Ұлы көш: орындалған арман, ойландырған мәселе…

Шіл 2, 2026

Осыдан отыз бес жыл бұрын басталған ұлы көш қазақтың сан ғасырлық сағынышын басып, әлемнің әр түкпірінде тарыдай шашылған қандастардың атамекенге деген аңсарын ақиқатқа айналдырды. Тағдырдың жазуымен бір кездері шекараның ар жағында қалған миллиондаған қазақ үшін тарихи Отанына оралу арман болса, бүгінде ол орындалды. Алайда артта келген ағайын енді атажұртымен қауыша ала ма? Қандастар мәселесі толық шешілді ме? Көші-қон саясаты қандай болуы керек? Осы және өзге де өзекті сұрақтарымызға жауап алу үшін осы саланың «отымен кіріп, күлімен шығып» жүрген азамат, «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» РҚБ-нің Павлодар облыстық филиалының басшысы Болат Заутұлымен сұхбаттасқан едік.   

– Болат аға, әңгіменің әлқиссасын ұлы көштің тарихынан бастасақ…

– Иә, әлем бойынша көші-қон саласы өте күрделі, шешілуі қиын мәселе ғой. Ал Қазақстанға келер болсақ, Қазақ елі тәуелсіздігін жарияламай тұрып-ақ көші-қон тақырыбы көтерілген еді. Сөйтіп, 1990 жылдың желтоқсан айында Моңғолия мемлекеті Еңбек министрлігінің жанында еңбек биржасы құрылды. Ұлы көштің басталуына  Моңғолиядағы қазақтардың сол елдің үкіметіне толассыз жіберген ұсыныс-хаттары мен арыздары түрткі болды. Сонымен қатар, алыстағы ағайынның атажұртпен қауышуына Моңғолия Халық Республикасы Премьер-министрінің орынбасары қызметін атқарған мемлекет және қоғам қайраткері, көшті ұйымдастырушы идеологымыз Зардыхан Қинаят-ұлының да үлкен үлес қосқанын атап өткен жөн.

Осылайша, 1991 жылы наурыз мейрамы қарсаңында Моңғолия елінде қазақ көшінің тізгінін ұстаған Аятхан Тұрысбекұлы, Сағат Заханқызы және сол уақытта Моңғолия құрылыс вице-министрі болған Зұқа Жапарұлы бастап, түрлі маман иесінен құралған 72 жас азаматты атажұртқа жеткізу үшін жолға шығады. Олар алдымен Қазақстанға жұмысшы күшін жіберу үшін Моңғол Үкіметінен рұқсат алады. Қоныс аударушы ағайын Талдықорған облысының Сарыөзек, Кербұлақ ауданына құрылысшы, малшы болып барады. Бұдан кейін «Қазақстанға жұмыс күшін алып жатыр» деген хабар Моңғолияның түкпір-түкпіріне тез тарап, жан-жақтан көшуге ниет білдірген қазақтар Ұланбатыр қаласына ағылып, еңбек биржасындағы мамандардан ақыл-кеңес сұрай бастайды. Шетелге шығатын паспортына тапсырыс беру, келісімшарт жасау сияқты дайындық жұмыстарына қызу кірісіп кетеді. Іле-шала 1991 жылдың мамырынан бастап қараша айына дейінгі аралықта Ұланбатыр, Эрдэнэт, Багануур, Налайх қалалары мен Ховд, Дорноговь, Сэлэнгэ аймақтарында тұрып жатқан зиялы қауым өкілдері отбасымен бірге атамекенге көшіп келе бастайды. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, тек 1991–1992 жылдар аралығында Моңғолиядан 45 мыңға жуық адам Қазақстанның 8 облысына қоныс аударған екен. Бұл облыстардың қатарында Ертіс-Баян өңірі де бар. Нақтырақ айтқанда, 1991 жылдың маусым-қыркүйек айларында Моңғолияның әр аймағында бытырап жүрген 165 отбасы, яғни 620 адам Ұланбатыр – Иркутск – Новосибирск арқылы Павлодар облысының Баянауыл, Май  аудандарына көшіп келді.

