Өткен аптада Май ауданының орталығы Көктөбе ауылында Ұлы Отан соғысының ардагері, білікті басшы, көрнекті қоғам қайраткері Уақап Бекұлы Сыздықовтың құрметіне мемориалды тақта ашылды. Аталмыш тағзым тақтасы бір жылдары Уақап Бекұлының өзі қызмет еткен Май ауданы әкімдігінің қабырғасына орнатылды.

Еске алу іс-шарасына облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова, жергілікті билік пен қоғамдық ұйым өкілдері, ардагерлер мен туған-туысқандары қатысты. Салтанатты жиында сөз сөйлеген Айзада Амангелдіқызы ел үшін ерен еңбек еткен азаматтардың еңсесі әрдайым биік келетінін айтып, Уақап Бекұлының қайраткерлік қырына тоқталып өтті.

– Ұлы Отан соғысына аттанып, батырлығымен, ерлігімен танылып, соғыстан кейінгі жылдары еліміздің экономикасын көтеруге айтар-лықтай атсалысқан Уақап Бекұлы -тек Ұлы Отан соғысының ғана емес, бейбіт күннің де батыры. Біз осындай тұлғаларымызды әркез естен шығармауымыз керек. Бұл тақтайшаның орнатылуы аудан халқының Уақап Бекұлына деген құрметінің белгісі деп білеміз, – деді ол өз сөзінде.

Жиын барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, көзкөрген азаматтар, сондай-ақ, Уақап Бекұлының ұрпақтары сөз сөйлеп, оның өмір жолынан сыр шертер жылы естеліктерімен бөлісті. Қоғам және мемлекет қайраткері, Павлодар облысының Құрметті азаматы Тито Уақапұлы бұл рухани шараға атсалысқан азаматтарға алғыс білдіріп, Май ауданында әкесі Уақап Бекұлының атқарған еселі еңбектерін еске алды.

Шара соңында ескерткіш тақтаға гүл шоқтары қойылып, Уақап Бекұлының рухына тағзым етілді.

Айта кетейік, адал қызметімен абырой жинаған Уақап Сыздықов Павлодар облысының бірқатар ауданында, атап айтқанда: 1954-1957 жылдары Павлодар ауданы «Сталин» атындағы колхоздың төрағасы; 1958-1961 жылдары Павлодар ауданы Шақат совхозының директоры; 1961-1962 жылдары Павлодар аудандық атқару комитетінің төрағасы, сосын Цюрупин (Шарбақты) ауданының бірінші хатшысы; 1963-1965 жылдары Успен аудандық атқару комитетінің төрағасы; 1965-1968 жылдары Лебяжі аудандық атқару комитетінің төрағасы; 1968-1977 жылдары Ертіс аудандық атқару комитетінің төрағасы; 1977-1985 жылдары Май ауданының бірінші хатшысы болды.

Май ауданында Уақап Сыздықовтың басшылығымен тары өсірудің жоғары өнімді агротехникасы әзірленіп, қолданылды, мал шаруашылығы табысты дамыды. Аудандағы ірі күре жолдарды жөндеу ісінде қолтаңбасы қалды. Аудан орталығы бірнеше жыл ішінде абаттандырылған ауылға айналды. Осы еңбегі ескеріліп, ол «Құрмет белгісі» ордені, І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордені, Үш «Еңбек Қызыл Ту» орден-медальдарымен марапатталды.

А.МҰҚЫШЕВ.

Май ауданы, Көктөбе ауылы