Еліміздің энергетикалық орталығы – Екібастұз қаласы туған күнін дүркіретіп атап өтті. Тұрғындар күні бойы мәдени-спорттық шараларды, қазақ эстрадасының жарық жұлдыздарының қатысуымен өткен мерекелік концертті тамашалады.
Екібастұздықтарды қала күнімен облыс әкімі Асайын Байханов құттықтады.
– Құрметті Екібастұз қаласының тұрғындары! Сіздерді қала күнімен құттықтаймын. Қазақстандық өнеркәсіптің дамуын Екібастұздың көмірі мен электр энергиясынсыз елестету мүмкін емес. Ал оның ең басты байлығы — екібастұздықтар. Өткен ауыр қыста сіздер болаттай төзім білдіріп, ерекше табандылық көрсете білдіңіздер. Мен де Екібастұзға бөтен емес екенімді мақтан тұтамын: бұл — менің жастық шағымның қаласы, мен мұнда спорт пен бизнесте алғашқы қадамдарымды жасадым, әлі күнге дейін ата-анам осында тұрады. Осынау айтулы мереке күні мен барлық екібастұздықтарға денсаулық, өркендеу және амандық тілеймін. Біздің қаламыз дамып, өркендей берсін! – деп тілек білдірді аймақ басшысы.
Қала күніне арналған мерекелік бағдарлама Кеншілер саябағында басталды. Жергілікті қолөнершілер көрме ұйымдастырып, тартымды туындыларын жұрт назарына ұсынды. Жас суретшілер Екібастұздың көрікті жерлерін қағаз бетіне түсірді. Тіпті, сол сәтте өз бейнесін салдыруға ниет білдірген тұрғындардың ұсынысын қабыл алып жатты. Жас суретшілердің талантын шыңдап жүргендердің бірі – «Дизайн PRO» өнер және шығармашылық мекте-бінің жетекшісі Юлия Овчинникова.
– Біздің оқушылар да қалыс қалмай, туған қалаға деген сүйіспеншілігін сурет арқылы жеткізуге тырысып жатыр. Мектеп шәкірттері әрдайым қалалық іс-шараларға қатысып, шеберлігін шыңдап келеді, – деді Ю.Овчинникова.
Екібастұз қаласының жастар бастамаларын дамыту орталығының жетекшісі Марал Қарағесекованың айтуынша, жергілікті жастар өте белсенді. Мереке күндері ғана емес, кез келген уақытта белсенділік танытып, озық идеяларымен көзге түсуде.
– Қала күніне орай саябақта қызықты шараларды ұйымдастырып, тұрғындардың көңілін көтеруге атсалысып жүр. Жалпы, екібастұздық жастар түрлі жобаларды сәтті жүзеге асыру бойынша облыстық рейтингте көш басында, – дейді ол.
Бұл күні саябақта гитаристер, хореографиялық ансамбльдер, жергілікті вокалистер танымал әндерді орындады. Тұрғындар да қосыла ән шырқап, би билеп, айналасына шаттық сыйлады.
Ретро автомобильдер шеруі жұрттың назарын аударғанын атап өткен жөн. Кеңес дәуірінен бері келе жатқан ескі көліктер әлі күнге дейін қала көшелерінде зулап жүр. «Drive» автокөлік жүргізушілері клубының мүшелері көліктерді заманауи үлгіде жаңартып отыратынын айтады. «Көліктердің ең көнесі – шыққанына алпыс жыл болған Газ-21 маркалы «Волга». Одан кейінгісі – ГАЗ-69», деді шеруді ұйымдастырушылардың бірі Фархат Абзалов.
Бұл күні саябақта балалар арасында шағын футболдан турнир, армрестлинг, көңілді старттар, қалашықтар ойыны, арқан тарту ұйымдастырылды. Спортпен тұрақты түрде шұғылданатындар арасында киокушинкай-каратэден турнир өтті.
«Өнер» мәдениет сарайы алаңында қазақстандық жұлдыздардың қатысуымен өткен концертке де көп адам жиналды. Екібастұздықтарға Жанболат пен Жәзира, Қайрат Баекенов, Садраддин, «Ninety One» тобы әннен шашу шашып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Тамаша кеш отшашумен түйінделді.
Айтпақшы, бұл күні Екібастұзға 10 су жаңа автобус жеткізілді. Желдету және салқындату жүйесімен, бейнебақылау камераларымен, арнайы сыртқы пандуспен және тағы басқа қажеттінің бәрімен жабдықталған ZHONG TONG маркалы автобустар жолау-шылар тасымалы бағытындағы мәселелелерді шешуге мүмкіндік бермек.
Рышат ӘМРЕНОВ, Қазақстанның Еңбек Ері:
– Екібастұзда өткізген әр күнім — мен үшін бақыт. Ұзақ жыл бойы «Шығыс» кенішінде аянбай еңбек етіп, бейнетімнің зейнетін көріп отырмын. Сол себепті, бұл қаладан басқа жерге қоныс аударғым келмейді. Әйтпесе, «мына тұрған жер ғой» деп Астанаға көшкісі келетін замандастарымды көріп жүрмін. Бүгінде қалада жылыту жүйелерін жаңарту жұмыстары қарқынды жүргі-зілуде. Моноқалаларды дамыту бағдарламасы шеңберінде де тың жобалар қолға алынып, көмірлі шаһар көркейе түсе-тініне сенім мол. Барша жерлестерімді қала күнімен құттықтаймын.
Жасай бер, Екібастұз!
Оралхан ҚОЖАНОВ, Екібастұз қаласы.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.