Тұмса табиғат, саф ауа, айналадағы шынайы тіршілік… Мұның барлығы — ауылдың ерекше көрінісі. Осынау қайталанбас сәттерді ескеріп біліп, естелік қылып, кең даланың қадір-қасиетін насихаттап жүрген танымал ауылдық блогер Есен Жүсіпбаевпен жүздесу үшін Баянауыл ауданына арнайы іссапарға шықтық.  Ол бірнеше жылдан бері әлеуметтік желінің әлеуетін пайдаланып, туған ауылы мен ауданның әсем табиғатын елге паш етіп келеді. Осынау ерекше қызығушылығы бүгінде өзінің де, отбасының да ажырамас бөлігіне айналған. Туған ауылының көрікті табиғатын күллі Қазақстанға паш етіп жүрген патриот блогермен шаңырағы, қызметі және хоббиі туралы сұхбаттастық.

— Есен Қанатұлы, сіздің әлеуметтік желідегі әрбір туындыңыз көрермендерді туған жердің қарапайым, ғажайып сәттеріне саяхаттатады. Ауыл өмірінің табиғи әрі рухани әлемін танытуға деген қызығушылық қайдан туындады?

— Айналаны фотоға түсіруге деген әуестік — қанмен келген қасиет десем, артық айтқаным емес. Себебі бала күнімде әкемнің қолынан фотоаппарат түспейтін еді. Ол кісі ауылда тракторист болған. Фотоға түсіру хоббиі болды. Әкемнің ағасы да бұл іске құмар еді. Мені де бұл өнерге баулыған — әкем мен ағам. Ол кезде суреттер қазіргідегідей түрлі-түсті емес, ақ-қара болатын. Қоршаған ортаны фотоға түсіруге бала күнімнен әуес болғаным сондықтан. Кейін заман дамыған сайын цифрлық фото, ұялы телефон, смартфон, дрон деген құрылғылар бұл кәсіпке деген қызығушылықты одан әрі арттыра түсті. Арманыма жеткізді. Табиғаты сұлу ауылда тұрғандықтан ғажайып көріністерді әлеуметтік желіге салуды перзенттік борышым деп білдім.

— «Instagram» желісін соңғы 2 жыл көлемінде ғана белсенді қолданып келесіз. Оқырмандардың басым көпшілігі сізді енді ғана тани бастады. Бұған дейін туындыларыңызды көрермен назарына жариялаған жоқсыз ба?

— Иә, «Instagram» парақшасындағы белсенділігім соңғы жылдарда ғана басталды. Хобби болғаннан кейін әуелі табиғаттағы құбылыстарды өзім үшін түсірдім. Қарашаңырақта әкемнің және өзімнің тырнақалды туындыларым сақталған. Әкем түсірген табиғаттағы көріністерді, ауылдағы үйлерді қайта жаңартқан кездерім де болды. Ауылдағы тұрғындарға да қызмет көрсетіп, оқушыларды фотоға түсірумен айналыстым. Мәдениет үйінде 11 жыл қызмет атқардым. Онда өткен шараларды да суретке түсіретінмін.

Ең алғаш фотоларымды «Mail.ru», «В контакте» сынды желілерде жариялап келдім. Ол кезде ауылда ғаламтор өте нашар ұстайтын. Фотоны парақшаға жүктеу үшін тау басына шығатын едім. Сондықтан туындыларымды шама-шарқымша әлеуметтік желіге салып келдім.

— Фотоға түсіру тек хобби дедіңіз. Ауылда немен айналысасыз?

— Ауылдағы мәдениет үйінде күзетші болып еңбек етемін. Сонымен қатар, мектепте шаруашылық меңгерушісімін. Жұмыстан қол босаған сәтте міндетті түрде табиғаттағы көріністерді суретке түсіруге шығамын. Тауға бір-екі күн бармай қалсам, ауырып қалғандай боламын. Таныстарым кейде менің тірлігіме күліп қарап жатады. Еріккеннің ермегіне балайды. Бірақ тауға шығып, серуендеу денсаулыққа пайдалы, миды тынықтырады, идея тудырады. Темекіге әуес адам бір күн шылымсыз жүре алмайды ғой. Табиғатқа шықпасам, мен де сондай күй кешемін.

