Photo Valeriy BUGAYEV

Биыл облыста шыбын-шіркейді өңдеуге қарсы жұмыстар жүйелі жүргізіліп, жоғары тиімділік көрсетті. Дей тұрғанмен, жекелеген аудандардағы кейбір ауылдық аймақтарда қансорғыштардың тұрғындарға қолайсыздық тудырғаны байқалды. Ал Екібастұз қаласында дезинсекциялық шаралар әлі де жалғасуда. Бұған не себеп?

Облыс әкімдігінде аймақ басшысы Асайын Байхановтың төраға-лығымен өткен жиын барысында биылғы шыбын-шіркеймен күрес жұмыстарының қорытындылары шығарылып, келесі жылға белгіленген жоспар талқыланды.

Айта кетейік, өңірде дезинсекциялық жұмыстар үш тәсілмен — әуе, өзен және тосқауыл тәсілі арқылы жүргізілді. 4 сәуірден бастап дернәсілдердің даму кезеңдері фенологиялық бақылауға алынды. Алғашқы жаяу өңдеу жұмыстары 23 сәуірден басталды. Ал 27 сәуірде мамандар әуеден өңдеу жұмыста-рына кірісті. Соның барысында 8 әуе борты 327 мәрте әуеге көтеріліп, 127 мың гектар алқап өңделді. Мұндай жұмыстарды жүргізу мүмкін болмаған 3,3 мың гектар алқап аспалы бүріккіштермен жаяу өңделді. Павлодар және Ақсу қалаларының жайылмаларында әуеден өңдеу жұмыстарының тиімділігі 91 пайыз және облыстың солтүстік аудандарында 83 пайызды құрады. Мамандардың айтуынша, бұл өңірдегі су шаруашылығы жағдайына байланысты болды. Жоспарланған 6,2 текше шақырым көлемнен жалпы жіберілген судың көлемі 6,7 текше шақырым құрап, жайылма алқабының 80 пайыздан астамын су басты. Сондай-ақ, Ертіс өзенінің жоғарғы ағысында жауын-шашынның көп түсуі мен өзеннің бүйірлік ағыны табиғатты қорғау мақсатында жіберілетін ағындардың аяқталуына да кері әсерін тигізді. Мәселен, Шүлбі су қоймасынан шығатын су шығыны, тіпті, табиғатты қорғау мақсатында жіберілген су тоқтағаннан кейін де үнемі 1800-ден 1250 м3/с-қа дейінгі деңгейде болды. Мұның барлығы шіркейлердің дамуына айтарлықтай түзетулер енгізді. Облыста алғаш рет жайылманың өзінде шіркей дернәсілдерінің дамуы мен көбеюі байқалды. Ал әдеттегі негізгі дамуы облыстың оңтүстігінде емес, төменгі ағысында, жекелеген арналарда болды. Шіркейге қатысты шағымдардың басым көпшілігі Ертіс және Железин аудандарының ауылдарынан келіп түсті.

— Биыл шыбын-шіркейдің жағдайы өткен жылға қарағанда әлдеқайда күрделі болғанын бәріміз көрдік. Соған қарамастан, жұмыстар тиімді жүргізілгенін атап өткен жөн. Уақытылы жүргізілген іс-шаралардың және Ертістің 11,5 мың гектар жайылма алқабын қосымша көлденеңнен
30 мәрте әуеден өңдеудің нәтиже-сінде біз 2016 жылғы маусымның қайталануына жол бермедік. Ол кезде облыс орталығында төтенше жағдай режимін енгізуді жоспарланған еді, — деді Асайын Байханов.

Жалпы, биылғы жұмыстардың қорытындысы бойынша өзенді өңдеудің орташа тиімділігі
86,1 пайызды құрады. 29 мамыр мен 27 маусым аралығында шіркей дернәсілдеріне қарсы өзен үш рет өңделді. Сол аралықта 305 мың литр биопрепарат құйылып, нәтижесінде шыбын-шіркей дернәсілдерінің саны 1 дм2-ге 1700-ден 80 данаға дейін азайды. Ертістің оң және сол жағалауларын теміржол көпірінен Усолка шағын ауданына дейін күнделікті тосқауылмен өңдеу 13 мамырдан, бір күннен кейін ауылдық жерлерде басталды. 20 шілдеге дейін барлығы 50 мыңнан астам адам тұратын жағалау бойындағы 59 елді мекен қамтылды. Бүгінгі күні дезинсекция бойынша жоспарланған барлық іс-шаралар Павлодар, Ақсу және аудандарда толық көлемде аяқталды. Екібастұзда өңдеу жұмыстары жалғасуда.

— Екібастұз қаласында әлі күнге дейін шыбын-шіркей жойылған жоқ. Маған №15, 19, 20 және 22 шағын аудандарының, Солнечный мен Шідерті кенттерінің тұрғындарынан үнемі шағымдар келіп түседі. Бұл қалалық мердігер жұмысының тиімсіздігін көрсетеді. Қала басшылығына осы бағытқа жетекшілік ететін менің орынбасарыммен және облыстық басқармамен бірлесіп, Екібастұздағы жұмыс тәсілдерін қайта қарауды, олардың қажетті көлемін есептеп, тиімді алгоритм әзірлеуді тапсырамын, — деді аймақ басшысы.

Осы жылғы шыбын-шіркеймен күрес жұмыстарын қорытындылай келе және алдағы жылы су шаруашылығы режимінің қайталануының болжамды тәуекелдерін бағалай отырып, мамандар 2025 жылы әуеден өңдеу алқабын 172 мың гектарға дейін ұлғайту туралы ұсыныс енгізді. Жұмыс жоспарына Ақсудың ауылдық аймағының солтүстік бөлігінің бұрын өңделмеген 15 мың гектар учаскесін және Ертіс жайылма алқабының қосымша 30 мың гектарын қосу жоспарлануда.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Суретті түсірген — Валерий Бугаев.