Павлодар өңірінде орналасқан «Қазқонақ» палеонтологиялық ескерткіші — табиғаттың миллиондаған жылдық тарихын бойына сақтаған бірегей нысан. Ертіс өзенінің оң жағалауында, қала аумағына жақын орналасқан бұл жер тек еліміз үшін ғана емес, бүкіл әлем ғылымы үшін маңызды.
Биыл, яғни 21 сәуір «Қазқонақ» палеонтологиялық ескерткіштің республикалық маңызы бар табиғи ескерткіш болып жарияланғанына 55 жыл толды. Ғылыми ортада кейде «Құс өткелі» атауымен де белгілі бұл ескерткіш — миллиондаған жыл бұрын тіршілік еткен ежелгі жануарлардың ізін сақтаған құнды мұра.
Аталған ескерткіш 1928 жылы мәскеулік палеонтолог Ю.А. Орловтың зерттеулері барысында ашылған. Кейінгі жылдары мұнда ауқымды қазба жұмыстары жүргізіліп, плиоцен-миоцен дәуіріне жататын ежелгі жануарлардың мыңдаған сүйек қалдықтары табылды. Ғалымдар бұл жерден бұғы, керік, мүйізтұмсық, гиппарион жылқысы және басқа да жануарлардың сүйектерін анықтаған. Бұл деректер сол кезеңде өңірдің табиғаты мүлде өзгеше болғанын көрсетеді.
— «Қазқонақ» – гиппарион фаунасының қалдықтары табылған орын. Бұл фауна шамамен 5–7 миллион жыл бұрын қазіргі Қазақстан аумағында мекендеген. Оның құрамына керіктер, мүйізтұмсықтар, семсер тісті мысықтар, гиеналар, мастодонттар, ежелгі бұғылар, антилопалар, түйеқұстар, тасбақалар және басқа да көптеген жануарлар енген, — деді мәдениеттану ғылымдарының кандидаты, Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің қауымдастырылған профессоры Валентина Алиясова.
«Қазқонақтың» ғылыми маңызы зор. Мұнда табылған қалдықтар арқылы мамандар ежелгі климаттық жағдайларды, жануарлар әлемінің даму кезең-дерін зерттейді. Сондықтан бұл нысан Қазақстандағы палеонтология ғылымының дамуына үлкен үлес қосып келеді.
— Ескерткіштің шекарасы 1971 жылғы 21 сәуірде Павлодар облыстық депутаттары және еңбекшілер кеңесі атқару коми-тетінің шешімімен белгіленген. Сол құжатқа сәйкес, нысан аумағы 2 гектарды құрайды. Батыс шекарасы Ертіс өзенінің оң жағалауындағы жардың жоғарғы жиегі бойымен 400 метр созылып, теміржол көпірінен ағыс бойымен жоғары қарай 460 метр жерден басталады, ал шығыс шекарасы аталған жар жиегінің жоғарғы бөлігінен 50 метр қашықтықта орналасқан. Қорымдағы қазба жұмыстарын тек Қазақ КСРО Ғылым академиясының зоология инуститутының рұқсатымен ғана жүргізуге болатын. Ал 1971 жылғы 7 желтоқсанда Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен «Қаз қонақ» республикалық маңызы бар табиғи ескерткіш ретінде жарияланып, мемлекет қорғауына алынған. Мұндай шешім қабылдауға жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижелері негіз болды. Ғалымдар ежелгі жануарлардың алуан түрлілігін анықтап, бұл орынды Сібір мен Қазақстандағы гиппарион фаунасын салыстыруға арналған эталон ретінде сипаттаған, — деді Валентина Алиясова.
Ғалымның айтуынша, бұл нысан Қазақстан табиғатын зерттеуде ерекше орын алады. Себебі мұнда табылған қалдықтар арқылы миллиондаған жыл бұрынғы табиғи жағдайлар, климат пен ландшафт ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік бар. Сонымен қатар жануарлар дүниесінің эволюциясы мен жойылу үдерістерін зерттеуде де маңызы зор. Бүгінде бұл жер оқу экскурсиялары мен далалық тәжірибелер өткізуге кеңінен қолданылады. Алайда уақыт пен табиғи факторлар ескерткішке өз әсерін тигізуде. Ол – Ертіс өзенінің үнемі опырылып отыратын жағалауында орналасқан. Көктемгі тасқындар мен еріген қар сулары жағалауды шайып, сүйек қабаттарының бұзылуына әкеліп соқтырады. Соңғы жылдары жағалауда өсімдіктер бар болғанымен, жоғарыдан ағатын сулар жыралардың пайда болуына әсер етуде.
— Нысанға ең үлкен қауіп – антропогендік әсер. Яғни тұрмыстық қалдықтармен ластану, рұқсатсыз қазба жүргізетін адамдардың әрекеті ескерткіштің сақталуына кері әсерін тигізуде. Сонымен қатар табиғи факторлар да жағдайды күрделендіруде. Соңғы онжылдықтарда Ертіс жағалауының бір бөлігі шайылып, нысан аумағы айтарлықтай қысқарған. Жалпы алғанда, ескерткіштің қазіргі жағдайы қанағаттанарлықсыз, тіпті апатты деңгейде деп бағаланады, — деді Валентина Алиясова.
Сарапшының айтуынша, ескерт-кішті сақтау үшін кешенді шаралар қажет. Ең алдымен, оны қорғаумен айналысатын нақты жауапты ұйымды анықтау маңызды. Сонымен қатар вандализмнің алдын алу, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, ғылыми зерттеулерді жалғастыру қажет. Әсіресе, сүйек қабаттарының толық зерттелмеуі ғылыми тұрғыдан әлі де үлкен мүмкіндіктер бар екенін көрсетеді.
«Қазқонақ» – тек ғылыми нысан ғана емес, сонымен қатар қала тұрғындары мен туристер үшін тартымды орын. Жергілікті жұртшылық бұл ескерткішке қызығушылық танытып, оның жағда-
йына алаңдаушылық білдіруде. Қоғам белсенділері мен ғалымдар нысанды сақтау бағытында түрлі акциялар өткізіп, бұқаралық ақпарат құралдарында мәселе көтеріп келеді.
— «Қазқонақтың» экотуризм мен ғылыми туризм орталығына айналу мүмкіндігі жоғары. Ол үшін тиісті инфрақұрылым қалыптастырып, нысанды сақтау мен пайдалану арасындағы тепе-теңдікті сақтау қажет. Болашақта ашық аспан астындағы музей құру, ғылыми-зерттеу орталығын ұйымдастыру секілді жобалар жүзеге асса, бұл орын еліміздің маңызды туристік және ғылыми орталықтарының біріне айналуы әбден мүмкін, — деді ол.
Табиғи мұра – қайталанбас құндылық. Егер ол жойылса, оның бойындағы миллиондаған жылдық ақпарат та бірге жоғалады. Сондықтан «Қазқонақ» сияқты ескерткішті сақтау – бүгінгі ұрпақтың басты міндеттерінің бірі.
Нұрайым ҚАЛЫБЕК.
Суретті түсірген – Е.Исабек.