Әлеуметтік желіге туындыларымды жүктеу арқылы оқырман жинауды көздемеймін. Тек өзім көрген көріністі өзгелердің назарына ұсынғым келеді. Ауылға келе алмайтын, туған жердің топырағын аңсап, кең даланы армандап жүрген адамдар бар ғой. Соларға Баянауыл ауданы Қаражар ауылының табиғатын паш етіп келемін. Әрі өзім де фото, видеоға түсіру арқылы рухани шабыт, ләззат аламын. Блогер ретінде әлеуметтік желіден ақша тауып жүрген жоқпын. Бар болғаны – хобби.

— Ерекше кадр түсіру үшін жоспарлап жолға шыққан күндеріңіз туралы айтсаңыз. Туындыларыңыздың ішінде таңның атқаны, кештің батқаны бейнеленген ерекше сәтті суреттер бар. Мұндай сәтті ұтымды ұстау үшін таңмен таласып тұру керек.

— Суреттерімнің басым көпшілігі кездейсоқ түсірілген. Таңның атқанын түсіру үшін таңғы 4-те тұрғаным бар. Ал тау басына шыққанда арнайы жоспармен барамын. Мысалы, Қызылтау тауы алыс. Күнде бара алмайсыз. Оның басына шығу үшін бір күнімді арнадым. Ал жақын орналасқан Қалпақтас, Бүркіт, Қаратөбе тауларына ұлыммен бірге барамын. Мырзашоқы мен Қисықөзек таулары да ерекше әдемі. Бірақ оның өзі бос уақытқа байланысты. Жақында еңбек демалысында болғаннан кейін бірнеше сәтті суреттер түсірілді. Ағашқа қонған тоқылдақ, өзге де құстарды күнде кездестіресіз. Ал жан-жануарлар көп кездесе бермейді. Көп жағдайда соларды түсіргім келеді. Қасқырдың да бейнесі таспамда болса деймін. Ол күнге де жетерміз.

— «Instagram» мен «Tik tok» желісінде сіздің шынайы табиғат көрінісі ашық көрі-нетін, терезелері үлкен үйіңіз ерекше танымалдыққа ие.  Өзіңізді біз сияқты іздеп келген оқырмандар болды ма?

— Әрине. Өзім әкемнен қалған қарашаңыраққа ие болып отырмын. Жасым 48-де. Әкемнен қалған 1957 жылы салынған үй ескіргеннен кейін қарашаңырақты бұзбай, жанынан үй тұрғыздық. Жұбайым, балаларым бәріміз жаңа үйдің сызбасын күн-түні сыздық. Қаржыға байланысты асықпай, 7 жыл көлемінде өз күшімізбен салдық. Ағайын-туыс, достар да қолғабыс етті. Алланың қалауымен өткен жылы күзде кірдік. Үйдің сырты әлі аяқталмады.

Үй сызбасын жасаған кезде тауға қарап отыруды армандаған едім. Сол мақсатты орындау үшін арнайы терезеге тапсырыс беріп, таудың, табиғаттың көрінісі көз алдымызда тұру үшін арнайы үлкен ашық терезе орнаттық. Бастысы, суық үрлемейді, үйдің іші жылы.

Жаңа үйге кіргелі 500-ге жуық қонақ келген екен. Оның ішінде өздеріңіз сияқты журналистер қауымы да болды. Үйімізде қонақ бөлмесі де бар. Қарапайым, келген қонақты құшақ жая қарсы алатын отбасымыз. Балаларымыз да үйге қонақ көп келетініне үйреніп алған. Дастарханды өздері әзірлейді.

— Заманауи терезеңізден кең далада жайылып жүрген жылқылар бейнеленген көрініс көзге ерекше жылы көрінеді. Жылқы өсіресіз бе?

— Жоқ, өзім мал ұстамаймын, жылқы өсірмеймін. Өткен жылы қолдағы қара малды сатқан едім. Әлеуметтік желіден көргендеріңіз — ауылдың жылқылары. Үйіміз шетте орналасқандықтан мал көп жүреді. Мұндай көрініс терезеден әдемі көрінеді. Сондай сәттерді қалт жібермеуге тырысамын.

