Ауруханадағы ахуал алаңдатады…

Қыр 10, 2026

Елімізде әр баланың сапалы медициналық көмек алуына құқығы бар. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінде анық жазылған. Сонымен қатар, денсаулығы сыр беріп, мемлекеттік ауруханаға жатқызылған жеткіншектерге дәрігерлік көмек көрсетіліп қана қоймай, олардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, жайлы жағдай жасалуы қажет. Алайда облыстық балалар ауруханасында мұндай талаптар толық орындалмай отырған жайы бар.

Осылай деп шағымданған ата-аналар баршылық. Солардың бірі – Тілеуберді есімді әке журналистерге облыстық балалар ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімшесіндегі палатадағы жиһаздардың әбден тозығы жеткенін айтып, бұл жағдай емделушілерге қолайсыздық туды-ратынын алға тартқан еді.

– Біз жатқан палатаның ішіндегі жиһаздардың сау тамтығы жоқ. Киім салатын аласа шкафтардың есігі сынған, отыратын орындықтардың үсті жұлынған, едендегі линолеумдер де жыртылған. Дәретханадан 24 сағат бойы су сарылдап ағып тұрады.  Яғни, су ағызатын құрылғысы істен шыққан. Мемлекеттің қарауындағы облыстық балалар ауруханасының жай-күйі осындай, – дейді ол.

Бұл жағдайдан кейін біз бірден аталған емдеу мекемесінің баспасөз қызметіне хабарласып, мәселенің мән-жайын жеткізген едік. Небары бірнеше сағаттың ішінде аурухана әкімшілігі орын алған олқылыққа қатысты жауап берді. Онда былай деп жазылған:

– «ШЖҚ «Павлодар облыстық балалар ауруханасы» КМК жұқпалы аурулар стационарында ем қабылдап жатқан пациенттің ата-анасынан келіп түскен өтініш жөнінде келесі ақпаратты ұсынады.

Көрсетілген палатада төсек жанындағы тумба мен орындық жаңа жиһаздарға ауыстырылды. Аурухана әкімшілігі өтініште көрсетілген басқа да ескертулерді жою бойынша қажетті шараларды қабылдап, қарастыруда. Пациенттердің болу жағдайларын жақсарту бойынша жұмыстар жал-
ғастырылатын болады, анықталған кемшіліктерді жақын арада кезең-кезеңімен жою жоспарлануда. Сонымен қатар, баланың қажетті емді толық көлемде алып жатыр».

Осылайша, өздеріңіз куә болғандай, газет журналистері араласқаннан кейін аталған мәселенің шешімін тапқанын айта кеткен жөн.

– Дегенмен де, біздің шағымда-нуымыздың нәтижесінде бөлмедегі жиһаздарды жаңартып, дәретхана унитазын жөндеп берді. Егер ауруханада жатқан пациенттер осындай мәселе көтеріп, шу шығармаса, мемлекеттік емдеу мекемесі ат қораның күйін кешіп тұра бере ме? Бұл сұраққа тиісті басшылық жауап береді деп ойлаймын, – дейді Тілеуберді есімді әке.

Міне, бұл жерде мәселе орындықтың немесе шағын шкафтың сынғанында емес, балалар емделетін мемлекеттік ауруханадағы ішкі жағдайдың ұзақ уақыт бойы бақылаусыз тұрғанында екенін айта кеткен жөн. Сау тамтығы қалмай, шұрық-тесік болып тозған жиһаздар, бұзылған дәретхана құрылғысы соның дәлеліндей. Бұл ретте, қай-қайсымыз үшін де заңды сұрақ туындайтыны сөзсіз. Яғни, ата-ана шағым түсіріп, мәселе көтермесе, бұл кемшіліктер тағы қанша уақыт тұрар еді? Осы мақсатқа қазынадан жеткілікті қаржы бөлінбей ме? Көкейде сұрақ көп…

Әлгі әкені алаң-датқан екінші мәселе – анализ нәтижесінің тағдыры.

– Алты жастағы баламды дәрігерлер тексергеннен кейін ауруханада емделсін деген шешім шығарды. Аурухананың ішкі тәртібі бойынша алтыдан асқан бала өзі жатып емделуі керек екен. Ал егер жанына ата-анасының бірі жатқан жағдайда анализдерді ақылы түрде тапсыратын көрінеді. Біз келісіп, сол жерде бірден қажетті анализді тапсырдық. Әрине, ауырып тұрған кішкентай баланы жалғыз қалдырып кете алмадық. Сөйтіп, ауруханаға жаттық, алғашқы медициналық көмек алдық. Бірақ әлгі анализдің қорытындысы бірнеше күн бойы шықпады. Сонда ауырып барған адамнан алған анализ нәтижесін бірден шығарып, оның денсаулық жағдайын бақыламаса, не үшін алады деген сұрақ туындайды? Біз төрт күн емделдік. Соған дейін жауап парағы берілген жоқ. Қашан дайын болатыны да белгісіз… – дейді Тілеуберді.

Шынымен де, емделушіден медициналық талдау не үшін алынды? Егер оның сырқатының диагнозын дер кезінде анықтап, денсаулық жағдайын бақылау басты мақсат болса, жеделдету керек еді ғой. Ал бүгінде анализ қорытындысы дайын болмаса да, әлгі ауырған балақай тәуір болып, үйіне шығып кеткен екен. Түсінген адамға бұл да — ой саларлық жағдай.

Сонымен, анализ нәтижесі неше күнде дайын болуы тиіс? Ақылы анализдің қорытындысын пациентке беру тәртібі қандай? Бұл сұрақтарға ресми түрде жауап алу мүмкін болмады. Мамандар бас дәрігердің телефон нөмірін беруден бас тартты.

Осы материал дайындалып жатқанда аталмыш емдеу мекемесінде жатқан тағы бір ата-анадан шағым түсті. Ол палатада ызыңдаған сары масалар маза бермей, еденнің қуыс-тесігінен ұсақ жәндіктер кіріп-шығып жүргенін айтып, реніш білдірді. Біз тағы да бұл жағдайды жауапты мамандарға жеткізгеннен кейін аурухана қызметкерлері бірден іске кіріскенін естідік.

– Әр бөлімде емдеуші дәрігерлер, бөлім меңгерушісі, медбикелер және үлкен медбике бар. Олар палаталарды аралап отырады. Сондықтан ата-аналар қауымы қандайда бір сұрақтар, ескертулер немесе ұсыныстар туындаған жағдайда тікелей бөлімше қызметкерлеріне жүгініп, қажетті түсініктемелер ала алады. Сол арқылы мәселені тез шешіп, дереу тиісті шараларды қабылдауға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, сұрақтар туындаған жағдайда ата-аналар аурухананың 78-28-96 сенім телефонына жүгіне алады, – деп жауап берді емдеу мекемесінің баспасөз қызметі.

*  *  *

Қалай десек те, ауруханадағы мұндай мәселелер ата-аналар шағымданғаннан кейін ғана шешілмеуі тиіс. Керісінше, емдеу мекемесіндегі кемшілікті емделуші емес, жауапты қызметкерлер бірінші болып байқап, жұмыс істеуі керек. Сонда ғана мемлекет қарамағындағы медициналық мекеме халық сенімінен шығатыны сөзсіз.

Н.ШОДЫР.