Облысымыз табиғи су ресурстарына бай аймақтардың қатарында. Осы әлеуетті тиімді пайдалану мақсатында соңғы жылдары балық шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Соның жарқын мысалы – Май ауданында жүзеге асырылып жатқан ауқымды балық өсіру жобасы.
Биыл ауданның Баскөл ауылдық округіне қарасты Жаңатілек ауылында балық өсіру ісі алғаш рет кең көлемде қолға алынды. Жоба жүзеге асырылып жатқан көлдің аумағы шамамен 200 гектарды құрайды. Қазіргі уақытта су айдынында 20-30 тонна көлемінде балық қоры бар болса, оның 8-10 тоннасы тауарлы балық ретінде нарыққа шығаруға дайын.
Шаруашылық басшысы Талғат Қапаровтың айтуынша, биыл көлді балықтандыру жұмыстары бұрын-соңды болмаған ауқымда жүргізілуде. Жоспар бойынша су айдынына тұқы балығының 300 мың дернәсілі мен 10 мыңға жуық біржылдық шабағы жіберіледі. Бұл көлдегі балық қорын молайтып қана қоймай, алдағы жылдары өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
– Биылғы жоба – шаруашылық тарихындағы алғашқы ірі бастама. Балық өсіруге қажетті арнайы бассейндер дайындалып, өсіру және қоректендіру алаңдары жабдықталды. Алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайту жоспарымызда бар, – дейді шаруашылық басшысы.
Жобаның тағы бір маңызды қыры – өндірілген өнімнің
жергілікті нарыққа бағытталуы. Шаруашылық балығы облыс аумағынан тыс шығарылмайды. Бұл тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді өніммен қамтамасыз етуге жол ашады.
– Балық өнімдерін облыс тұрғындарына ұсынамыз. Демалыс күндері ұйымдастырылатын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне қатысып, өнімді әлеуметтік бағамен сатамыз. Басты мақсатымыз –
тұрғындарды сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету, – дейді Т.Қапаров.
Мамандардың айтуынша, балық шаруашылығын дамыту өңір экономикасына оң әсерін тигізіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына да ықпал етеді. Сонымен қатар жергілікті кәсіпкерліктің дамуына серпін беріп, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.
Бүгінде шаруашылық жылына 15-16 тонна өнім өндіруді жоспарлап отыр. Алғашқы ірі көлемдегі балық өнімі күз мезгіліне қарай нарыққа шығарылады. Қазірде өнімді өткізуге ниетті серіктестер де анықталған.
Табиғи байлықты тиімді пайдаланып, ауыл шаруашы-лығының жаңа бағытын дамы-туға бет бұрған бұл жоба алдағы уақытта өңірдегі балық шаруашылығының өркендеуіне негіз болмақ.
Айдана БОРАНБАЕВА.
