Аймағымызда ҚР Конституция күні жоғары деңгейде аталып өтті. Айтулы мерекеде Павлодар қаласының тұрғындары мен қонақтары мән-маңызы жоғары бірнеше оқиғаның куәсі болды.

«Бірлік керуені» жолға шықты

30 тамызда аймағымыздан «Бірлік керуені» V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатысу үшін Астана қаласына жолға шықты. Айтулы шараға облыс әкімі Асайын Байханов, Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков, басқарма басшылары, қоғам белсенділері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Облыс жұртшылығы байрақты бәсекеге аттанған «Бірлік керуенін» қошеметпен шығарып салды.

Керуен сапары талай ұлыларды дүниеге әкелген Баянауыл ауданынан бастау алды. Торайғыр ауылындағы Әулие бұлақтан көшпенділер ойындарының басты нышаны және негізгі элементі – қасиетті су алынды. Әр облыстан
жолға шыққан делегация торсыққа құйылған суды Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында тайқазанға құяды. Бұл елдің бірлігін, тұтастығын және өзара ынтымақтастығын көрсетеді.  Аймағымызда бұл рәсімді белгілі спортшы, ұлттық спорт клубының төрағасы Дархан Жоламанов орындады.

Торсықпен алынған су Конституция күні «Еrtis Promenade» сахнасына әкелінді. Халықаралық додаға аттанғалы тұрған Ертіс-Баян өңірінің аймақтық керуені мен аймақтың аманатын Астанаға жеткізетін азаматтар сән-салтанатымен шығып, ақсақалдар ақ батасын берді.

— Қазақта су — тіршілік нәрі деп есептеледі. Осыған орай Торайғыр ауылында Әулиебұлақтың басына барып, су алу рәсімін өткіздік. Батырдың рөлін сомдау шарасы маған бұйырды. Байрақты бәсекеге қатысу үшін бұлақтан торсықпен су алдым. 8 қыркүйекте  бұл су қазақтың тайқазанына құйылады. Жалпы, маңызды шараның алғашқы күні еліміздің барлық аймағынан келген батырлар қасиетті су толты-рылған торсықтарды ұстап шығады. Ақсақалдарымыздың батасын алып, Астанаға жолға аттандық, — деді Д.Жоламанов.

Әлем елдері жиналатын дүбірлі додада ел намысын қорғайтын жерлестерімізге жеңіс тілейміз!

 

Рекорд орнатты!

Конституция мерекесінде Павлодарда еліміз бойынша бұрын-соңды болмаған ерекше жоба жүзеге асырылды. Бұл күні
100 оқушы домбырада ортекемен күй шертіп, Қазақстанның рекордтар кітабына енді.

Бір мезетте 100 домбырашы ортекелерді билетіп, Ертіс жағасын күмбірлеген күйге бөледі.

«Ортеке» арнайы жасалған тұғырға орнатылып, домбырашының саусағына жіппен байланады. Күйші аспапта ойнай бастағанда, домбыра шерткен саусақтардың қозғалысымен қуыршақ та тықылдап билей жөнеледі.

Былтыр ортеке ЮНЕСКО-ның материалдық емес құндылықтар тізіміне қосылған болатын. Бұл да — ұлттық мәдениетіміздің мәйектерін әлем мойындай бастағанының көрінісі. Ортекеден Қазақстан рекордын орнату идеясын Павлодар қаласының әкімдігі ұсынған.

— Ортекені жастар арасында, соның ішінде оқушыларға таныту мақсатында Конституция күніне орай әрі Дүниежүзілік көшпенділер ойыны қарсаңында 100 жас домбырашыны шақырып, осындай игі мәдени шараны ұйымдастырудың сәті түсті. Бұл жерде кәсіби домбырашыларды да тартуға болар еді. Дейтұрғанмен, таңдауымыз өнерде жолын енді бастап жатқан жас өрендерге түсті. Әкімдіктің тапсырыс беруімен шеберлер 100 ортекені арнайы жасап берді. Бұл бұйымдар кейін жергілікті музыкалық мектептер мен музыкалық колледжге, өзге мектептер мен балалар клубтарындағы домбыра үйірмелеріне таратып беріледі, — дейді Павлодар қаласы әкімінің кеңесшісі Данияр Жұмаділов.

