу энергиясының тапшылығы мен энергия желілеріндегі жүктемені өтеуге көмектеседі. Облысты газдандырудың болжамды мерзімі 2030 жылға жоспарланып отыр, — деді Е.Иманзайыпов.

Бұдан басқа, басқарма басшысы электрмен жабдықтау саласында оң өзгерістер орын алғанын, желілердің тозуын азайту мақсатында жыл сайын облыстың энергия беруші кәсіпорындары электр желілерін қайта жаңарту, жаңғырту, күрделі және ағымдағы жөндеу және қосалқы станциялардың электр жабдықтары бойынша инвестициялық іс-шараларды жүзеге асырып жатқанын жеткізді.

— Басқарма Павлодар облысының электрмен жабдықтау желілерін қайта жаңарту және жаңғырту бойынша 2025-2026 жылдарға арналған «Жол картасын» әзірлеуге бастамашылық етті. Бұл уақытта «Жол картасын» іске асыру 80 елді мекенге немесе 98 мың тұтынушыға әсер ететін болады. «Жол картасын» орындау қорытындысы бойынша тұтынушылардың апаттық өшірулер саны 1042 немесе 40 пайызға азаяды. Сондай-ақ, Павлодар облысының жылумен жабдықтау жұмыстары кезең-кезеңімен іске асып келеді. Жылу желілерінің тозуын азайту және жаңғырту мақсатында 2023 жылы облыстың үш қаласында техникалық аудит жүргізілді. Бірінші жартыжылдықта басқарма аудит ұсынымы бойынша Павлодар және Екібастұз қалаларында жылумен жабдықтау проблемаларын шешу бойынша «Жол картасын» әзірледі және Павлодар облысының әкімдігі «ОАЭК» — пен бірлесіп бекітті. «Жол картасы» — жылу көздерін жаңғырту жөніндегі іс-шараларды, сондай-ақ, ұзындығы кемінде 25 шақырымды құрайтын магистральдік және орамішілік жылу желілерін жыл сайын қайта жаңартуды көздейді. Павлодар қаласында бүгінгі күні жалпы ұзындығы 2,5 шақырым «ТМ-13» жылумен жабдықтау бойынша 1 жоба іске асырылуда. Екібастұз қаласында 2024 жылы 2023 жылдан ауыспалы жоба аяқталды. Жалпы ұзындығы 3,5 шақырымдық «ТМ-7/1» құрылысы, сондай-ақ, жалпы ұзындығы 3,9 шақырым болатын «ТМ-1» және «ТМ-3» қайта жаңарту бойынша 2 жоба іске асырылуда. Ал Ақсу қаласында ағымдағы жылы жалпы ұзындығы 4,3 шақырымды құрайтын Ақсу қаласының №3,5,8 шағын аудандарында орамішілік жылу желілерін қайта жаңарту бойынша 1 жоба іске асырылуда, — деп толықтырды ол.

Сонымен қатар, брифинг барысында Ержан Иманзайыпов облыс бойынша ауылдық елді мекендерді таза ауызсумен жабдықтау жұмыстары қалай жүзеге асып жатқанын атап өтті. Айтуынша, облыста барлығы 352 ауылдық елді мекен бар. Қазіргі уақытта орталықтандырылған сумен жабдықтауға қолжетімділік 228 елді мекен (93,5 пайыз) үшін қамтамасыз етілген. Ал 94 елді мекенде кешенді блок-модульдер орнатылған және 4 елді мекенде топтық су құбырынан (5,2 пайыз) бағандар бар.

— Облыс бойынша орталықтандырылған таза ауызсу жеткізілмей қалған 26 елді мекеннің тұрғындары суды құдықтан алады. Оларды таза ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында басқарма іс-шаралар жоспарын әзірледі. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында ауылдық елді мекендерді таза ауызсумен қамтамасыз ету көрсеткіші 98,2 пайыздан 98,7 пайызға дейін өсті. Мәселен, Баянауыл ауданына қарасты Жалғызқайың, Күркелі және Сәтбаев ауылдары, Павлодар ауданына қарасты Қаракөл, Тереңкөл ауданының Қызылтаң, Ақтоғай ауданының Барлыбай ауылдарында су құбырларын салу жобалары іске асырылды, — деді ол.

А.МҰҚЫШЕВ.