— Отбасыңызға тоқталып өтсеңіз. Қателеспесем, жұба-йыңыз екеуіңіз көпбалалы ата-анасыздар…

— Иә, Алланың берген балапандары бар. Жұбайым Зура екеуіміздің шаңырақ көтергенімізге келесі жылы ширек ғасыр толады екен. Ол ауылдағы мектепте орыс тілі пәнінен сабақ береді. Павлодар қаласында туған. Оқу орнын аяқтаған тұста жұмыс іздеп, Баянауыл ауданына келген. Дипломын қолына алған жас қызға сол кезде Күркелі, Егіндібұлақ, Шөптікөл және Қаражар ауылындағы мектептің бірін таңдау ұсынылады. Келіншегім биік тауды аңсағандықтан Қаражарды таңдаған. Алланың қалауымен екеуіміз шаңырақ көтеріп, үлкен әулетке айналып отырмыз. Зура 3 бала сыйлады. Кейін тағы 3 баланы асырап алып, бауырымызға бастық. Осылайша, көп балалы ата-ана атанып отырған жайымыз бар. Үлкен ұлым Ілияс Алматы қаласында дрон құрылғыларын шығаратын компанияда еңбек етеді. Екінші ұлым Аман Павлодар қаласындағы Торайғыров университетінде білім алуда. Қызым Сана да облыс «Білім-Инновация» дарынды қыз балалар мектебінде 11-сыныпта білім алуда. Таңдаған мамандықтары басқа болғанмен үшеуі де фото-видеоға түсіруді жақсы көреді. Тұңғышым осы салада кәсіби тұрғыда еңбек етті. Аманым жақында дрон құрылғысын сатып алып, ауылдағы табиғатты түсіруді маған үйретуде. Қалған үш балам – Ерасыл, Жансая және Люба ауылда мектепте оқиды.

— Өз балаларыңыз бола тұра, өзге балаларды асырап алу үшін үлкен жүрек керек. Мұндай қадамға қалай бардыңыздар?

— Ең алғаш Ерасыл деген ұлымды бар болғаны 8 айында асырап алдық. Қазір тегі менің атымда. Әу баста туған-туысқандар тарапынан түрлі пікір айтылды. Бүгінде ол бала 7-сыныпта білім алуда. Жансая қызымызды екі жасында бауырымызға бастық. Қазір 6 жаста. Зураның атына қамқорлыққа алынды. Ал Люба патронатты тәрбиеде.

Зура студент кезінде балалар үйінде тәжірибеден өткен екен. Үйленген кезде сондағы сәбилерді айтып, асырап алайықшы деп өтінетін. Ананың жүрегіндегі мейірім шексіз ғой. Мың ойланып, толғанып ортақ шешімге келдік.  Ұлды алғасын, қызды алуға шешім қабылдадық. Екі жыл бұрын Люба қызымыз келді. Оның өзі үлкен жауапкершілік жүктейді. Бастысы, бәрін өз баламдай көремін. Анасы екеуіміз осыларды жеткізіп, қолдарына диплом алған бір-бір маман иесі атануларын армандаймыз. Әке-шешеге одан асқан бақыт бар ма?

— Қонақтарға арнап өз қолыңыздан кәдесый жасайтын өнеріңіз барын білетін едік…

— Иә, осыдан 2 жыл бұрын балаларымызбен бірге ағаштан түрлі жан-жануарларды бейнелеп, ерекше туынды жасаған едік. «Мырзашоқы» тау шаңғы базасы жұмыс істеп тұрғанда келушілерге кәдесый ретінде сататын едік. Қазір онымен айналысуға жұмыстан, үйдің тірлігінен аса қол босамайды. Өз балаларым сұрағанда жасап беруге тырысамын.

— Болашақта қандай мақсат қойып отырсыз?

— Аман есімді ұлым дрон алғалы хоббиіме деген қызығушылық одан сайын артқаны рас. Жақында балам екеуіміз ақылдасып, аталған құрылғының көмегімен Баянауылдың барлық ауылын фото-видеоға түсіруді жоспарлап отырмыз. Әр елді мекеннің өзіндік ерекшелігі, тамаша табиғаты бар. Тұрғындар білмейтін әдемі жерлер көп. Қызылтаудағы Әулие тастың сұлулығы көздің жауын алады. Соны да жұртшылық назарына ұсынбақшымыз.

— Әлеуметтік желіде сіз түсірген көріністерді көріп, ауылға демалуға келгісі келетін адамдар болады. Қаражарда демалыс аймағы қарастырылған ба?

