Жуырда Алматы қаласында Қазақстан халқы ассамблеясы жанынан құрылған журналистер клубының кезекті көшпелі отырысы өтті. Онда қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуда бұқаралық ақпарат құралдарының алатын рөлі талқыланды. Сондай-ақ, қоғамда этносаралық қатынастарға қатысты дұрыс түсінік қалыптастыру жайы сөз болды. Еліміздің әр өңірінен жиналған журналистер және «Қоғамдық келісімнің» журналистер клубының төрағалары қатысқан жиын үш күнге созылды.

Таныстық күні

Көшпелі отырыстың алғашқы күні әр облыстан келген журналистермен танысудан басталды. Таныстық барысында әр аймақтың өкілдері өздері туралы шағын ақпарат беріп, өңірлерде атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Отырыстың ашылуында алғаш болып сөз алған республикалық «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекеме директорының орынбасары Әлия Сапарова көшпелі отырыстың мақсатын атап өтті.

— Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының жанынан құрылған журналистер клубының кеңейтілген отырысы ерекше нұсқада өтті. Жиында төртінші билік өкілдері пікір алмасып қана қоймай, сондай-ақ, білім мен тәжірибе жинақтайды. Осы жылы журналистердің кәсіби деңгейін одан әрі арттыруға көп көңіл бөлінді. Алматының төріне тек журналистер қауымы емес, сонымен қатар сол өңірлердегі әкімшілік жанынан құрылған Қоғамдық келісім мекемелерінің баспасөз қызметкерлері де қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті, — дейді Ә.Сүйіндікқызы.

Тәжірибе алмасқан күн

Көшпелі отырыстың екінші күні Алматыдағы Қоғамдық келісім сарайында өтті. Оған ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов, ҚХА хатшылығының инспекторы Құлжан Мұхтар, «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекеме директорының орынбасары Әлия Сапарова, сондай-ақ, журналистер, өңірлердегі «Қоғамдық келісім» орталықтарының баспасөз хатшылары және қызметкерлері қатысты. Жиын барысында сарапшылар шынайы ақпараттың маңыздылығы және фактілермен жұмыс істеудің ерекшеліктерін електен өткізді. Сондай-ақ, ұлтаралық бірлікті сақтауда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі ерекше екенін атап өтті. Отырысқа арнайы қатысқан ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов журналис-терге Ассамблеяның жұмысына арналған тақырыптық жолақтардың шығарылымында ұйымдастыру-шылық және ақпараттық қолдау көрсетуге дайын екендігін білдірді.

— Мемлекет саясатының басым бағыты – этносаралық қатынастардың тұрақты дамуы. Осы жұмыста сіздердің рөлдеріңіз айқын, анық деп есептеймін. Қазіргі жаһандық жағдайда ақпараттық кеңістіктің секунд сайын өзгеруіне, фейк, ақпараттық манипуляция тарап жатқанына байланысты осы сала да үлкен бір қауіп-қатерге, тәуекелге тура келеді, — деді Қ.Ысқақов. Қанат Жұмабайұлының айтуынша, министрліктің келесі міндеті –
журналистер клубына жаңадан серпін беріп, оның сапалы жұмыс істеуіне жағдай жасау.

