Павлодарлық донордың көмегімен 3 адамға ұзақ өмір сүру мүмкіндігі берілді. Қайтыс болған адамның туыстары келісім бергеннен кейін, оның жүрегі мен екі бүйрегі үш науқасқа салынды.

 

Ұлттық ғылыми онкология орталығы мен Астана қаласының Кардиохирургия орталығының трансплантологтары, кардиохирургтары, анестезиологтардан құралған жоғары білікті дәрігерлер тобы донор болуға келісім берді деген жаңалықты естіген соң бірден санитарлық авиация арқылы Павлодар қаласына келген.

Трансплантология бойынша өңірлік үйлестіруші Дмитрий Потеребух Астанадан келген білікті дәрігерлер тобы донорға 3,5 сағат ота жасағанын айтады. Алынған ағзалар санавиация арқылы бас қалаға жеткізіліп, қажетті құжаттар заңға сәйкес әзірленді. Ағза алмастыру отасы Астана қаласы, Абай және Қарағанды облыстарында тұратын азаматтарға жасалған.

Күту парағында тұрған, бағдарлама арқылы іріктелген реципиенттер қосымша талдау тапсырған. Медициналық зерттеу жұмыстарынан соң және комиссияның шешімі бойынша 26 жастағы реципиент анықталды. Ол бүйректің V терминалды сатысы диагнозымен 6 жыл бойы гемодиализде болған. Дәрігерлер ересек пациентке кадаверлік бүйректі транспланттау отасын сәтті жүргізді. Реципиенттің жағдайы жақсы, бүйрек толық жұмыс істеп тұр. Екінші бүйрек Астанадағы Ана мен бала орталығында балаға салынды. Үшінші ағза – жүректі транспланттау Кардиохирургия орталығында жүргізілді.

Астана трансплантациялау орталығы ағза транспланттау секторының меңгерушісі, дәрігер онколог, уролог, хирург Мэлс Асықбаев ағза алмастыру отасы сәтті өткенін айтады.

– Біздің орталықта жыл басынан бері 16 бүйрек трансплантациясы жасалды. Соның ішінде 4-еуі қайтыс болған адамның ағзасынан алынса, 12-сі – туыстық бүйрек трансплантациясы. Бұдан бөлек, 2 бауыр трансплантациясы жасалды. Оның ішінде біреуі қайтыс болған адамның туыстарының келсімімен жүргізілді. Ал 6 наурызда Павлодар облыстық кардиохирургия орталығында бас ми өлімінен қайтыс болған донор тіркеліп, оның туысқандары ағза алуға рұқсат берді. Трансплантация үйлестіру орталығы және санавиациямен бірлесе отырып, бір бригада сол жаққа ұшып барып, ол жақта ағза алу отасын жасады. Екінші бригада Астанадағы орталықта мұқтаж науқастарды толық тексеруден өткізіп, отаға дайындады. Жалпы, оталар сәтті өтті, бүгінде ағза салынған науқастардың жағдайы жақсы, – дейді Мэлс Асықбаев.

Биыл мұндай ұсыныс үш адамның туыстарына жасалды. Алайда екеуі жақынының ағзаларын беруден бас тартқан.

Жалпы, елімізде бүгінде ағзасын ауыстыруға мұқтаж 4 мыңға жуық адам бар. Оның 70 пайызы бүйрекке зәру. Негізінде, бір донор 5 адамның өмірін құтқарады. Егер қайтыс болған адамның ағзаларына зақым келмесе, онда оның жүрегі, өкпесі, бүйрегі, бауыры, тіпті көзінің мөлдір қабығы да алынады. Бірақ қайтыс болған адамдардың барлығы донор бола алмайды. Созылмалы ауруы болған адамның ағзасы донорлыққа жарамайды. Адам қайтыс болған соң жүрекке 2 сағат ішінде, бауыр мен бүйрекке 12 сағат ішінде трансплантация жасалуы керек екен.

А.АСҚАРҚЫЗЫ