Сүлеймен Баязитов атындағы балалар оқу орталығында «Томаға тартар» атты шығармашылық жоба аясында кезекті кездесу өтті. Аталмыш шара айына бір мәрте ұйымдастырылады.

Оған мектеп оқушылары ғана қатысады. Кейіпкерлер де, көрермендер де – балалар. Жобаның ерекшелігі – мектептердің дарынды оқушысы басты кейіпкері ретінде таңдалып алынады. Ал сол мектептің басқа да дарынды оқушылары басты кейіпкерге қолдаушы ретінде шақырылып, шығармашылық кездесу барысында өз өнерін көрсетеді.

Жастардың шығармашылығын қолдау мен дамытуға арналған кештің кезекті қонағы – бірнеше халықаралық, республикалық өнер байқауының жеңімпазы, қобызшы, сырнайшы, жетігенші, музыкалық мектептің 8-сынып оқушысы Айжаннат Әбубәкір.

– Бала күнімнен өнерге қызықтым. Шетелге шыққанда залдағы тыңдарманның күйді жан-тәнімен сезінетінін байқадым. Болашақта әлемдік сахнада еліміздің туын көкке асқақтатқым келеді, – дейді кеш қонағы.

Айжәннәт – облыстық, республикалық деңгейде ғана емес, халықаралық дәрежеде де шығармашылығын танытқан талантты шәкірт.

– Жас қырандардың томағасын сыпырған бүркіттей қияға еркін самғауына жол ашуға мүмкіндік беретін жобамыз жас буынның шығармаларын көпке танытуға себепші бола алады деген ойдамыз, – дейді Сүлеймен Баязитов атындағы балалар оқу орталығының басшысы Алпысбай Хонж.

Оның айтуынша, «Томаға тартар» арқылы балаларды үлгі ретінде көрсете отырып, басқа оқушыларды да кітап оқуға, шығармашылықпен айналысуға тартуға, ана тілін, салт-дәстүрін, әдебиеті мен мәдениетін, өнерін жетік меңгеруге себеп болады.

Айта кетейік, ай сайын ұйымдастырылатын жоба жыл соңында, яғни желтоқсан айында қорытындыланады. Қорытынды фестиваль барысында жыл бойы үздік өнер көрсеткен қатысушылар марапатталады.

 

Өз тілшіміз.