Былтыр «Ауыл аманаты» жобасы басталды. Жалпы нәтижесі жаман емес. Енді осы жоба аясында тағы бір жаңа тәсілді, яғни, «тауар несиесін» беру мәселесін қарастыру қажет…»
Президент Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан.
Мойылды ауылының тұрғыны Анарбек Жетпіс өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысып, кәсібін кеңейтуде. Бұрыннан жылқы өсірумен айналысатын азамат мемлекеттің қолдауымен мал басын көбейткен. Бие сауып, қымыз сатады. Одан бөлек, бордақылау бағытына да басымдық бере бастапты.
Ол өткен жылы «Керей» жеке кәсіпкерлігін құрып, бағдарлама аясында 8,6 млн теңге төмен пайызды несие алған. Оған 15 бас жылқы сатып алыпты. Бір азаматты еңбекпен қамтып отыр.
— Президент Жолдауында «тауар несиесін» беру жөнінде айтқан екен. Бағдарлама тиімді болса, қатысып, кәсіпті кеңейтуге дайынбыз. Жуырда Қытайға барып, қымыз өндіретін арнайы аппаратпен танысып келдім. Бұл құрылғыда өнім шығарудың барлық циклы қамтылған. Қымызды ашытудан бастап оны бөтелкелерге құйып, қақпағын жауып, сыртына затбелгісін жапсырып бір-ақ шығарады. Яғни, өнімге тауарлық түр береді. Егер бағдарлама осындай құрылғыларды сатып алуға, қымыз өндірісін дамытуға мүмкіндік берсе, қолдауды қолданар едім. Сәйкесінше, сауын биелер басын көбейтуге ден қоямын, — дейді кәсіпкер азамат.
Жалпы, «Ауыл аманаты» бағдар-ламасының тиімді екенін айтады. Тек кейбір тұстар ескерілсе деген бұйымтайын да бүгіп қалмады. Айтуынша, жыл сайын сақтандыру төлеу айтарлықтай салмақ салады. Сондай-ақ, несиені қайтару кестесін ай сайын емес, кейбір бағдарламалардағыдай тоқсанында, жарты жылда бір төлеу мүмкіндігі қарастырылса, дейді.
«Ауыл аманатының» игілігін көрген баянауылдық кәсіпкер, «Айша» ауыл шаруашылығы өнді-рістік кооперативінің және «Отан» шаруа қожалығының басшысы Талғат Акилов те өнімді өңдеуге жағдай жасаудың өзіндік нәтижесі болатынына сенеді. Ол былтыр кооператив негізінде мемлекеттен алған 18,5 млн теңге көлеміндегі жеңілдікті несиеге 53 бас жылқы сатып алыпты. 20 жылдан астам уақыт ет бағытында жұмыс істейтін шаруа биыл төрт түлігіне жем-шөпті өздігінен әзірлеуге бет бұрыпты. Ол үшін техника да сатып алған. Арпа, бидай, шөп түрлерін еккен. Енді суармалы алқапқа көшпек ниетте. Ол үшін жаңбырлата суару машинасын алуға бекініп отыр.
— Мемлекет басшысының ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге, сатуға мүмкіндік туғызу турасындағы ұсынысы өте ұтымды деп санаймын. Әсіресе, аудан орталығына, қалаларға жақын елді мекендердегі кәсіпкерлерге өте тиімді. Біздің ауылымыз — Ұзынбұлақ шалғайда орналасқан. Жартылай фабрикат өндірсек, оны күн сайын жеткізіп тұру қиындық туғызады. Сондықтан қалалар мен аудан орталықтарына жақын ауылдар үшін айтарлықтай тиімді қолдау болатыны сөзсіз. Жалпы, тұрғындар тұтынатын түпкі тауар шығаруға әрқайсымыз ұмтылуымыз қажет, — дейді Талғат Орынбайұлы.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.