Биыл облыста аудандық, облыстық маңызы бар және елді мекендердің кіреберісін қамтыған 616 шақырым жол жөндеуден өтіп жатыр. Бұл бағытқа 34 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінген. Жұмыстардың 82 пайызы аяқталды.
Бұл туралы облыстық жолау-шылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Нариман Омар Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады.
— Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекендердің көшелерін жөндеу бойынша 206 жоба іске асырылуда. Биылғы жылы Екібастұз қаласының ауылдық аймағы мен Ақтоғай ауданын байланыстыратын ұзындығы 40 шақырым болатын ГРЭС 1-Басқамыс-Разумовка автожолын қайта жаңарту аяқталады. Бұл жоба Екібастұз қаласына баратын Ертіс және Ақтоғай аудандары тұрғындарының жолын 100 шақырымға дейін қысқартты, — дейді Нариман Ерғанатұлы.
Басқарма өкілінің айтуынша, облыс әкімі тарапынан алдағы үш жылдың ішінде облысқа қарасты барлық ауылдардың кіреберіс жолдарын жаңарту жоспары жүктелген. Аталған жоба бойынша биыл 40 ауылдық кіреберісі жөнделсе, алдағы екі жылда 63 ауыл қамтылады.
— Барлық жұмыстардың сапасы мамандардың тікелей бақылауында. Біз «Жол активтері сапасының ұлттық орталығымен» келісім-шартқа отырдық. Осы келісімшарт бойынша, орталық мамандары жөндеуден өтетін және жаңа салынатын жолдардың сапасын, мердігерлердің жұмысын жіті бақылауда ұстауға құқылы. Осы жылы өз міндеттерін орындамаған бірнеше мердігер компаниямен келісімшарт бұзылды. Олардың қатарында Ақтоғай ауданы Шілікті ауылының жолын жөндеуге алған мердігер бар. Яғни, жауапты тұлғалар жұмысты уақытында бастаған жоқ деген шағым түскен. Енді олар жауапсыздығы үшін сот алдында жауап беретін болады. Жалпы, жол салатын мердігер компанияларға берілетін гарантиялық мерзімнің уақыты – 4 жыл. Егер осы уақыттың ішінде қандай да бір ақау анықталса, жауапты компания қалпына келтіруге міндетті болады. Мысалы, өткен жылы аяқталған Баянауыл ауданы Теңдік-Ұзынбұлақ жолын биыл мердігерлер қайта жөндеуге міндеттелді, — деді Н.Омар.
Тілеуберді САХАБА.