— Заң бойынша Қаражарда демалатын орын жоқ. Бұл жер Баянауыл ұлттық саябағына енеді. Бірақ ауылдағы қайың ағаштарының ішінде демалатын орын ұйымдастырған едік. Алтыбақан, кәуап пісіретін орын, тамақтанатын орын орнаттық. Сол жерде 2019 жылы ауыл күнін атап өткен едік. Бұл орында жазда да, қыста да демалуға болады. Десе де, ел тұрғындары Баянауылға келгенде Торайғыр, Сабындыкөл және Жасыбайға барып демалады. Жаз айында адам өте көп жиналады, орын болмайды. Оның үстіне мұндай демалыс тек жаздың күні ғана ұйымдастырылады. Ал Қаражар, Біржан көл, Егіндібұлақ ауылдарында да тамаша орындар бар. Біздің ауылдағы «Мырзашоқы» тау шаңғы базасы іске қосылған кезде екі жыл көлемінде жұмыс істедім. Тюбинг, шаңғы тепкен адамдарды фотоға түсіріп, туристерді шақыратын едім. Өкінішке қарай, қызметі тоқтап қалды. Жоғарыда айтқан кәдесыйларды балаларымызбен қонақтарға дайындайтын едік. Қазір ауылда туризм жоқ. Бірақ дамытуға болады. Баянауылдағы демалыс аймағын тек жаздың күні ғана емес, барлық мезгілде ұйымдастыруға мүмкіндік бар. Тіпті, біздің ауылда жидек, саңырауқұлақ теруге болады. Өз достарым елді мекенге жиі келіп, қайыңдардың ортасында демалып кетеді. 11 шақырым арақашықтықта Жасыбай көлі орналасқан.

Өкініштісі, ауылдағы халық саны жыл сайын азайып келеді. Осы жағдай да жаныма батады. Жұбайым екеуіміз ауылдан көшпейміз деп шешім қабылдадық. Егер туризмді дамытатын болсақ, ауыл да гүлденіп, көркейер еді. Жаңа жұмыс орындары ашылар еді.

— Фото-видеоға түсіру кезінде  түсініспеушілік тудырған жағдайлар болды ма?

— Басымыздан түрлі қызықты жағдайлар өткені рас. Өткен жылы Баянауылға жұмыстарыммен жолға шыққанымда, көлде тобынан ажырап қалған жалғыз аққуды көріп, жедел түсіріп алдым. Кейін жауапты мекемелерден мамандар хабарласып, аққуды қайдан көргенімді сұрағаны бар. Енді бірде тауға шықсам, мен фотоға түсірген ағашты біреу кесіп алыпты. Сол сәтті фотоға түсіргенімде, тағы да ұлттық саябақ өкілдерінің хабарласқаны бар. Мен фото түсіруде бір сын, дәйек іздемеймін, ол айналада көп. Бірақ бізде бар деп көрсетемін, одан өзге қисын іздеп керек емес.

Хоббиімді жақсы көргендіктен ерекше әрі ешкім түсірмеген туынды жасағым келеді. Бұған дейін қабан түсіруді армандайтынмын. Бір күні кешкі уақытта үйдегі терезеден қарасам, бірнеше қабан жүгіріп келеді. Дереу фотоға түсіріп, әлеуметтік желіге салдым. Оны көрген жауапты тұлғалар тағы маған хабарласып, қабандардың қай жаққа кеткенін сұраған еді. Олардың бойында құтырма ауруы болса, тұрғындарға қауіп төнетінін түсіндірді. Осындай жағдайларда реніштерін білдіріп, «Есен, сен әлеуметтік желіні шулатпасаңшы» деп айтып жатады. Шыны керек, мен ауылда қандай да бір мәселені көтеру үшін суретке түсірмеймін. Хобби болғаннан кейін айналадағы ерекше құбылыстарды қалт жібермеуге тырысамын. Осы сұхбатты пайдаланып, ойымды да жеткізіп қойсам деймін.

— Есен аға, арнайы уақыт бөліп, бізге сұхбат бергеніңіз үшін көп рақмет. Оқырмандарды қуантатын тың туындыларыңыз көп болсын!

— Сіздерге де рақмет!

Сұхбаттасқан – Айдана ҚУАНЫШЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.

Баянауыл ауданы.