Негізі, 1991 жыл – қазақтың маң-дайына бақ қонып, өшкені жанып, жоғалғаны табылған ең берекелі жыл болды десек, артық айтқандық болмас. Елбасының тапсырмасымен Қазақ КСР Министрлер кабинеті қабылдаған №711 Қаулы ресми түрде көштің байсалды, көлікті болуына жол ашты. Бұл құжат 1991 жылы 18 қараша күні қабылданды. Көп ұзамай жаңа жыл қарсаңында тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Алыста жүрген ағайынға ақ тілек» атты үндеуін жариялап, шеттегі қандастарды елге шақырған еді.  Бабаларымыз ғасырлар бойы арман еткен егемендікке қол жеткізіп, жеке шаңырақ көтеріп шыққанына қуанғанынан әлемдегі әрбір қазақтың кірпігі жасқа шыланды. «Қазақстан Тәуелсіздік алды» дегенді естіген сәтте шекараның арғы бетіндегі біз де бөркімізді аспанға атып, қуандық. Себебі, бұл алыстағы ағайынның да аңсаған арманы еді.

Мен ол кезде Моңғолия Республикасы Қобда аймағының атқарушы әкімшілігінің әскери департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғаныс штабының басшысы қызметін атқарып жүрдім. Әскери шенім полиция майоры болатын. Қазақстан Республикасы Президентінің «Атамекенге келемін деушілерге жол ашық» деген ыстық сәлемін алғашқылардың бірі болып алғанда қуанышымда шек болған жоқ. Бұл жағымды жаңалықты ағайын-туыс, ауылдас, дос-жарандарға сүйіншілеп жеткізгенім әлі күнге дейін көз алдыма елестейді. Бірақ ештеңеден кемқор болған жоқпыз, Аллаға шүкір! Осы жаққа қоныс аударып келген ағайын егемен еліміздің өркендеп дамуына қомақты үлестерін қосуда деп сеніммен айта аламын.

Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстан Президенті ретінде алғаш қолға алған және сәтті жүзеге асқан бастамаларының бірі деп білемін.

Міне, 35 жылдық тарихы бар ұлы көш осылай басталып еді.

– Ұлы көшке сіздің де бір кісідей үлес қосқаныңызды, сол кезде бірқатар қиындықтарға тап болғаныңызды естідік. Осы туралы көзден кетсе де, көңілден кетпейтін әсерлі сәттеріңізбен бөліссеңіз…

– Үш мәрте көшті тікелей өзім ұйымдастырып, моңғолиялық қазақтарды Павлодар облысына әкелдім. Алғаш рет 1998 жылы шілде айында 30 отбасын (170 адам) Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан ұшақпен Шығыс Қазақстан арқылы Ақсу қаласы мен Успен, Шарбақты аудандарына жеткіздім.

Екінші рет 2010 жылы Моңғолияда болған жұттың салдарынан негізгі кәсібі – малы қыруар шығынға ұшырап, қиын жағдайға тап болған қандастарға қол ұшын беру мақсатында Парламент пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тікелей қолдауымен, басқа да құзырлы мекемелердің мақұлдауымен маусым–қазан айлары аралығында өздігінен көшіп келе алмай отырған көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен 120 отбасын (820 адам) дүние-мүлкімен бірге Павлодар өңіріне қоныстандырдым. Бұл жолы жауапты мекемелермен келісімшарт жасап, қосымша өз қалтамнан қаражат шығарып, көмектескен жайым бар.

Өкінішке қарай, кейбір жағдайлар жадымызда өшпестей болып жатталып қалды. Көш барысында көрген бейнет пен қиыншылықтар көп болды, әрине. Әсіресе, Ресей Федерациясы Алтай өлкесінің Ташанта, Құлынды кеден бекеттерінде көшке көп кедергі жасалды. Мәселен, Ташанта кеденінде оралмандардың жүктерін шекарадан өткізуге кәдімгідей тосқауыл қойылды. Ресейлік кеденшілер бұл іске Моңғолиядан Қазақстанға жүк тасымалдау Ресейдің Кеден кодексі бойынша ғана жүзеге асырылады деген заңы негіз болып отырғанын алға тартты. Ондағы бірінші талап бойынша Моңғолиядан Қазақстанға тауарлар әкелу үшін транзиттік халықаралық жүк тасымалдауға рұқсаты бар Ресейдің арнайы фирмасының автомашиналарын пайдалану керек екен. Сонда ғана жүкті Ресей мемлекетінің шекарасынан оңай өткізуге мүмкіндік бар көрінеді. Екінші талап бойынша, жүктегі заттардың әрқайсына, айталық, табақ, кесе, қасық, көрпе, жастық, ине, жіп, етік, шапан, ертоқым, кереует, үстел, сандық, тағы сол сияқты дүниенің бәріне нарықтық баға қойылып, арнайы код бойынша кедендік декларация жасалуы міндетті, деді.