Жас домбырашылардың өнерін жергілікті көрермен Ертіс өзені жағалауында орналасқан «Ertis Promenade» сахнасында тамашалады. Қазақстан рекордын орнатуға Павлодар қаласындағы Құрманғазы атындағы балалар музыка мектебі, музыкалық колледж-дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернат кешені, «Жігер» балалар-жасөспірімдер клубының өнерпаздары қатысты.

Музыкалық колледж-дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернат кешенінің басшысы Серік Сыздықовтың сөзінше, ортеке — күйшілік өнердегі тартымдылық әрі көрнекілік үшін қолданылатын жанр.

— Күйшілік өнерде жүрген шебер домбырашылар ортекені көнеден бері шебер билете білген. Екінші жағынан балаларға арналған шығармаларды дәріптеу үшін таптырмас өнер түрі. Халқымыздың табиғатқа жақындығын, жабайы жануарларға деген қамқорлығын танытатын ерекшелігі де бар. Білім беру ұйымдары өнерлі балалардың басын қосып, ортекелерді билете отырып, «Қаражорға», «Салкүрең», «Секіртпе» күйлерін сахнада сәтті орындап шықты. Мұндай рекордқа көшпенділер ойыны қарсаңында қол жеткізіп отырғанымызға қуаныштымыз. Ертістің Павлодар өңірі үшін бұл — тарихи іс-шара, —
дейді Серік Қасымханұлы.

Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі Қуандық Құдайбергенов жоғарыда аталған мектептерге сертификат табыстау үшін Астана қаласынан арнайы келді. Құрметті мейман павлодарлықтарды жаңа рекордпен құттықтап, мектеп өкілдеріне сертификаттар табыс етті.

— Айтулы мерекеге Алматыдағы сарапшылар кеңесі отырысының шешімімен арнайы келіп отырмыз. Бұл жоба бұрын қайталанбаған, ресми түрде тіркелмеген. Сондықтан КИНЭС Қазақстан рекордтар кітабының төл төрінен орын алып отыр, –
деді Қуандық  Құдайбергенов.

 

Өнер жұлдыздары құттықтады

«Ertis Promenade» сахнасында бірнеше мән-маңызы жоғары шара-
ның куәсі болған жұртшылық назарына жергілікті және Қазақстан эстрада жұлдыздарының қатысуымен шоу-бағдарлама ұсынылды.

Бұл күні Орталық жағалауға ондаған мың халық жиналғанын атап өткен жөн. Олар үшін павлодарлық өнерпаздар сондай-ақ, Sadraddin, Ayree және «Алатау серілері» өнер көрсетіп, әннен шашу шашты. Қала тұрғындары мен қонақтары өнер жұлдыздарымен бірге ән шырқап, көңілдерін көтерді.

 

Әсет ЖАҒЫПАРОВ, Павлодар қаласының тұрғыны:

— Конституция күніне арналған концерт ерекше ұнады. Орталық жағалауға отбасымызбен келдік. Мерекелік шараны соңына дейін тамашаладық. Қазақстан эстрада жұлдыздары халыққа тамаша демалыс сыйлады. Жалпы, әр демалыс сайын «Ertis Promenade» сахнасы жұртшылықтың демалыс орнына айналды.

 

Айсұлу АХМЕТОВА, Екібастұз қаласының тұрғыны:

— Биыл студент атанып, анаммен Екібастаұз қаласынан оқуға келдім. Жатақханада құжаттарымды реттеп, орталық жағалауға келдік. Анам екеуімізге сахна қатты ұнады. Өз басым сүйікті әншілерім — Sadraddin, Ayree-ді көру үшін келген едім. Эстрада жұлдыздары жастарға тамаша көңіл-күй сыйлады.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.