Облысымыздағы ұлтаралық келісім мен қоғамдық бірлікті нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстар жылдар бойы үздіксіз жалғасып келеді. Бұл үдерісте жергілікті Қазақстан халқы Ассамблеясы мен этномәдени бірлестіктер айрықша рөл атқарып отыр. Солардың ішінде облыстық Джафар Махмудов атындағы «Ватан» әзербайжан қоғамдық бірлестігінің қызметі қоғамдық келісім мен мәдени әртүрлілікті дамытуда маңызды орын алады.
«Ватан» әзербайжан қоғамдық бірлестігінің құрылуы Джафар Махмудовтың есімімен тікелей байла-нысты. Себебі Джафар Джафаровичтің тәуелсіз Қазақстанның алғашқы қалыптасу жылдарында ел ішіндегі бірлікті нығайтуға, түрлі этнос арасындағы өзара түсіністікті арттыруға айрықша үлес қосты. Сонымен қатар, этномәдени бірлестіктердің дамуына қолдау көрсетіп, Қазақстан халқы Ассамблеясы аясындағы қоғамдық жұмыстардың жандануына ықпал етті. Оның бастамалары елдегі этносаралық татулық пен тұрақтылықты нығайтуға негіз болды.
Ұйымның негізгі мақсаты – Қазақстандағы әзербайжан қауым-дастығын біріктіру, олардың мүдде-
сін Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында таныстыру, ұлттық мәдениетті насихаттау және жастардың қазақ-стандық қоғамға бейімделуіне қолдау көрсету. Сонымен қатар, бірлестік Қазақстан Республикасының Прези-денті жүргізіп отырған мемлекеттік саясатты қолдай отырып, елдегі тұрақтылық пен бірлікті нығайтуға өз үлесін қосып келеді.
Джафар Джафаровичтің ұлы, қазіргі уақытта бірлес-тіктің төрағасы Муслим Махмудов басқару ісінде әкесі өзіне зор жауапкершілік жүктегенін айтады. Оның ойынша, бұл — тек отбасылық дәстүр емес, қоғам алдындағы азаматтық міндет. Сондай-ақ, сол қағидаттардың маңызын жоғалтпағанын, керісінше, уақыт өткен сайын олардың құндылығы арта түскенін алға тартады. Оның айтуынша, бүгінгі күнде бірлік пен өзара құрмет кез келген қоғам дамуының басты негізі болып қала береді.
– Әзербайжандардың Қазақ-станға қоныс аудару тарихы 1933-34 жылдардан басталды. Сталиндік режимнің салдарынан жер аударуға мәжбүр болғанын ескерсек, олардың түрік және ирандықтармен қарым-қатынасын үзуді мақсат еткен. Осыған орай 120-130 мың әзербайжан Қазақстанға келіп, оңтүстік өңірлерде қоныстанған. Қазақ пен әзербайжан қай жағынан да ұқсас. Салт-дәстүріміз де жақын. Сондықтан қазақ халқы құшағын ашып, жылы қабылдады. Қиын-қыстау кезеңде демеу болып, аман қалуға жәрдем берді. Бұл қарым-қатынас бұрынғыдан да бекіп, ынтымағы арта түсті, – дейді М.Махмудов.
Бүгінде облыстық «Ватан» әзербайжан қоғамдық бірлестігінің Екібастұз қаласы мен Тереңкөл ауданындағы бөлімдері белсенді қызмет атқарып келеді. Қазір олардың құрамында 170-тен астам адам бар. Бұл ұйымдар ұлттық мәдениетті сақтау мен дамытуға, сондай-ақ өңірдегі қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған. Олардың жұмысы бүкіл өңірлік қоғам өмірімен тығыз байланысты.
Мәдени өмірде ерекше орын алатын шығармашылық ұжымдарының бірі — «Одлар Юрду» вокалдық ансамблі. Бұл ұжым әзербайжан халқының бай музыкалық мұрасын дәріптеп, ұлттық өнерді кеңінен насихаттауға бағытталған түрлі мәдени іс-шараға тұрақты түрде қатысады. Ансамбльдің қызметі тек өнер көрсету емес, сонымен қатар жас ұрпаққа мәдени құндылықтарды жеткізудің маңызды құралына айналған. Одан бөлек, ұлттық дәстүрлер мен мерекелерді сақтау және оларды кеңінен таныту бағытында да белсенді. Мәселен, жыл сайын Новруз байрам, Оруджлуг байрам, Гурбан байрам сияқты маңызды мерекелер жоғары деңгейде аталып өтеді. Мұндай мерекелер әртүрлі этнос өкілінің бір-бірін жақын танып, ортақ құндылықтарды сезінуіне мүмкіндік береді. Бірлестік мүшелері «Қамқорлық», «Қайырымдылық керуені», «Мектепке жол» сияқты түрлі қайырымдылық акцияларына да белсенді қатысады. Сонымен қатар, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына көмек көрсетуге бағытталған «Трамвай дружбы» әлеуметтік жобасын жүзеге асыруда. Бұл бастамалар қоғамдағы өзара қолдау, мейірімділік және жауапкершілік құндылықтарын нығайтуға ықпал етеді.
Ұрпақ тәрбиесі мен ұлттық мұраны сақтау мәселесі де назардан тыс қалған емес. Қанат Даржұман атындағы Ұлттық жаңғыру мектебі жанындағы әзербайжан бөлімінде балалар ана тілін меңгеріп, өз халқының тарихы мен мәдениетімен терең танысады. Бұл жұмыс мәдени сабақтастықты сақтаудың және ұлттық бірегейлікті нығайтудың маңызды бөлігі болып саналады.
Осылайша, облыстағы «Ватан» әзербайжан қоғамдық бірлестігінің қызметі тек мәдени шаралармен шектелмей, қоғамдық келісімді нығайтуға, әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға және ұрпақтар сабақтастығын сақтауға бағытталған кешенді жүйеге айналған. Бұл тәжірибе Қазақстан қоғамындағы көптүрлілік пен бірліктің қатар дамуының нақты көрінісі ретінде бағаланады.
Айдана БОРАНБАЕВА.
