Мемлекеттік тіл — бірліктің белгісі

Мам 22, 2025

Тіл – тек сөздердің жиынтығы емес, ол халықтың мәдениеті мен тарихының айнасы, ұрпақтан-ұрпаққа жететін баға жетпес мұрасы. Әр халықтың тілінде оның ұлт ретінде қалыптасқан жолы, ұлттық құндылықтары мен ұстанымдары сақталған. Мемлекеттік тіл мемлекет ішінде барша азаматтың бірігіп өмір сүріп, өзара түсінісуі үшін аса маңызды рөл атқарады. Ол қоғамның рухани негізін құрайды, ұлттық бірлікті сақтап, оны нығайтуға септігін тигізеді.

Қазақстан үшін мемлекеттік тілдің мәртебесі маңызды, себебі еліміз — көпұлтты және көпмәдениетті мемлекет. Тәуелсіздік алған сәт-тен бастап қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде дамыту міндеті алға қойылды. Бұл шешім тек тіл мәселесін шешумен шектелмейді, ол — халықтың мәдени бірлігі мен ынтымақтастығының негізі. Қазақ тілінің мәртебесі мемлекеттің бірлігін сақтап, халықты ортақ құндылықтар мен мақсаттар айналасында топтастыруға мүмкіндік береді.

Қазақ тілі – қазақ халқының ұлттық болмысын, тарихын, өнерін, философиясын, салт-дәстүрін сақтап келген және бүгінгі күнде де осы құндылықтарды келешек ұрпаққа жеткізуші. Тіл халықтың ішкі дүниесін, оның эмоциялық байлығын білдіреді. Сондықтан мемлекеттік тілдің дұрыс қалыптасуы мен дамуы – қазақ халқының ұлт ретінде өз орнын нығайтуының негізі болып есептеледі.

Мемлекеттік тіл тек тілдік ортада емес, әртүрлі салада қолданылуы тиіс. Әсіресе, білім беру жүйесі, мемле-кеттік басқару, экономика мен мәдениет салаларында қазақ тілінің қолданылуы маңызды. Мемлекеттік тілдің әр салада дамуы қоғамның барлық деңгейінде тілдің өз мәртебесін бекітеді. Бұл қоғам мүшелерінің өзара түсінісуін, ынтымақтастықты қамтамасыз етіп, халықтың ортақ мақсаттарға жетудегі бірлігін арттырады.

Тілдің біріктіруші күш ретіндегі рөлі тарихи тәжірибелерден де көрінеді. Қазақстанның түрлі ұлт өкілдері арасында бірлік пен келісім орнаған тұста мемлекеттік тіл де осы процесс үшін маңызды құрал ретінде қызмет етті. Қазақстанда қазақ тілінің дамуы мен қолданыс аясының кеңеюі азаматтарды, ұлттарды біріктіріп, ортақ мәдени орта құруға мүмкіндік береді. Бұл мемлекеттің тұрақтылығы мен дамуына оң әсер етеді.

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аталып өтуде. Осы маңызды мерейтой этносаралық татулық пен бірліктің аясында ұлттық құндылықтарды насихаттаудың орны ерекше екенін тағы бір айғақтайды. Ассамблея саясатының өзегінде барша жұрттың ортақ мүдесін біріктіру мақсаты жатыр. Бұл ретте, қазақ тілі орынды әрі тиімді құралдардың бірі болып саналады.

Қорыта келгенде, мемлекеттік тіл – қазақ тілі – еліміздің бірлігінің белгісі, ұлтты біріктіретін негізгі күш. Қазақ тілін дамыту арқылы біз өз елімізде бейбітшілікті, татулықты және тұрақтылықты нығайта аламыз.
Тіл – халықтың жаны, сондықтан оны сақтап, құрметтеу — әрбір қазақстандықтың парызы. Тіл арқылы біз еліміздің болашағына ұмтылып, барша халқымыздың бірлігі мен татулығын қамтамасыз ете аламыз.

Мерал АҚБАБА,

Әлихан Бөкейхан атындағы лицей-мектептің

11-сынып оқушысы, Павлодар қаласы.