Қандастардың жүктері пәлен жыл қолданыста болып әбден ескірген үй мүлкі, тұрмыстық заттар, ыдыс-аяқтар, киім-кешектер екені көрініп тұрса да Ресей кеденшілері: «Бізге дүниенің ескісі мен  жаңасы бірдей», – деген сылтау айтып, қасарысып тұрып алды. Сосын біз де үнсіз қалмай, Қазақстан мен Ресейдің бірыңғай Кеден одағын құрғанын айттық. Моңғолиядан Қазақстан Республикасына қоныс аударған этникалық қазақтар отбасыларының мүшелерін және олардың тұрмысқа қажетті заттары мен жүктерін Ресей Федерациясының мемлекеттік шекарасынан кедергісіз өткізу жөнінде Ресей мен Қазақстанның құзырлы мемлекеттік органдары арасында екіжақты келісім жасалғанын да алға тарттық. Моңғолиядағы жергілікті әкімшіліктердің Қазақстанға көшкен қазақ отбасылары мен олардың дүние-мүлкі жөнінде берген арнайы құжаттарын Ресей кеденшілерінің қолдарына ұстаттық. Ал олар бізге Ресей Федерациясы Кеден кодексінің әр қайсысы 780-920 беттен тұратын 11 томын көрсетіп: «Мұны бекіткен біз емес, мына адам» — деп, Ресей  Үкіметінің басшысы Владимир Путиннің суретін нұсқады. Тіпті, қатқыл дауыспен сөйлеп, мінездерін көрсеткен кездер де болды.

Өткен күнде белгі жоқ…. Сонымен, не керек, көште тек ер азаматтар ғана емес, қарттар, әйелдер, балалар да бар екенін, кеденде көп тұру оларға моральдық тұрғыда зиян келтіріп, денсаулықтарына кері әсерін тигізетінін түсінгендіктен барлық жүкті қалдырып, ағайындардың өз бастарын елге аман-есен жеткізудің қамын ойладық. Сөйтіп, әр адамды өзімен бірге шекарадан алып өтуге рұқсат етілген 35 келілік қол жүгімен  қоса атамекенге әзер табан тіреген күніміз болған.

Ал Алтай өлкесінің Ташанта кеден бекетінде қалған жүкке бір жарым айдан кейін барып, Ресейдің халықаралық жүк тасымалдауымен айналысатын фирмасының жүк машиналарын жалдап, жоғарыда айтылған ескі-құсқы заттардың бәріне нарықтық баға қойдыртып, декларация жасатып, Қазақстанға жеткіздік.

Алдымыздан қазақ жері «мен мұндалап» көңіліміз көтерілген соң, қазақша ән шырқай бастадық. Ата-баба жұртына, тарихи атамекеніне, егеменді ел «Қазақстан» деп аталатын Отанына орта жолда қалған дүние-мүлкін түгендеп алып, аса сағынышты сезіммен біржолата оралып келе жатқан қазақтар ән салмай қайтушы ма еді?! Өстіп отырып Қазақстанның іргесіндегі Құлынды кеденіне жеткенімізде Ресей кеденшілері тағы да тоқтатты. Жүк машиналарының Ресейдікі екеніне, Ресей–Моңғолия шекарасындағы бекетте құжаттарымыз бен жүктеріміз тексеріліп, рәсімделгеніне қарамай, көліктерді әрлі-берлі айналып, пломбыны қайта-қайта лупамен қарап, сосын Ташанта бекетіне біздің жүгіміздің заңдылығын айқындау үшін сауалнама жіберді.

Осылайша, тағы бірнеше сағат күттік. Кеденшілердің «жағымсыз» мінездеріне де көндік. Тіпті, әрқайсына «Шеф», «Начальник» деп, орысша бар білгенімізді айтып, қас-қабағына қарап кішірейдік. Әйтпесе, тағы кедергі келтіретіндей түр көрсетті.

Міне, қандас ағайындардың шетелден Ресей арқылы Қазақ-станға қоныс аударуына заңды-заңсыз түрде осыншама кедергілер келтірілді. Алайда бұл жайды қазақстандық құзырлы  мемлекеттік органдар қаперіне алып, тиісті шешім шығаруға қауқарсыз болып отыр. Әлі күнге дейін шекарадан өту қиындық туғызуда.

