Қазақ тілін меңгерген Дмитрий

Сәу 30, 2026

Павлодарлық Дмитрий Бабулиди – этно-саралық келісім мен мемлекеттік тілді дамыту ісіне белсене араласып жүрген жас буын өкілі. Ұлты грек болғанымен, өзін Қазақстан қоғамының ажырамас бір бөлігі ретінде санайды. Қазіргі уақытта ол Торайғыров университетінде «Құқықтану» мамандығы бойынша білім алып жүр.

Дмитрий бала кезінен қоғамдық өмірге ерте араласты. 9 жасынан бастап ол «Достық үйінде» өтетін түрлі мәдени іс-шараға белсенді түрде қатыса бастады. Осы орта оның тұлғалық қалыптасуына зор әсер етіп, көпұлтты Қазақстан қоғамының құндылықтарын терең түсінуіне жол ашты. Сол жылдары ол «Эльпида» грек этномәдени бірлестігімен танысып, оның жұмысына біртіндеп араласа бастады. Бүгінде Дмитрий – осы бірлестіктің жастар көшбасшысы және облыстық «Ассамблея Жастарының» белсенді мүшесі.

Дмитрийдің сөзінше, оның басты мақсаты – қоғамда әділеттілікті нығайтуға үлес қосу.

– Мен әділеттілікке ұмтыламын. Сондықтан болашақта құқық саласында жұмыс істегім келеді. Ол үшін жақсы оқу, дұрыс ойлау, сауатты сөйлеу және мемлекеттік тілді жетік меңгеру керек деп ойлаймын. Қазақстанда тұрып, мемлекеттік тілді білу – менің азаматтық міндетім, – дейді ол.

Дмитрий үшін білім алу тек университет қабырғасымен шектелмейді. Ол өзін-өзі дамытуға, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысуға және түрлі мәдени жоба арқылы тәжірибе жинауға ерекше мән береді. Бос уақытында кітап оқып, достарымен серуендейді, театрға барып, рухани дамуға да көңіл бөледі.

Оның айтуынша, қазақ тілін меңгеруге отбасының тәрбиесі мен ұстаздары зор ықпал еткен. Анасы әрдайым көп тіл білу – болашақта бәсекеге қабілетті маман болудың маңызды шарты екенін айтып отырған. Бұл сөздер оның өмірлік ұстанымына айналған. Қазіргі уақытта ол «Ана тілі» курстарына қатысып, мемлекеттік тілді жетілдіруге ерекше назар аударуда. Оған қоса, қазақ тілін тек оқу пәні ретінде емес, елге деген құрмет пен жауапкершіліктің көрінісі ретінде қабылдайды. Ол қазақ тілін бала кезінен орыс тілімен қатар естіп өскендіктен, бұл тіл оның өмірлік ортасының бір бөлігіне айналған. Сондықтан мемлекеттік тілді меңгеруді өз болашағымен тікелей байланысты міндет деп санайды.

Сонымен қатар, ол Қазақстан халқы Ассамблеясының жастарға арналған жобаларына белсенді қатысады. «Бірлік–Единство.KZ», «Insta-сөздік», тіл клубтары, «Үйде сөйле» бастамасы және патриоттық ән фестивальдері жастардың дамуына, тіл үйренуіне, шығармашылық қабілетін ашуға және қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған маңызды алаңдар ретінде оның өмірінде ерекше орын алады. Бұл жобалар арқылы ол әртүрлі этнос жастарының бір-бірін жақсы түсінуіне және ортақ құндылықтарды дәріптеуіне үлес қосып жүр.

Дмитрий Қазақстанды түрлі этнос бейбіт өмір сүретін ортақ үй деп бағалайды. Оның пікірінше, елдегі татулық пен бірлік – басты құндылықтардың бірі. Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастыратын мәдени іс-шаралар, «Достық үйіндегі» кездесулер, сондай-ақ Наурыз, Тәуелсіздік күні, Конституция күні секілді мерекелер қоғамдағы өзара сыйластықты нығайтып, ортақ рухты қалыптастырады.

– Біз – Қазақстанның болашағымыз. Қателесуден қорықпай, қазақ тілінде сөйлеуге тырысуымыз керек. Тіл – тек қарым-қатынас құралы емес. Ол – бірліктің негізі, – дейді Дмитрий.

Оның өмірлік ұстанымы – білім, еңбек және тілге деген құрмет арқылы қоғамға пайда тигізу. Осы бағытта ол болашақта мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істеп, ел дамуына өз үлесін қосуды мақсат етеді.

Айдана БОРАНБАЕВА.