Мүгедектігі бар азамат үшін санаторийлік-курорттық ем – жай ғана демалыс емес, денсаулығын жақсартуға, қозғалысын қалпына келтіруге және күнделікті өмірге бейімделуге қажет маңызды оңалту шарасы болып табылады. Мұндай адамдар үшін мемлекет шипажайға жолдама беріп, ем-дом шығынын белгілі бір деңгейде өтейтінін кейбіреулер біле бермейтіні шындық. Ал осынау оңалту шаралары барлық мүгедектігі бар азамат үшін қолжетімді ме? Бұл ретте, жарымжан жандарға қандай қолдау көрсетіледі және олар нені білуі қажет? Осы және өзге де сұрақтарымызға жауап алу үшін облыстық жұмыспен қам-туды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мүгедектігі бар адамдармен жұмыс істеу бөлімінің басшысы Морозова Зоя Павловнамен сұхбаттасқан едік.
– Мемлекет тарапынан мүгедектігі бар азаматтардың шипажайларға барып, оңалту қызметтерін алуына мүмкіндік беріле-тінін білеміз. Бұл бағыттағы жұмыстар облысымызда қалай жүзеге асуда? Сондай-ақ, биыл 1 тамыздағы жағдай бойынша аймақтағы жарымжан азаматтардың нешеуі шипажайда ем алды?
– Мүмкіндігі шектеулі тұлғаларды санаторийлік–курорттық емдеумен қамтамасыз ету қызметі қолданыстағы заңды негізге ала отырып, әлеуметтік қызметтер порталы (aleumet.egov.kz) немесе мемлекеттік сатып алулар жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Сол бойынша тиісті медициналық көрсеткіштері және абилитация мен оңалтудың жеке бағдарламасы (АОЖБ) ұсынылған әрбір мүгедектігі бар азамат арнайы порталда тіркелген шипажайлар қатарынан сауықтыру үшін санаторийлік-курорттық ұйымды таңдап, сол мекемеде оңалту қызметтерін ала алады. Мәселен, аймақ бойынша ағымдағы жылдың 1 тамызына дейін 1587 мүгедектігі бар ересек адам мен мүгедектігі бар бала санаторийлік-курорттық емдеумен қамтамасыз етілді.
– Кейбір науқастар қымбат шипажайды таңдаса, мемлекет оның белгілі бір сомасын ғана төлейді, ал айырмасын азамат өз қалтасынан шығарады деп естідік. Бұл қаншалықты дұрыс және рас? Әсіресе, табысы төмен, тұрақты күтімді қажет ететін мүгедектігі бар азаматтар сапалы ем алу үшін қосымша ақша төлеуге шамасы жетпесе не істеуі қажет?
– Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы санаторийлік-курорттық емдеумен қамтамасыз етудің қолданыстағы қағидаларына сәйкес, мемлекет бұл қызмет үшін кепілдік берілген өтемақы сомасын бөледі. Бұл жүйе іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін түсіндіре кетер болсам, порталда әртүрлі санаторийлер ұсынылатын болады. Егер таңдалған санаторийдегі жолдама құны мемлекеттің кепілдік берілген сомасына тең немесе одан төмен болса, онда қызмет бюджет қаражаты есебінен толығымен жабылады. Яғни, мүгедектігі бар азамат өз қалтасынан қаражат төлемейді. Ал егер азамат ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі белгілеген кепілдік берілген сомадан асатын санаторийді таңдаса, онда айырмашылық шынымен де қызмет алушының өз қаражаты есебінен төленуі тиіс. Бұл норма ҚР Әлеуметтік кодексінің 168-бабының 3-тармағында көзделген. Сондай-ақ, аз қамтылған азаматтар не істеуі керек деген мәселеге тоқталар болсақ, әлеуметтік қызметтер порталында барлық санаторийлер қосымша төлеммен қызмет көрсетпейтіні, мүгедектігі бар адам қосымша төлем жасамай-ақ, тек мемлекет өтейтін сома шегінде санаторийді таңдай алатыны көрсетілген. Сондықтан азаматтар қолда бар мүмкіндікті мүлт жібермегендері жөн деп санаймын.
