Таяуда жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Тіл шебері» облыстық байқауы өтті. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы өткізген сайыста бірнеше тілді еркін меңгерген жастар бақ сынады.

 

Үш тілді жетік білетін жас буын өкілдері Жастар бастамаларын дамыту орталығында өзара сайысқа түсті. Байқаудың басты мақсаты – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жоғары деңгейде білетін жастарға қолдау көрсету, тіл мәдениетін көтеру, үштілділікті насихаттау. Оған облысымыздың аудан-қалаларынан 21-35 жас аралығындағы талапты жастар қатысты.

Тіл шеберлері додаға түскен сынақ 3 кезеңнен тұрды. Алғашқы кезең «Ел таным» деп аталды. Мұнда қатысушылар билет бойынша сұраққа 3 тілде жауап берді. Ал екінші «Сөз таным» кезеңінде мақал-мәтелдерді аударып, мағынасын ашу тапсырмасы берілді. Қатысушылар соңғы «Ой таным» кезеңінде таңдалған тақырып бойынша мемлекеттік тілде эссе жазды.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Саяуыш Сәдуақасов мұндай байқаудың тілдерді дамытудағы маңыздылығын атап өтті.

– «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» дегендей, ата жолдан жаңылмай, дәстүрлі тілдік шараны өткізіп жатырмыз. Байқау ауызша және жазбаша өтеді. Сонымен қатар, халқымыздың тарихына, әдет-ғұрпына, салт-дәстүріне байланысты  тапсырмалар қарастырылған, – деді ол.

Байқауда бақ сынаған 13 үміткердің білімі мен өнерін жергілікті жоғары оқу орындарының ғалымдары мен колледж ұстаздарынан құралған қазылар алқасы бағалап, үш тілде таза сөйлеуіне, сауатты жазу шеберлігіне мән беріп, шешімдерін шығарды.

Нәтижесінде бірінші орын Успен ауданының тұрғыны Бейбіт Сансызбайға бұйырса, екінші орынды Железин ауданының үміткері Аружан Бауыржанқызы иеленді. Май ауданының үміткері Жанболат Қайдар үшінші орынды еншіледі. Сайысқа қатысушылардың барлығы дипломдармен және Алғыс хаттармен марапатталды.

Даяна ИБАДЕЛЬДИНОВА,  Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті.