Үйлер үлестірілуде

Жел 27, 2024

Аймағымызда ағымдағы жылы тұрғын үй құрылысы қарқынды. Үкімет межелеген жоспар асыра орындалуда. Биыл жалпы 562,9 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа беріледі. Бұл дегеніңіз, 3710 азамат баспаналы болады.

Облыстық құрылыс басқармасының мәліметі бойынша, бұл пәтерлердің 1471-і көп пәтерлі үйлерде болса, қалған 2239 баспана — жеке тұрғын үйлер. Статистикалық сандарды сөйлетсек, облыста 11 айда 367,1 мың шаршы метр үй қолданысқа берілген. Желтоқсанда тағы 195,8 мың шаршы метр енгізілсе, жоспар орындалмақ.

Өңірімізде көп қабатты 15 үй бой көтеруде. Олардың тоғызы облыс орта-лығында орналасса, үшеуі кеншілер шаһарында, тағы үшеуі металлургтер қаласында салынуда. Павлодарда бір үй иелеріне табысталса, Ақсуда екі үй қолданысқа берілген.

Бұдан бөлек, биыл кезекте тұрған қоғамның осал топтарын баспанамен қамту мақсатында бюджет есебінен 12,2 млрд теңгеге 804 пәтер сатып алынуда. Оның ішінде 592 пәтер «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ есебінен алынып, кейін сатып алу құқығымен тұрғындарға үлестіріледі. Ал 212 пәтер республикалық бюджет қаржысына сатып алу құқығынсыз тұрғындарға кілттері табысталды.

Г.МАҒЖАН.