Үшінші рет 2019 жылы тамыз айында «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» тарапынан Моңғолияның Қобда, Баян-Өлгей аймақтарында тұратын әлеуметтік жағдайы төмен 13 көпбалалы  отбасын (80 адам) Қазақстанда біржолата тұруға көшіріп әкелдім. Бұл отбасыларының барлығы тұрмысқа қажетті қолданыстағы дүние-мүлік және салмағы 800 келілік жеке жүгімен атамекенге жетті. Көшіп келген қандастарымыздың арасында 46 бала, 4 студент, 1 зейнеткер, еңбек жасындағы 29 азамат бар. Олардың ішінде мұғалімдер, техника мамандары, механизатор, дәрігер, ветеринар және арнайы оқу орталықтарын бітірген өзге де саланың өкілдері бар екен.

Осы орайда «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» РҚБ-ның Павлодар облыстық филиалы тарапынан елге оралған және шетелде тұратын қазақтарды қолдау мақсатында бірқатар жұмыстар қолға алынғанын атап өткен жөн. Айталық, қауымдастық басшылары Ресей Федерациясының Омбы қаласындағы Қазақстан Консулы қызметкерлерінің көмегіне жүгініп, соның арқасында көштің бөгелмей өтуіне қолайлы мүмкіндік жасалды. Барлық адам жүгімен аман-есен елге жетті. Көшіп келген отбасылар түгелдей оралмандардың өңірлік квотасына кіріп, бір жыл бойы үй жалдап тұратын қаражат берілді. Балалары оқумен толық қамтамасыз етіліп, еңбек жасындағылар жұмысқа тартылды.

Әрине, бастапқыда бәрі тамаша болды деп айту қиын. Бір елден екінші елге қоныс аударудың мехнатын, жолда көрген қиыншылықтарды ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Сонымен қатар, атажұртқа бет бұрғандарға да оңай болған жоқ. Артқы жақта бірінің жақын ағайыны, бірінің туған баласы қалып жатты. Талай жанның көзге жас алып, толқыған сәттеріне куә болдық.

Дегенмен де, осы жақтағы ағайынның құшақ жая қарсы алуы көп қиындықты ұмыттырды. Атажұртты аңсап жеткен қандастарды жергілікті тұрғындар да құрметпен қарсы алып, шашуларын шашып, еруліктерін ұсынды. Әр ауылда той болып, мәре-сәре күйге ендік. Нәтижесінде, шеттен келген этникалық қазақтар да жергілікті халықпен тез тіл табысып, бүгінде туыс-туғандай араласып кетті.

– Шетелден қоныс аударған ағайынға жеткілікті деңгейде қолдау көрсетілді ме? «Әттеген-айлар» бар ма?

– Қандастардың қазақ еліне тез сіңісіп кетуі үшін барынша жағдай жасалды. Оқыған мамандығы барлар өздеріне лайықты жұмыс тапты. Ал дипломы жоқтар жаңа кәсіптің қыр-сырын меңгеруге, жеке кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік алды.

Жалпы, шеттен келген қандастар үшін Павлодар өлкесі киелі мекен, құтты қоныс болды. Тәуелсіздік алған жылдан бері осы өңірге Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғанстан, Түркіменстан, Молдова, Қытай және басқа да елдерден
42 мыңнан астам адам көшіп келген екен. Ал Қазақстан бойынша алыс-жақын шет елден атамекеніне 1,2 мил-
лионнан астам қазақ оралып, еліміздің дамуына өз үлестерін қосып жатыр. Қазіргі таңда олардың өсімі 3 миллионға жуықтады деген бейресми дерек бар.

