ҚР Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда қабылданды. Биыл Ата Заңымызға — 29 жыл. Еліміздің бас құжатына тәуелсіздік жылдары бірнеше рет өзгеріс енгізілді. Соңғы түзетулер 2022 жылы 5 маусымда бүкілхалықтық референдум арқылы енгізілген болатын. Референдум аясында қолға алынған түзетулер мен өзгертулер қандай нәтиже берді?

Жалпыұлттық социал-демокра-тиялық партиясы Павлодар облыстық филиалының төрағасы, заңгер Серік Жолдасбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өткізілген бүкілхалықтық референдум еліміз үшін маңызды шешім болғанын айтады.

Заңгердің сөзіне сүйенсек, ауқымды шарада 33 бапқа 56 түзету енгізілді. Бұл ретте Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік формаға көшті. Президент — саяси партияның мүшесі емес. Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екені айқындалды. Президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор субъектісі басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы жоқ екені бекітілді. Қазақстандықтар өз бетінше Конституциялық сотқа жүгіне алады, өлім жазасына тыйым салынды. Ешкімнің адам өмірін қиюға құқығы жоқ екені заңда көрініс тапты. Сонымен қатар, 2022 жылғы референдумнан соң Мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша құрылып келеді. Мажоритарлық жүйе депутатты сайлаушылардың қалауы бойынша шақыртып алуға мүмкіндік берді. Тұңғыш президенттің ерекше рөлі мен артықшылықтары туралы ережелер алынып тасталды.

— Референдумда енгізілген жаңашылдықтар Парламенттің жауапкершілігін күшейтті. Тәуелсіз елдің болашағы жарқын болуы үшін Парламент құрамы да мықты болуы тиіс. Сонда ғана қоғамда әділдік орнайды.

Мәжілістің 30 пайызы, облыстық мәслихат депутаттарының жартысы, аудандық мәслихат депутаттарының барлығы бірмандатты округ бойынша сайланады. Соның нәтижесінде өкілді органдар шынайы халық билігі тармағына айналады. Заңнамадағы өзгерістерге сәйкес, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері де сайланады. Түптеп келгенде, бұл қадамдар халықтың әл-ауқатын арттыруға және еліміздің болашағын баянды етуге ықпал етуде. Уақыт талабына сай енгізілген өзгерістер мен толықтырулар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының даңғыл жолына түскендігін, тәуелсіз еліміздің болашағының жарқын, ұстанған бағытының кемел екендігін көрсетеді, — дейді Серік Жолдасбаев.

А.АСҚАРҚЫЗЫ.