Елімізде көктемнің алғашқы күнінде Алғыс айту мерекесі атап өтіледі. Бұл күні қазақстандықтар бір-біріне құрмет көрсетіп, ризашылығын білдіреді. Көпұлтты елімізде тату-тәтті тіршілік етіп, бейбіт өмір сүріп, бауырмашылдық пен береке-бірлікті дәріптеген, көңілі дархан Қазақ еліне алғысым шексіз!

Менің ұлтым орыс болғанымен, қазақ тілін тілім шыққаннан бастап білемін деп айтсам қателеспеймін. Кіндік қаным тамған жерім – Қазақстан. Қостанай облысы Амангелді ауданында дүниеге келдім. 1-ші сыныптан бастап оқуымды қазақ тілінде тәмам-дадым. Отбасымызда барлығымыз қазақша сөйлесеміз.

Қызылорда облысы Екпінді ауылы, найман елінің келінімін. Қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрін берік ұстанамын. Мұсылман дінін қабылдадым. Бүгінгі таңда отағасымен Аңсаған, Інжу, Раяна есімді ұл-қыз тәрбиелеп отырмыз. Павлодар облысына жолдасымның қызмет бабымен ауысып келдік. Жолдасым Азамат Қалымбетов – әскери қызметкер. Мен – болашақ фельдшермін.

Менің ойымша, Қазақстанның әрбір азаматы өзге ұлт өкілі болғанына қарамастан, мемле-кеттік тілді меңгергені жөн. Адамның бойында тіл үйренуге деген ынта-жігер болса, оны тез үйреніп алуға болады. Ол үшін тілдік ортаның болуы да маңызды. Сондықтан отбасынан бастап, балабақшада, мектепте, тіпті орта және жоғары оқу орындарында да мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, оның орнығуына ықпал ету керек.

Светлана Падюкова,

Павлодар медициналық жоғары колледжінің
«Емдеу ісі» мамандығының
3-курс студенті.