Жазғы маусымда кішкентай бала тәрбиелеп отырған отбасыларға қауіпсіздікті күшейту қажет. Себебі ыстықта пәтер терезелерін айқара ашып тастайтын ата-аналар балаларының қауіпсіздігін естен шығарып алып, соңы қайғылы жағдайға әкелген оқиғалар көп.

Қауіп-қатерден хабарсыз кішкентай балалар масадан қорғайтын терезе торына сүйенемін деп биіктен құлап мертігіп қалған жағдайлар да аз емес. Осындай оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында павлодарлық көпба-лалы отбасыларға қолдау көрсеткен демеушілердің көмегімен пәтер терезелеріне 200 блокиратор тегін орнатылды. Павлодар қалалық білім бөлімінің мәліметіне сүйенсек, соңғы бірнеше жылда Павлодардың көпқабатты үйлерінің терезелерінен ондаған бала құлаған. Бұл жағдайлар көбіне ере-сектердің балаларын қараусыз қалдырып, терезелерді ашық қалдырғанда болған. Балаларды осындай қауіптен қорғау үшін терезелерге блокираторларды, торларды орнату қажет. Сондай-ақ, балаларға терезеге өздігінен көтерілуге мүмкіндік бермеу үшін жиһаздарды терезеден алшақ қойған жөн.

— Қаламызда «Қауіпсіз терезе» шарасы бірнеше жыл бойы жалғасып келеді. «Kemel Trade» ҚБ, «Крепость-Kz» ЖШС, «Plastotkos» ЖК акцияға қатысып, аз қамтылған отбасылар мен атаулы әлеуметтік көмек алушыларға 200 блокираторды орнатуға көмектесті, — дейді білім бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдыралин.

Қалалық білім бөлімі прокуратура, әкімдік, қоғам белсенділері, мектепке дейінгі ұйымдар және бей-жай қарамайтын кәсіпкер-лермен бірлесіп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Білім бөлімі ата-аналарды жазғы кезеңде қауіпсіздік шараларын назардан тыс қалдырмауға шақырады.

Өз тілшіміз.