Қуатты салаға – қуатты жастар

Қыр 10, 2026

«Серпін. Қуат. Өмір». Осындай атаумен «Достық үйінде» энергетика саласы жастарының тұңғыш форумы өтті. Шараға арнайы Астана және Петропавл қалаларынан жас энергетиктер шақырылды. Осылайша форумда болашақ мамандар мен жергілікті сала қызметкерлері арасында ашық диалог өрбіді.

Дәлірек айтқанда, қатысушылар Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановқа және «Павлодарэнерго» АҚ бас директоры Олег Щемельге көкейлерінде жүрген сауалдарын қойды. Форумның басты мақсаты – энергетика саласының болашағы болатын жас буынмен кәсіби байланыс жасау.

Облыс әкімі Асайын Қуандықұлы аталған форумның өңір үшін маңыздылығына тоқталды.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жастарға әрқашан ерекше үміт артады. Сондықтан біз де жастармен тікелей жұмыс істеуге ерекше мән береміз. Мұндағы форум өңірімізде алғаш рет өткізіліп отыр. Бұл – біз үшін маңызды бастама. Себебі Павлодар облысы — еліміздегі энергетика саласының жетекші өңірлерінің бірі. Облыс республика бойынша өндірілетін электр энергиясының шамамен 42 пайызын өндіреді. Сондықтан Павлодарды еліміздің ірі энергетикалық орталығы деп айтуға толық негіз бар. Энергетика саласының болашағы – білікті әрі заманауи білімді жас мамандардың қолында. Сондықтан болашақ жас мамандар-мен және бүгінде осы салада еңбек жолын бастап, тәжірибе жинақтап жүрген жастармен кездесу, олармен ашық диалог жүргізу біз үшін өте маңызды, — деді ол өз сөзінде.

Форум барысында бірнеше жас энергетикке салтанатты түрде жұмыс куәліктері табысталды. Солардың
бірі — №3 жылу-электр орталығының машинисі Арсен Төлеу.

— «Павлодарэнерго» жылу–электр орталығындағы жұмыскерлердің орташа жасы 45 жасты құрайды. Кадр жасын төмендету мақсатында осындай форум ұйымдастырылып жатыр деп ойлаймын. Бұл кездесу әсіресе жаңа ғана университет бітірген жас мамандар үшін өте маңызды. Шарада қатарластарыммен бірге салтанатты түрде жұмыс куәлігін алу мен үшін ерекше мәртебе. Сондай-ақ, бұл форум маған өзге қалалардағы жас мамандармен, кәсіби қызметкерлермен  байланыс орнатуға мүмкіндік берді, — деді ол.

Форум жастарға жаңа жұмыс орнын табуға көмектессе, кәсіпорындарға білікті, әлеуеті мол жаңа қызметкер табуға септігін тигізді. «Павлодарэнерго» АҚ бас директоры Олег Анатольевич осындай шараны өткізуді қолдаған облыс әкімшілігіне ризашылығын білдірді.

— Ұсынысымызды қолдап, форумға қатысқаны үшін облыс әкіміне алғысымыз шексіз. Энергетика саласы қазір өте қарқынды өзгеріп жатыр. Сондықтан бізге жас мамандардың жаңа идеялары, стандарттан тыс ойлау қабілеттері және цифрлық дағдылары қажет. Біз сіздерден тек жұмыс күтпейміз. Біз сіздердің ұсыныстарыңызға инвестиция салуға дайынбыз. Энергетика – елдің іргетасы. Ал ертең бұл іргетастың қандай болатынын сіздер шешесіздер. Сондықтан ізденіңіздер, дамыңыздар, пікір таластырыңыздар, өз ұсыныстарыңызды білдіріңіздер, бастамаларыңызды батыл көтеріңіздер және өздеріңізді танытыңыздар, — дейді ол.

Айта кету керек, іс-шара бірнеше орында өткізілген. Форумның алғашқы күні қатысушылар кәсіпорын кеңсесінде бас қосып, Торайғыров университетінің өкілдерімен және компания басшылығымен кездесті. Ашық диалог форматындағы кездесуден соң, қатысушылар Мичурин ауылында орналасқан энергетиктер лагерінде бас қосты. Онда қатысушылар командалық жұмыстарға, кәсіби және пікірталас алаңдарына қатысып, өздерін толғандырған мәселелер бойынша ұсыныстарын ортаға салды.

Мұндай кездесулер жастардың ұсы-ныстары мен бастамаларын тыңдап қана қоймай, саладағы өзекті мәселелерді бірге талқылауға, олардың кәсіби дамуына қажетті жағдайларды айқындауға мүмкіндік береді.

Сара ӘБДОЛ.