Қыркүйек айының алғашқы сенбісінде Екібастұз қаласы Солнечный кентінің 40 жылдық мерейтойы атап өтілді. Бұл кенттің тарихы 1979 жылы құрылысы басталған «ГРЭС-2» елді мекенімен тікелей байланысты. Жергілікті тұрғындардың естелігінше, бұл жерде күн шуағы ерекше жарқырап тұратындықтан «Солнечный» деп аталып кеткен.
Жылу-электр желісі іске қосылғаннан кейін жұмыс орындары артып, сол маңға ел қоныстанған. Бүгінде тұрғындар саны 6,5 мыңға жеткен. Кентте екі білім ордасы, көпқабатты үйлер, спорт кешендері мен өрт сөндіру бекеттері бар. Сондай-ақ коммуналдық қызметтер толығымен орталықтандырылған.
Солнечный кентінің 40 жылдық мерейтойына орай Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин жылы лебізін білдірді.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Күшті өңірлер – қуатты Қазақстанның негізі» деп атап өткен болатын. Бұл сөздің мәні біздің жұмысымыз үшін де өте маңызды. Елдің дамуы ең алдымен ауылдар мен кенттерден, нақты тұрғындардың өмір сүру жағдайынан басталады. Бүгінде Солнечный кенті де осы үрдістен қалмай келеді. Мұнда жолдар жаңартылып, балалар ойнайтын алаңдар салынып, тұрғындар игілігіне барынша жағдай жасалуда. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар жалғасын табатын болады. Кент тұрғындарын айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын, — деді ол.
Мерекелік шара алты қанат ақ боз үйлердегі көрмемен басталды. Киіз үйлерде жергілікті мекемелердің, ұйымдардың өкілдері әртүрлі тақырыптағы көрмелерін ұсынды. Бірі ағаштан түрлі мүсін жасаса, енді бірі кестелеу өнерін дәріптеуде. Тағы бір топ қайыстан жасалған ат әбзелдерін келушілер назарына ұсынды. Солардың бірі – Екібастұз қаласының Қоянды ауылдық клубының мәдени ұйымдастырушысы Қазынагүл Алпыспаева.
— Біздің экспонаттар – ауылымыздың тұрғыны Ерболат Әбутәліптің қолынан шыққан ат әбзелдер. Ол азамат қолөнерімен бірге мектеп оқушыларына шеберлік сабақтарын өткізумен де айналысады. Осындай мерекелік шаралардан да қалыс қалмайды. Кентіміздің мерейтойына келіп, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп жатқаныма қуаныштымын. Басымыз тек жақсылықта қосылсын, — дейді ол.
Әрбір елді мекеннің болашағы ондағы мектеппен тікелей байланысты екені рас. Бүгінде Солнечный кентінде мыңға жуық жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып келе жатқан мектеп ұжымы да аталған көрмеге өз үлестерін қосты. Абай атындағы мектеп ұстаздары келушілер назарына бала Абайдың өмірінен кішігірім көрініс көрсетіп, оның шығармашылығы мен өмірін насихаттауды жөн көрген. Бұдан бөлек, мектеп өмірінің жетістіктері мен тәлімгерлер тарихы да тұрғындардың қызығушылығын туғызды.
№28 Абай атындағы жалпы білім беру мектебінің директоры Әсем Жүнісбе-кованың сөзінше, мектеп оқу-
шылары облыстық, республикалық деңгейде әртүрлі сайыс-тарға қатысып, мектеп абыройын қорғап келеді.
— Биылғы оқу жылын 700 оқушымен бастадық. Оның 86-сы бірінші сыныпта оқиды. Мектебіміз ұлы ақынның 150 жыл-
дығына орай Абайдың атымен аталған. 2019 жылы жаңа нысанға көшірілген. Бүгінгі кентіміздің 40 жылдық мерейтойына орай біз де өз көрмемізді ұсынып отырмыз, — деді ол.
Мерекелік алаңда танымдық көрме-лермен қоса балаларға және ересектерге арналған көңіл көтеру бағдарламалары қатар жүргізілді. Дәлірек айтқанда, спорттық ойындар, балаларға қызықты алаңқайлар өз жұмыстарын лайықты деңгейде өткізді.
Этноауылда балаларға арналған алаңқайлар жұмыс істеді. Мұнда Екібастұз қаласының 4 қосымша білім беру мекемесі қатысты. Атап айтқанда, ұлттық, эко ойындар, мұғалімдердің шеберлік сағаттары, көрмелер және аниматорлар жұмыс істеді. Балалардың көбі асық ату, бестемше, бескеней, арқан тарту, бес асық, тоғызқұмалақ сынды ұлттық ойындарда белсенділік танытты. Ал ересектер арасында өткізілген бәсекелі додалар көрерменнің ыстық қолдауына бөленді. Қошқар көтеру, гір тасын көтеру, арқан тарту, қол күрес, волейбол сынды ойындар ойнатылды. Жүлделі сайыстардың бірі – қазақ күресі. Курста өңіріміздің әртүрлі ауданынан келген балуандар белдесті. Жүлделі орын иеленген азаматтар ақшалай сыйақымен марапатталды.
Солнечный кентінің «Дзюдо» бөлімінің аға жаттықтырушысы Рүстем Айтымовтың сөзінше, жарыс төрт салмақ дәрежесі бойынша өткізілген. Белдесуді ұйымдастыруға жергілкті кәсіпкерлер мен азаматтар үлес қосқан.
Ойын-сауықтан бөлек шеберлік сағаттары да көреременнің ерекше ықыласын аударған. Солардың бірі — Өміргүл Самдуглинова. Шебер терменің бірнеше түрін тоқудан шеберлік сағаттарын өткізген. Оның сөзінше, терме станогын қолдану, шашақ жасау жұмыстары ер балалардың да қызығушылығын арттырған. Мұндай шеберлік сағаттарынан кейін сатып алуға өтінім білдірген жайттар да кездескен дейді педагогтар. Көз жауын алатын қаламыздағы еңселі ғимараттардың макеті, суретшілердің салған қайталанбас туындылары мен қолөнер шеберлерінің бағалы бұйымдары мерекелік шараға ерекше реңк беріп тұрды.
Айта кету керек, ағымдағы жылы аталған кентке жаңа әкім сайланған. «Жас келсе – іске» деп сенім артқан ауыл ардагерлері жаңа басшының алдағы қызметінен зор үміт күтуде. Солнечный кентінің әкімі Асфандияр Тұрлыбеков ауылдастарына жүрекжарды тілегін білдірді.
— Құрметті жерлестер, қонақтар, сіздерді кентіміздің 40 жылдық мерей-тоймен құттықтаймын. 40 жыл бұл осында еңбек еткен аға буынның еңбегі, қуаншы мен жемісі деп білемін. Мереке барша қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй, жарқын естелік сыйласын, — дейді ол.
Мерейлі мереке жергілікті өнерпаздар мен Қазақстан эстрада жұлдыздарының концерттік бағдарламасымен, мерекелік би кешімен аяқталды. Солнечный кенті тұрғындары мен қонақтарының құрметіне Жазира мен Жанболат, Әміре және Akha сынды әншілер өнер көрсетті. 40 жылдық мерейтой елді мекен тарихындағы жарқын белес ретінде есте қалды.
Сара ӘБДОЛ.
Солнечный кенті, Екібастұз қаласы.
