Аналардың зейнет жасын азайту керек пе?

Мау 11, 2026

Қазіргі таңда қоғамда қазақстандық әйелдердің зейнет жасын азайтуға қатысты мәселе қызу талқылануда. Тіпті, әлеуметтік желілер арқылы атқарушы билікке үндеу жасап жатқан белсенді аналар да аз емес. Себебі, жауапты мекеме өкілдері алдағы уақытта зейнет жасын ұлғайту жоспарланып отырғанын алға тартуда. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен құзырлы органдардың мәліметіне сүйенсек, бүгінде елімізде әйелдер 61 жасқа толғанда зейнеткер атанатын болса, бір жарым жылдан кейін, яғни 2028 жылдың 1 қаңтарынан бастап құрметті еңбек демалысына шығатын уақыты қосыла бермек. Сөйтіп, 2031 жылға қарай Қазақстандағы барлық азамат үшін бірыңғай зейнет жасы 63 болып белгіленеді деп күтілуде. Бұл жағдай көпшілік арасында пікірталас тудыруда. Сонымен, аналардың талап-тілегі қаншалықты орынды? Олардың зейнет жасын азайтқан жөн бе? Аталған мәселені «Алаңның» талқысына да салып көрген едік.   

Еркеғали ЖАНҒАЗЫ, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі:

– Бұл мәселе үлкен зерттеуді қажет етеді. Сондықтан бірден эмоцияға берілмей, әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, елдегі жағдайға қарап шешім қабылдаған жөн деп ойлаймын. Егер әйел адамдардың әлеуметтік белсенді-ліктері жақсарып, өмір сүру көрсеткіштері артып жатса және өздері де жұмыс істегісі келетін болса, мүмкіндік беру керек, әрине. Ал керісінше, егде жасқа дейін еңбек ету қиындық тудырып, жағдайлары келмей жатса, оны да қарау керек. Сондай-ақ, қызметтің ауырлығына, әр өңірдің ерекшелігіне, экологиялық мәселесіне де мән беру қажет. Мысалы, Семей полигоны аймағында тұратын аналарды 50 жасында, ұлағатты ұстаздарды бұрынғыдай 45 жасында зейнетке шығаруға болады. Бірақ бірден аналардың зейнет жасын азайту керек деп кесіп айту дұрыс емес. Жан-жағымызға қарап, қазақша айтқанда, «жеті рет өлшеп, бір рет кесіп» ойланған дұрыс. Мәселен, жапондардың орташа өмір сүру жасына келер болсақ, ерлер – 81,05, ал әйелдер жасы 87,09 екен. Осы сияқты біздің елдегі көрсеткіш те өсіп жатса, аналар ерте зейнетке шығып алып не істейді деген сұрақ туындауы мүмкін.

Света ӘБДІРАМАНОВА, «AMANAT» партиясы жанындағы өңірлік әйелдер қанатының басшысы, облыстық мәслихат депутаты:

– Қазақстандық әйелдердің зейнет жасын төмендету туралы мәселе көптен бері талқыланып келеді. Бірақ бұл дұрыс шешім деп ойламаймын. Өйткені, біріншіден, қазіргі кезде елімізде тұрғындардың өмір сүру ұзақтығы артып келеді. Сондықтан кәсіби қызметін жалғастырып, қоғамның дамуы мен ел экономикасын ілгерілетуге өз үлесін қосқысы келетін аналардың мүмкіндіктерін шектемеген жөн. Осы орайда зейнет жасын төмендеткеннен гөрі, көпбалалы немесе ауыр еңбек жағдайында жұмыс істейтін әйелдерге арнайы жеңілдіктер қарастырған тиімдірек болар еді. Яғни, аналардың жағдайын жақсартқымыз келсе, жалақысын көтеріп, денсаулығына көңіл бөліп, әлеуметтік қолдауларды күшейту керек.

Екіншіден, азаматтардың зейнетке шығу жасы артқан сайын зейнетақы жинақтарының көлемі де көбейе түсетінін ескерген жөн. Экономикаға тәжірибелі мамандар қажет кезде еңбекке қабілетті адамдарды ерте зейнетке жіберу мемлекетке де, қоғамға да тиімді емес екені сөзсіз. Осы жағын ескерген дұрыс болар.

Саягүл КҮРКІМБАЕВА, Павлодар қаласының тұрғыны, көпбалалы ана:

– Өз басым әйелдердің зейнет жасын ұлғайтуға қарсымын. Сондықтан қоғамда үздіксіз талқыланып жатқан «әйелдерді 55 жасында зейнетке шығару керек», «әр баласы үшін зейнет жасынан 2 жылды шегеріп алып тастау қажет», «бұрынғы 58 жас қайтарылсын!» деген сияқты ұсыныстармен толық келісемін. Себебі, аналарды 63 жасқа жеткенше еңкейтіп еңбек еткізіп қою деген мүлдем дұрыс емес. Шыны керек, қазіргі әйелдердің көбінің денсаулығы сыр берген. Яғни, он екі мүшесі сап-сау аналар аз, тіпті жоқ десем қателеспеймін. Өйткені, күнделікті ішіп-жейтін азық-түлік те, киетін киім де сапасыз. Экологиялық жағдай да сын көтермейді. Мұның бәрі денсаулыққа әсер етпей қоймайтыны жасырын емес. Кейде мектепке, ауруханаға барып қалсақ, сонда жұмыс істейтін егде жастағы әйелдердің физикалық тұрғыда шаршап, жүйке жүйесі жұқарып, әзер жүргенін көргенде жүрегің сыздайды. Неге аналар осындай аянышты күй кешуі қажет? Зейнет жасына жетпей-ақ өмірден өтіп кетіп жатқандары қаншама? Ойланатын жағдай…

«Алаңды» үйлестірген – Нұржайна ШОДЫР.