Шопан еңбегі зиянды санатқа енуі керек пе?

Сәу 30, 2026

Елімізде кеніш, теміржол, өндіріс және т.б. бірқатар салада жұмыс істейтін мамандар зиянды еңбек санатына жатқызылып, оларға мемлекет тарапынан бірқатар әлеуметтік жеңілдік қарастырылған. Тіпті, бірнеше жыл бұрын 55 жастан зейнетке шығу мүмкіндігі қарастырылды. Алайда мал шаруашылығының өкілдері, әсіресе шопандар олардың қатарынан тыс қалып келеді. Жуырда Мәжіліс мінберінде халық қалаулылары олардың еңбегін де зиянды жұмыс қатарына енгізуді ұсынды. Егер бұл ұсыныс қолдау тапса, шопандарға да ерте зейнетке шығу, еңбек демалысының ұзартылуы, медициналық тексерістердің жиі жүргізілуі және еңбек жағдайына байланысты қосымша өтемақылар қарастырылуы мүмкін. Бұл ұсыныс қаншалықты қисынды? Олардың еңбегі шынымен зиянды ма? Бұл мәселені біз де «Алаңның» талқысына салып көрдік.

 

Бөкен ҚЫЗҒАРИН, Социалистік Еңбек Ері, ауыл шаруашылығы саласының ардагері:

– Шопанның жұмысы бұрын әлдеқайда қиын болатын. Өйткені ол кезде еңбек көбіне таза қолдың күші мен өмірлік тәжірибеге сүйенді. Қойды қыста ақтүтек боранда да, жазда аптап ыстықта да өзі бастап айдап, табиғаттың әр мінезіне қарсы тұруға тура келетін. Қора-қопсысы да қарапайым болды. Байланыс жоқ, техника жоқ, жол жоқ. Адам малымен бірге далада қыстап, жазда жайлауға көшіп жүрді. Сол кездегі шопандардың үлкен тірегі шыдам еді. Ал қазіргі шопанның жағдайы бірнеше есеге жеңілдеді. Техника бар, көлік бар, ұялы байланыс пен түрлі құрылғы қолжетімді. Кейбір шаруашылықтарда тіпті дрондар мен малды қашықтан бақылауға мүмкіндік беретін заманауи технологиялар енгізіліп жатыр. Соған қарамастан, бұл кәсіпке қызығушылық мүлдем төмендеп кетті. Себебі мәселе тек жұмыстың қиындығында емес, жалпы өмір сүру сапасында жатыр. Егер шопандарға тұрақты әрі лайықты еңбекақы төленіп, жайлы баспана, сапалы жол, тұрақты байланыс, медициналық қызмет сияқты негізгі қажеттіліктер қамтамасыз етілсе, бұл салаға бет бұратын азаматтардың саны артар еді. Оған қоса, шопан еңбегін тек ауыр жұмыс ретінде емес, елдің азық-түлік қауіпсіздігіне үлес қосатын маңызды әрі құрметті кәсіп ретінде бағалау қажет.

 

Қалауиден ИБРАГИМОВ, облыстық мәслихаттың депутаты:

– Мал шаруашылығы саласында жұмыс істейтін адамның барлығы жыл-он екі ай бойы табиғаттың қатаң жағдайында еңбек етеді. Қыстың қақаған аязы, жаздың аптап ыстығы, көктем мен күздің жауын-шашыны кедергісін келтірмей қоймайды. Мұндай жағдайда үздіксіз еңбек ету кез келген адамның денсаулығына кері әсе ететіні белгілі.

Мемлекет шахтерлер мен мұнайшыларға зиянды еңбек санаты бойынша әлеуметтік жеңілдіктер ұсынады. Ендеше, неге мал шаруашылығында еңбек етіп жүрген азаматтарға да дәл осындай қолдауды көрсетпеске? Олар да елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ауыл экономикасының негізін ұстап отыр. Егер Мәжілісте көтерілген бұл бастама қолдау тапса, шопандардың әлеуметтік жағдайы айтарлықтай жақсарады. Ерте зейнетке шығу мүмкіндігі, тұрақты медициналық тексерулер, еңбек жағдайына байланысты қосымша өтемақылар – мұның бәрі осы саланың беделін көтеруге жол ашады.

Жалпы, мал соңында жүрген шопан, жылқышы, малшы секілді азаматтардың еңбегі соңғы жылдары өзінің мән-мағынасын, мәртебесін жоғалтты. Ауылдықтардың қалаға жаппай көшуінің де бір себебі осы шығар. Осы бастама қолдау тапса, тұрғындарды елді мекендерде тұрақтандыруға мүмкіндік болар еді деп ойлаймын. Сондықтан бұл ұсынысты қолдаймын.

 

  Арғын ЖҰМАБЕКОВ, «Артаза» шаруашылық қожалығының басшысы:

– Иә, бүгінгі таңда мал бағатын адамдарға көп салмақ түсіп отыр. Бірақ, менің ойымша, шопандарға жеңілдіктерді кеңейту немесе зейнет жасын қысқарту сырттай қарағанда әлеуметтік қолдау сияқты көрінгенімен, ауылдағы еңбек нарығына кері әсер етуі мүмкін. Себебі онсыз да маман тапшылығы туындап отырғанда зейнетке ерте шығатын болса, шопандар саны тіпті азайып кетеді. Нәтижесінде тұрақты мал бағатын еңбек күші азаяды. Бұл әсіресе шағын шаруашылықтар үшін қиындық туғызады.

Тағы бір мәселе – егер шопан мәртебесі бөлек жеңілдіктермен ерекшеленсе, кей адамдар «ресми шопан» болып тіркелуге тырысуы мүмкін, ал шынайы еңбек бөлінісі өзгеріп кетеді. Сондықтан мұндай өзгерістер қысқа мерзімді әлеуметтік жеңілдік берсе де, ұзақ мерзімде ауыл шаруашылығының тұрақтылығына әсер етуі мүмкін. Шопан санын сақтау үшін дұрыс жол – жеңілдік арқылы емес, ауылдағы өмір сапасын көтеру, табысты арттыру және еңбек жағдайын жақсарту деп ойлаймын.

«Алаңды» үйлестірген – Айдана БОРАНБАЕВА.