Облыс орталығындағы «Жас қанат» вокал студиясы – Ертіс-Баян өңіріндегі жүздеген жас таланттың шыңдалуына ықпал етіп келе жатқан өнер ұжымы. Кішкентай әншілердің жұлдызын жағып, үлкен сахнаға бейімдеуді көздейтін студия 2003 жылы құрылған.

«Шаңырақ» орталығына қарайтын «Жас қанат» вокал студиясынан осы уақытқа дейін жүздеген талант өздерінің өнерлерін ұштап, үлкен өмірге қанаттарын қомдады. Олардың арасында облысты айтпағанда, халықаралық, республикалық түрлі фестивальдар мен байқауларда топ жарып, облыстың жүлде қоржынына олжа салғандары жетерлік. Өнер ұжымының көпжылғы тәжірибесі мен абыройының нәтижесінде студияның аты алысқа тарады.

Атап айтар болсақ, республикалық «Ғұмырдария», «Ақ көгершін», «Балдәурен», Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Мен де жұлдыз боламын», «Өнерпаз болсаң арқалан» республикалық ән сайыстарында, «Be A Star», «Самға әуен», «Zhuldyz art Kazakhstan» және тағы да басқа халықаралық ән байқауларында жас қанаттықтар үнемі жүлденің алдын бермей келеді.

Балаларды ән салуға, вокал өнеріне баулу – өте жауапты іс. Өнер ұжымының жетекшісі, ҚР Мәдениет саласының үздігі Айгүл Қалтаева – өз кәсібіне аса жауапты, кез келген баланың талантына маңыз бере қарайтын ұстаз. Жас шәкірттерін әрдайым демеп, олардың өнер әлемін-дегі алғашқы баспалдақтарының мығым болуына бар күш-жігерін салады. Айгүл Ауғанбекқызы – ұстаз ғана емес, өнер саласында бесаспаптығымен танымал жан. Көптеген әннің сөзін жазып, жиын-тойлардың гүліне айналып шыға келетін көпшіл, шығармашыл тұлға. Ол сөзін жазған әндер бүгінде еліміздің үлкен сахналарында орындалып жүр. Шығармашылығынан туған дүниелері көбіне туған жерді сүюге, патриотизмге бағытталған. Бұл еңбегі үшін министрліктердің арнайы марапаттарын да иеленіпті.

Қазіргі уақытта ұжымда 20-дан астам ұл-қыз шеберлігін шыңдауда. Мұнда өнерлі балалар 5 жастан бастап қабылданатынын еске салып өтейік. Жеткіншектердің бойына сенім ұялату, ән салу өнерінің алғашқы машықтарын игеріп, сахнада өзін ұстау мәдениетіне баулу – вокал студиясының негізгі миссиясы. Балалардың түрлі концерттерде өнер көрсету барысында киетін көйлектері мен костюмдері де аса талғампаздықпен таңдалатыны байқалады. Бұл тарапта әрине ата-аналардың қолдауы да ауадай қажет.

– Жасқанаттықтар облыс орталығындағы «Ардагерлер үйімен», түрлі ұйымдармен, мектептермен, өзге де еңбек ұйымдарымен шығармашылық тығыз байланыста. Мерекелерде біздің әншілеріміз аталған мекемелерде өтетін концерттерде өнер көрсетеді. Мысал үшін биыл Халықаралық қарттар күнінде, Республика күнінде «Ардагерлер үйінде» болып, шәкірттерім ондағы ата-әжелерге мерекелік көңіл күй сыйлады. Концерт қызықты өтіп, қариялар өнерпаз балаларға өз алғыстарын жеткізді. Әжелер жас әншілерге ақ батасын берді. Оқушылар жазғы лагеьлерде тынығып жатқанда біздің жас әншілеріміз олар үшін арнайы көшпелі концерттер ұйымдастырады. Ал жуықта өткен жаңажылдық ертеңгіліктерде Павлодар қаласы мен бірнеше ауылдағы мектептерге барып, өнер көрсеттік. Барлық жерде біздің балалардың өнері жоғары бағаланып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленуде, – дейді Айгүл Ауғанбекқызы мақтанышпен.

«Жас қанат» репертуарындағы әндер түрлі жанрда, ұзын саны 80-нен асады. Әр әнді талғаммен таңдап, әр баланың шама-шарқына қарай орындау мәнері пысықталады. Жас таланттардың машықтарын шыңдай түсу А.Қалтаева сияқты өз ісінің шеберіне аса қиын емес. Оларды ынталандыру үшін түрлі ән байқауларына дайындап, додаға қосады. Жуықта Павлодарда хореография, вокал және аспаптық өнер бойынша өткен «Zhuldyz art Kazakhstan» халықаралық байқауына «Жас қанаттың» бір топ жас әншісі қатысып, гран-при жүлделерін жеңіп алды. Атап айтқанда Айнель Лятина, Малика Аяғанова, Аяжан Зубаирова өз жас шамалары бойынша үздік шықты. Тағы бірнеше жас өнерпаз жүлделі орындарды иеленді. Оларға Түркия, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінде өтетін халықаралық байқауға тегін қатысуға мүмкіндік беретін жолдамалар, арнайы кубоктар және дипломдар берілгенін айтып өтейік.

Қанатын талмасын, «Жас қанат»!

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.