Отбасы — шағын мемлекет. Бала өз отбасында ата мен әже, әке мен ананың, бауырларының қарым-қатынасын көріп, солардан үлгі алады. Сондықтан тәрбие бесігі отбасынан басталады. Отбасы мерекесі қарсаңында бір шаңырақ астында балалары мен немерелерінің қызығына бөленіп отырған Аққулы ауданындағы Жиеналиндер отбасы жайлы жазуды жөн көрдік.
Жұмабай мен Гүлбарам Жиеналиндер — екі ұл өсіріп, оларды үйлендіріп, 8 немере сүйіп отырған бақытты ата-әже. Отағасы Жұмабай — жедел жәрдем қызметінде талай жыл еңбек етіп, адал жұмысы үшін жоғары марапаттарға ие болған азамат. Ал жұбайы Гүлбарам Жақыпбекқызы — саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған адам. Жалпы еңбек өтілі 45 жылды құрайды. Бүгінде екеуі де — құрметті демалысқа шығып, немерелерін қызықтап жүрген ата-әже.
Жұмабай мен Гүлбарам Жиеналиндер — Данияр мен Қуаныш есімді екі ұлды тәрбиелеген ата-ана. Бүгінде балалары мен келіндері аналарының жолын қуып, оқушыларды білім нәрімен сусындатуда.
— Балаларым мен келіндерім менің жолымды жалғап, мектепте балаларға сабақ береді. Үлкен ұлым — орыс тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі. Қуаныш есімді балам талай жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істеді. Жетістіктері өте көп. Қазір ол оқушыларға информатика және математика пәнінен сабақ береді. Салтанат есімді келінім аудандық орталықтандырылған кітапханада әдіскер болып жұмыс істейді. Жұлдыз есімді келінім — бастауыш сынып мұғалімі. Бүгінде ұлдарым мен келіндерімнен 8 немере сүйіп отырмыз. Ата-ана үшін балаларының бақытынан асқан қуаныш бар ма? Тұңғыш немерем де ұстаздық жолды қуып, Астана қаласынан оқу бітіріп келді. 4 жыл бұрын мұғалімдер динас-тиясы атанған едік, — дейді Гүлбарам Жақыпбекқызы.
Ұстаздық жолда қажырлы қайрат керек. Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан қалыптасады. Гүлбарам Жиеналина 45 жыл ішінде білім саласында көрсеткен жетістігі үшін талай жетістікке жеткен. Оның ішінде аудандық, облыстық және республикалық марапаттар да жетерлік.
— Мұғалім – мектептің жүрегі. Ұлтты ұстаз тәрбиелейді деген сөз бар. Балаларымның осы жолды өз қалауларымен таңдап, ұрпақ тәрбиесімен айналысып жатқанына марқаямын. Бір дастархан басына жиналғанда да ұрпақ болашағын сөз етеміз. Тәжірибеммен де бөлісемін, — дейді Гүлбарам Жиеналина.
Жиеналиндер отбасы ұлттық салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты берік ұстанатынын атап өту керек. Отанасының сөзінше, отбасында бала өмірге келгенде бесікке бөлеп, қалжа той, тұсау кесу, тілашар сынды дәстүрлер міндетті түрде орындалады. Сонымен қатар, отбасында Наурыз мейрамы ерекше тойланады. Бұл күні дастарханға Наурыз көже мен ұлттық тағамдар міндетті түрде қолдан әзірленіп қойылады.
Жақында Жиеналиндер отбасы «Мерейлі отбасы» байқауында бақ сынады.
— Аудандық ішкі саясат бөлімінің ұсынысымен «Мерейлі отбасы» байқауында бақ сынадық. Аудандық кезеңнен облыстық кезеңге өттік. Нәтижесінде облыстық сайыста лауреат атанып, марапатқа ие болдық. Мемлекет деңгейінде өткізіліп жатқан мұндай сайыстар отбасы мүшелерін ауызбіршілікке, ұйымшылдыққа шақырады. Отағасы екеуіміз балаларымыз бен немерелерімізбен өнер көрсетіп, жеңіске жете білдік, — дейді Гүлбарам Жиеналина.
Гүлбарам Жиеналина жанұяда ер азамат өз міндеті, әйел адам өз міндетін барынша жауапкершілікпен атқарған жағ-дайда отбасы ешқашан құлдыра-майтынын айтады. Бақытын баладан тауып отырған отбасы үшін немеренің ортасында мәз-мейрам болып отыру – үлкен бақыт.
— Баршамызға отбасы күні құтты болсын. Отбасы мықты болғанда мемлекетіміздің де келешегі кемел болады. Әр бала өз отбасында тәлім-тәрбие алуы тиіс. Олар қамқорлықта өсуі үшін ата-ана бір-бірімен тату болуы тиіс. Сонда ғана отбасылық бақыт сақталады, — дейді отанасы.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.