– Мүгедектігі бар адамдардың көпшілігі шипажайға жолдама алумен қатар, оған жету, жолақы, еріп жүретін адамның шығыны, қосымша медициналық қажеттіліктер, басқа да мәселелер бар екенін айтып жатады. Мемлекет осы шығындардыңқай бөлігін өтейді? Жалпы, нақты қандай қолдаулар қарастырылған?
– Санаторийлік-курорттық емдеуді ұсыну қағидаларына сәйкес мемлекет тарапынан шипажайдағы емдеу құны, оның ішінде тұру, тамақтану, емшаралар шығыны белгіленген кепілдік бойынша төленеді. Ал жол жүруге келетін болсақ, санаторийлік-курорттық емдеу орнына және кері қайтуға арналған жол шығындарын төлеу мүгедектігі бар адамның өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Сонымен қатар, мүгедектігі бар балалардың заңды өкілдері үшін жолдама құнының 70 пайызын мемлекет есебінен жабу көзделгенін айта кеткен жөн. Сондай-ақ, облыс қалалары мен аудандары мәслихаттарының шешімі бойынша І топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін санаторийдегі сүйемелдеуші адамның тамақтануы, тұруы және жол жүруі үшін 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек көзделген. Ал мүгедектігі бар баланың заңды өкілі үшін де осындай біржолғы төлем қарастырылған. Бірақ жолдаманың 70 пайызын мемлекет жабатынын ескере отырып, оның мөлшері 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде белгіленген.
– Елдегі шипажайларда пандус, арнайы бөлме болуы керек және санитарлық жағдай сақталуы тиіс деген талап қойылып жатқанын білеміз. Ал оның орындалуы қалай бақыланады? Мәселен, азамат шипажайға барғаннан кейін уәде етілген жағдайдың жоқ екені анықталса, мемлекет
оның құқығын қалай қорғайды?
– Әлеуметтік қызметтер порталына өтініш білдіретін және мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсетуге үміткер барлық санаторийлік-курорттық ұйымдар тіркеу рәсімінен өтеді және онда халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарына кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі талаптардың сапа стандарттарына сәйкес келуі қатаң бақыланады. Яғни, пандустар, мамандандырылған тұтқалар, бейімделген санитарлық тораптар және басқа да мәселелерді жауапты мекемелер жіті қадағалайды.
Ал егер азамат санаторийге келгеннен кейін ондағы жағдай талапқа сай келмейтінін немесе өз құқықтарының бұзылғанын байқаса, бірден әлеуметтік қызметтер порталы арқылы шағым қалдыра алады. Бұл шағымды арнайы комиссия қарап, тиісті шара қабылдайды. Орын алған олқылықтар оң шешімін таппаған жағдайда аталған санаторий порталдан шығарылуы мүмкін.
– Шипажайдағы оңалту шаралары адамның өмір сапасын жақсартып жатқанына мемле-
кет тарапынан зерттеу жүргізіле ме? Яғни, қанша адамның барғаны емес, барып ем алғаннан кейінгі науқастың денсаулығы, қозғалысы, күнделікті өмірге бейімделуінің өзгергені туралы қорытынды жасала ма?
– Әлеуметтік қорғау органдары мұндай мониторингті жүзеге асырмайды. Өйткені, бұл жұмыс құзырет шеңберінен тыс деп айтуға болады. Бір анығы, санаторийлік-курорттық емдеу қызметі тұрғындар үшін де, науқас азаматтар үшін де үлкен сұранысқа ие екенін атап өткен жөн. Қалай десек те, мұндай сауықтыру шипажайларына барған азаматтардың денсаулығында оң өзгерістер орын алатыны анық.
– Ақпаратыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.
