????????????????????????????????????

Кеншілер шаһарында балалардың ойын және спорт алаң-дарын орнатып, оларды жаңарту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. Бүгінде көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын-дағы жаңа алаңдарда балалар асыр салып ойнап жүр.

Биыл облыс әкімі Асайын Байхановтың тікелей қолдауымен қалада 50 ойын алаңы, 20 футбол алаңы, 6 стрит-воркаут, 5 стритбол алаңы салынып, 10 хоккей корты жаңартылмақ. Бірнеше аулада бұл бағыттағы жұмыстар аяқталды. Атқарылған істердің нәтижесін шаһар басшысы Аян Бейсекин тексерді.

Айталық, Әуезов көшесі, 21/1 мекенжайында биыл футбол алаңы орнатылды. Таяу уақытта мамандар хоккей кортын жаңартуға кіріседі. Балалар мұнда қыста хоккей ойнаса, жазда роллер тебетін алаңға айналады. Бұл ретте қала әкімі кішкентай тұрғындармен тілдесіп, ұл-қыздардың пікірін де ескерді. Алдағы уақытта мұнда басқа ойындарға арналған алаңдар да қарастырылуы мүмкін. Сонымен қатар, коммуналдық шаруашылыққа жауапты мамандар ауладағы сахнаны ретке келтірмек.

— Ал Бауыржан Момышұлы, 38 мекен-жайындағы балалар алаңын орнату жұмыстары 90 пайызға аяқталды. Мердігер компанияға қысқа уақыт аралығында жетпейтін элементтерді, орындықтар мен қоқыс жәшіктерін орнатуды тапсырдым, — дейді А.Бейсекин.

Сол сияқты М.Әуезов көшесі, 167 ауласында жаңа футбол алаңы пайдалануға берілді. Шаһар басшысы мұндағы жұмыстар сапалы атқарылғанын атап өтті. Жалпы, барлық жаңа футбол алаңында бұрынғы торлардан анағұрлым сапалы қоршаулар қолданылуда. Сондықтан олар спортты серік еткен балғындарға ұзақ мерзім қызмет етеді деген сенім бар.

 

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.