Марафонға тіркелу жалғасуда

Қыр 17, 2026

Елімізде «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны басталды. Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынып, жалпыхалықтық сипатта жүргізілуде. Ендеше, аталмыш марафонға қатысудың ережесі, тіркелудің талаптары қандай? Осы және өзге де сауалдарды облыстық мәдениет, тілдері дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Самал Сәменоваға жолдаған едік.

– Самал Елжасқызы, «Кітап оқитын ұлт» марафонына қандай санаттағы адамдар қатыса алады және тіркелу жолдары қандай?

– Республикалық «Кітап оқитын ұлт» жобасы тұрғындардың арасында тұрақты кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында қолға алынып отыр.  Жоба жеті бағыт бойынша жүзеге асады. Атап айтқанда, «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын әулет», «Кітап оқитын зияткер», «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» бағыттары. «Кітап оқитын мектеп» бағытының өзі бірнеше санатқа бөлінеді. Яғни, 6-10-сынып оқушылары қатысады. Енді қатысу шартына тоқталар болсақ, «reading-nation.kz», яғни, «Кітап оқитын ұлт» порталына тіркелу міндетті. Тіркелу өте қарапайым, барлығы рет-ретімен көрсетілген. Алдымен бағытыңызды, өңіріңізді және қатысу тілін таңдап, өзіңіздің жеке электронды почтаңыз арқылы тіркеуден өтесіз. Сол электронды почта мен логинді сақтап алып, жеке кабинетке кіресіз. Кітап оқу басталған кезде сол жеке кабинет арқылы әр оқыған кітабыңызға пікір жазып, ұпай жинайсыз.

– Аталмыш жобаны Павлодар облысында үйлестіру және ұйымдастыру жұмыстары қалай жүргізілуде?

– Жобаны өңірде үйлестіріп, тұрғындарды барынша көп тарту мақсатында С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханасының жанынан өңірлік жобалық кеңсе құрылды. Кеңсе мамандары мектептермен, колледждермен, жоғары оқу орындарымен және мемлекеттік мекемелермен жүйелі жұмыс жүргізуде. Яғни, оқырмандардың сұрақтарына жауап  беріп, тіркелу, қатысу, кітаптар табу жөніндегі сұрақтарға жауап береді.

– Қатысушылар барлық кітаптарды кітапханалардан таба ала ма?

– Белгіленген кітаптардың барлығы жергілікті кітапханалардан табылады деп айта алмаймыз. Бірақ, электронды кітапхана жүйелерінде барлық кітаптар бар. Атап айтар болсақ, «Яндекс книги», «Kitap» сынды қосымшалардан жүктеп оқуға болады.

– Әр санат бойынша қанша кітап оқу керек? Жоба соңында нәтижесі қандай жолмен шығарылады?

– Әр бағытқа қатысушылардың жасы мен қызығушылықтары ескеріле отырып 15 кітап дайындалған. Жалпы, тізімге «100 кітап» жалпыұлттық сауалнама нәтижесінде таңдалған шығармалар мен әлемдік бестселлерлер енгізілді. Мысалы, «Оқитын мектеп» бағыты үшін 6–10-сынып оқушыла-рының ой-санасына лайықталған 75 кітап тізімі әзірленген. Ал жоба аяқталғаннан кейін оның жеңімпаздарын анықтау жұмысы бірнеше кезеңмен жүргізіледі. Алдымен жоғарыда атап өткендей, оқыған кітабы туралы пікір жазып, ұпай жинайды. Бір кітапқа толық пікір үшін 250 ұпай берілсе, видеопікір түсірген қатысушыға қосымша 50 ұпай береді. Одан өткен оқырмандар тестілеу және пікірсайыс сынақтарына қатысу арқылы өздерінің оқығандарын дәлелдейді.

– Қазіргі күні Павлодар облысы бойынша қанша оқырман тіркелді? Тіркеу қашанға дейін жалғасады?

– Тіркелушілердің басым бөлігін колледж студенттері құрайды. Атап айтқанда, колледждерден 12 мыңнан астам адам тіркелген болса, педагогтер саны 5 мыңға жуықтады. Сонымен қатар, 6 мыңнан астам мектеп оқушылары, 2 мыңнан астам жоғары оқу орны студенттері, 4 мыңнан астам мемлекеттік қызметшілер тіркеліп үлгерген. «Зияткер» бағытына 1,5 мыңға жуық тұрғын тіркелген болса, «Кітап оқитын әулет» бағыты бойынша қатысушылар саны әзірге 200-ге жуықтады. Жобаға қатысуға өтінім беру  мерзімі 27 қыркүйекке дейін ұзартылды. Бұл кітап оқуға қызығу-
шылық танытқан тұрғындарға жобаға қосылуға қосымша мүмкіндік береді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Тілеуберді САХАБА.