Әр шаңырақтың өз құндылығы бар

Қыр 10, 2026

Қазақ даналығында «Отан отбасынан басталады» деген сөз бар. Бұл — елге деген сүйіспеншілік пен патриотизм сезімі әрбір шаңырақтың тәрбиесінен, ата-ананың өнегесінен бастау алады деген терең мағыналы қағида. Елімізде қыркүйек айының екінші жексенбісі — отбасы күні ретінде аталып өтеді. Осыған байланысты жақында ғана «Мерейлі отбасы» байқауында жеңімпаз болған ақтоғайлық Кенжебаевтар отбасында сақталған басты құндылықтар мен ерекше дәстүрлерді үлгі етіп көрсетуді жөн санадық.

Кенжебаевтар отбасы Ақтоғай ауданы Әуелбек ауылында тұрады. Талбесіктен басталатын тәрбиені, адам баласын мұратқа жеткізетін адал еңбекті бірінші орынға қоятын өнегелі жандар. Олардың тағы бір ерекшелігі – ұйымшылдығы мен татулығы. Ұстанымы – «Қол жұмылмай, жылынбайды». Себебі, «Бақ, қайда барасың?» деген сұраққа «Ынтымақ орнаған, береке-бірлігі мығым үйге барамын» депті. Бұрынғылар ынтымақ жоқ жерде ырыс жоқ деп, ел бірлігі отбасынан, ал отбасы бірлігі әрбір адамның өзінен басталатынын ерекше айтып кеткен.

Кенжебаевтар отбасының тағы бір ерекшелігі — отбасы мүшелерінің басым бөлігі білім беру саласында еңбек ететін ұстаздар. Отағасы Бектемір ата Қамариденұлы шаңырақтың шамшырағы болған Шайза апа Қайкенқызымен бірге бес бала тәрбиелеп өсіріп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырған. Қос қария да — бар ғұмырын білім беру саласына арнап, ұстаздық етіп, ұрпаққа білім мен тәрбие берген жандар. Шайза апа 10 жыл мектеп директорының шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып, кәсіби біліктілігінің нәтижесінде аудан әкімі мен білім бөлімінің Алғыс хаттарымен марапатталған.

Кенжебаевтар әулетінің Ақтоғай ауданының білім беру саласына қосқан үлесі ұшан-теңіз. Әулеттің үлкен ұлы Ризабектің мамандығы да — мұғалім. Ол Қ.Ыдырысов атындағы орта мектепте ұзақ жыл осы салада табысты да табанды еңбек етіп келеді. Негізгі жұмысымен қатар тазы баптаумен айналысып, қазақтың жеті қазынасының бірі — қазақы иттердің тұқымын көбейтіп, қазақы тазы мен төбет иттерінің ұлттық салт-дәстүріміздегі орнын дәріптеп келеді. Білім беру саласында келіндері — Сандуғаш, Айнаш, Жәмила мен қызы Әлима да қызмет етеді. Ал ұлдары Исабек пен Ерсін — полиция қызметкерлері. Олар құқық қорғау, қоғамдық тәртіпті бақылау жолында еңбек етіп келеді. Тағы бір ұлы Тұрсын мал шаруашылығымен айналысса, күйеу баласы Серік Сейітқұлов –
жеке кәсіпкер.

Бұл әулет өнерден де алшақ емес. Немере-жиендері шетінен қазақтың қара домбырасын күмбірлетіп, көңілді кештерді күймен көмкеріп жүр. Атап айтсақ, Гауһар Тұрсынқызы «Күй шебері» сайысының жеңімпазы атанып, Ақтоғайдың атын аспандатты. Ал Жансая Исабекқызы халықаралық Сәтбаев оқуларында 2-орын иеленді. Інжу Ризабекқызы да пән олимпиадасында 2-орын алып, әулет мерейін үстем етіп отыр.

– Біздің отбасымыздың әр мүшесінің өз орны, өз еңбегі, өзіне тән жақсы қасиеті бар. Ер азаматтардың еңбекқорлығы мен жауапкершілігі, аналарының мейірімі мен сабырлығы, балаларымыздың үлкенге құрметі, кішіге қамқорлығы бар. Осы қасиеттер біздің шаңырағымыздың берекесін арттырып келеді. Біз үшін ең үлкен байлық – атақ та, дүние де емес, бір дастархан басында басымыз қосылып, бір-бірімізге сүйеу болып отырғанымыз. «Мерейлі отбасы» атану – біз үшін зор мәртебе. Бұл атақты иелену берекені әрі қарай сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізуге деген жауапкершілік жүктеді, — дейді әулеттің атасы Бектемір Кенжебаев.

Әр отбасының қалыптасқан өз дәстүрлері болады. Бұл әулет тұрақты қолдап келе жатқан игі істердің бірі – қайырымдылық жасау. Сол арқылы да өсіп келе жатқан жастарға үлгі-өнеге көрсетіп келеді.

– Әр жұма сайын дүкенімізде мұқтаж жандарға тегін нан таратып, қайырымдылық жасауды дәстүрге айналдырғанбыз. Осы арқылы балаларымызды мейірімділікке, жомарттыққа және өзгеге қол ұшын созуға тәрбиелейміз. Тағы бір игі дәстүріміз – айына бір рет «Отбасы күнін» ұйымдастыру. Бұл күні барлық жұмысымызды кейінге қалдырып, бірге табиғат аясында демалып, ұлттық ойындар ойнап, естелік суреттерге түсіп, отбасы құндылықтарын дәріптеуге уақыт арнаймыз. Осындай дәстүрлер шаңырағымыздың берекесін арттырып, ұрпақтар сабақтастығын нығайта түседі, — дейді Әлима Бектемірқызы.

Отбасында қалыптасқан тағы бір дәстүр бар. Ол – әр жұма сайын бір дастархан басына жиналып, аптада болған жақсы жаңалықтармен және атқарылған игі істермен бөлісу.  Бұл дәстүр отбасы мүшелерінің бір-біріне деген құрметі мен жанашырлығын арттырып, өзара түсіністікті нығайтады, дейді балалары.

Тілеуберді САХАБА.