— Бұл клуб халыққа объективті ақпарат беруде елеулі ықпал ететін және қоғамдағы маңызды ұйымдардың біріне айналуы тиіс. Шетелдік әріптестердің тәжірибе-сіне сүйене отырып, бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысы этносаралық мәселелерді шешуде қалай әсер ететінін байқадық. Біздің ҚХА медиа-клубтары – әлеуеті жоғары институт. Енді министрліктің алдында клубты барлық жағдаймен қамтамасыз ету міндеті тұр. Бүгінде елімізде ұлтаралық байланысқа және тілге қатысты түрлі мәселелер орын алуда. Өзім медиа саласының адамы ретінде бұл бағытта қандай проблемалар бар екенін білемін. Сіз бен біз соларға үлкен мән беруіміз қажет, — деп түйіндеді вице-министр. Журналистер клубы отырысының жұмысы ашық диалогтық нұсқада 2 секция бойынша өтті. Жиынға қатысушылар жалпыұлттық бірлік пен келісімді одан әрі нығайтуға, қазақстандық қоғамдағы этнос-аралық қатынастарды үйлестіруге бағытталған тиімді ақпараттық-түсіндіру қызметінің тәсілдері мен тетіктерін талқылады. Кездесудің негізгі бөлігі аяқталған соң Журналистер одағының мүшесі, медиа менеджер, «Тұмар» ұлттық сыйлығының лауреаты Руслан Ыдырысов этносаралық қарым-қатынасты нығайту мақсатында «Қазақстан халқының келісімі мен бірлігі туралы» атты тренинг өткізді. Тренингте спикер ұлттардың бірлігін нығайту, олардың арасындағы мәселелерді шешу бойынша бірнеше мысал келтірді. Пайдалы кеңестен соң журналистер қауымы аталмыш тақырыпқа қатысты пікірлермен алмасты. Жиын барысында Түркістан облысының Қазақстан Халқы Ассамблеясының төрағасы Ерсұлтан Әмірбек өңірдегі этносаралық қатынастарды нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Өз сөзінде клуб төра-ғасы облыста бірлікті бекемдеу мақсатында облыстық қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Жол-жөнекей» телебағдарламасы эфирден жүйелі түрде беріліп келе жатқанын және этностар арасындағы достықты дәріптеген «Шаңырақ» кітап-жинағының жарыққа шыққанын алға тартты. Бұл орайда, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің вице-министрі Қ.Ысқақов Түркістан облысында этносаралық татулықты сақтау бағытындағы жұмыстарға оң бағасын беріп, өңірдің тәжірибесін республика көлемінде кеңінен енгізу керектігін айтты. Сондай-ақ, жиында сөз алған Түркістан облысы ҚХА Журналистер клубының мүшесі, «Turkistan Media Holding» холдингінің басқарушы директоры Тельман Бейсен депортация жылдары Қазақ жеріне тағдыр тәлкегімен қоныс аударған түрлі этностардың өткені мен бүгіні туралы тарихи деректерді БАҚ-та көбірек жариялаудың маңызды-лығына тоқталды. Бұл ретте, өткен ғасырда қоныс аударған этнос өкілдерінің қатары бүгінде күрт азайғанын, олар туралы сұхбаттар, сериялы деректі фильмдер топтамасы жасалса деген ұсынысын айта келе, оның мемлекетті нығайтуда құнды қазына болатынын жеткізді. Келесі кезекте «DEUTSCHE ALLGEMEINE ZEITUNG» респуб-ликалық неміс газетінің бас редакторы Олеся Клименко өз тәжірибесімен бөлісіп, этномедиа саласында газеттің атқарып отырған жұмыстарын атап өтті. Ал белсенді мобилограф, SMM маман Ақылбек Жақсыбеков қатысу-шыларға әлеуметтік желілердің пайдаланушысы ғана болмай, парақшаларын одан әрі дамытуға бірнеше кеңес берді.

— Бүгінде трендтегі видеоны түсіру немесе әлеуметтік желілерде ақпарат тарату — заман талабы. Журналистер қауымы өзіне міндеттелген жұмыстан бөлек, қосымша сайттарда да белсенді болуы қажет. Осы арқылы олар өздерінің атқарып жүрген жұмыстарын көрсетіп, оқырмандарды өзіне тарта алады, — дейді А.Жақсыбеков. Кәсіби мобилограф тренинг барысында «Instagram», «Tik-tok» секілді желілерде видеоларды түсіру әдістері туралы кең ақпарат берді.

— Біз фотосурет немесе видеоны қаз-қалпында жариялай саламыз. Дегенмен, оны сапалы түрде өңдесеңіз, қаншама қаралым жинайсыз. Алдымен парақ-шаларыңыздың бет-бейнесі болуы қажет. Кейін өзіңізді жарыққа шығарыңыз. Ал жариялағыңыз келген ақпаратты тек сурет  түрінде емес, видео ретінде салғаныңыз өтімді. Осы реттілікті сақтасаңыз, өз аудиторияңызды жинай аласыз, — деді өз сөзінде ол.

Фактчекинг және марапаттау

Бүгінде ақпарат айдынында әр минут-секунд сайын түрлі ақпа-раттарды көзіміз шалып жатады. Алайда оның ақ-қарасын ажырата алмай жатамыз. Осыған байланысты отырыстың соңғы күнінде Астана қаласынан арнайы келген тележүргізуші, журналист, «Voice Power» агенттігінің тренері Әлия Текенова «Фактчекинг құралы ретінде ақпаратты дамыту және қорғау» тақырыбында дәріс оқыды. Өзінің шеберлік сағаты барысында Әлия Текенова фактчекингке тұрақты мониторинг пен тексеру жүргізілетінін және резонанстық мәселелерде ақпараттың ақ-қарасын  ажырату жөніндегі ақыл-кеңесімен бөлісті. Сондай-ақ, ақпарат беруде фактілер мен сандарды қалай дұрыс қолдану керектігі жайлы баяндады. Үш күнге созылған көшпелі отырыстың соңында жиынға белсенді қатысқан қатысушылар марапатталды.

Айдана БОРАНБАЕВА,

Алматы қаласы.