Тарихқа қайта оралсақ, 1991-1998 жылдары алғашқы көштің легінде 50 мыңнан астам қандасымыз атажұртқа қоныстанды. Еліміздің мүмкіншілігіне қарай оларға тиісті әлеуметтік жағдай жасалды. Өкініштісі, келген ағайындардың барлығы облыс, қала орталығынан алыс кеңшарларға ғана қоныстанған екен. Бұл жылдары қандастарымыз тек Моңғолиядан ғана келді, олардың дені мал шаруашылығымен айналысты. Қолында заңды дипломы бар инженер, дәрігер, мұғалімдер, басқа да түрлі мамандық иелері «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол!» деген қағида бойынша  алғашқыда  мал бақты. Алайда  ешқайсысы бұған реніш білдірмеді. Бірақ Қазақстанда басталған жекешелендіру саясаты шеттен келген ағайынға ауыр тиді. Олар «азаматтығы жоқ» деген желеумен жекешелендіруден үлессіз қалды. Бұл жағдай қай-қайсысы үшін де оңайға соққан жоқ. Жекешелендірудегі келеңсіздіктердің салдарынан кеңшардың құты қашып, мал мен техника талан-таражға түсті. Жұмыс орындары қысқарып, халық жұмыссыз қалды. Жаңа жағдайға бейімделе алмай, бұрынғы тірлігін аңсағандар не істерін білмей аңтарылды. Қысқасы, кеңшарлар аянышты халге түсті. Көшіп келген қандастарға уақытша баспаналар берілгенімен, олар азаматтығы жоқ болғандықтан жеке меншігі етіп иемдене алмады. Сондай-ақ, шеттен келіп жатқан ағайынның дені көпбалалы отбасылар болғандықтан, ауыл мектебінің шарасыз жағдайы да оларды қатты алаңдатты. Нарықтық қатынастың өзгерістері жергілікті халыққа да оңай тимеді, ал жаңадан көшіп келгендерге өте ауыр болды.

Міне, мұндай келеңсіздіктер мен әлеуметтік күрделі ахуал салдарынан орнығып, жайғаса алмаған ағайындар қалаға жақын жердегі ауыл, аудандарға қайта көшуге мәжбүр болды.

Дегенмен де, қандастарымыздың өзгелерден бір артықшылығы бар еді. Ол – қайсарлылық. Иә, шеттен келген қазақтар бастарынан талай қиындықты өткерсе де, бәріне қасқайып қарсы тұра алатын, оны жеңу үшін күресе білетін өжет, жігерлі болды. Уақыттың талабымен үндесіп, ізденіп, еңбектеніп, өз жағдайларын өздері жасап алуға әрекет етті. Көрген қиыншылықтары оларды шынықтырды, тәрбиеледі. Осылай қиын күндер артта қалды. Олар кездескен барлық ауыртпалықты Қазақстан халқымен бірге көріп, көтеріп, жеңіп шыққанына мақтанады.

Осылайша, ұлы көш 35 жыл бойы жалғасын тапты. Атамекенге алғаш көшіп келген кезде дүние есігін ашқан балалардың алды бүгінде Қазақстандағы жоғары және кәсіптік-техникалық оқу орындарын бітіріп, түрлі мамандықты игеріп, егемен ел дамуы жолында еңбек етуде. Бұл – біз үшін үлкен бақыт!

– Қандастарды жаңа ортаға бейімдеу мақсатында қандай жұмыстар қолға алынуда?

– Жоғарыда атап өткенімдей, Ертіс-Баян өңірі қандастар үшін жайлы қоныс болды. Олай дейтінім, өңірімізде ірі өндіріс орындары көп. Бұл жағдай қоныстанушыларды жұмыспен қамтуға және тез бейімделуіне мол мүмкіндік береді. Өз басым қоғамдық ұйым басшысы ретінде облысқа көшіп келген қандастарымыздың өтініштері бойынша қала аумағынан, яғни, Павлодар ауылынан 110, Кенжекөл ауылынан 10, Жетекші ауылынан 62 сотық жер телімін алып беруге көмектестім. Сонымен қатар, қоғамдық ұйым тарапынан облыс әкімдігі «Қандастарды жаңа ортаға бейімдеу іс-шаралары» жоспары бойынша жыл сайын мемлекеттік сатып алу конкурсын жариялап, алыстан келген ағайынға арнайы лот белгілеп келеді. Соңғы 20 жыл бойы осы конкурсты «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» РҚБ-нің Павлодар облыстық филиалы жеңіп алып, қандастарды Қазақстан қоғамына бейімдеу тұрғысында халықаралық, республикалық, облыстық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыруда. Шет елден көшіп келген адамдармен қоян-қолтық жұмыс жасаудамыз. Сондай-ақ, жыл сайын халықаралық, республикалық, өңірлік деңгейде көші-қон, қандастар мәселесіне қатысты ғылыми-практикалық конференциялар, кездесулер мен дөңгелек үстел шараларын өткізіп, өзекті мәселелерді шешуге қатысты нақты ұсыныс-пікірлерді құзырлы органдар мен ҚР Үкіметіне тұрақты түрде жіберіп келеміз.

Қазақстан Республикасының «Халықтық көші-қон туралы» заңына енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға қатысты біздің тарапымыздан жіберілген 20-дан астам ұсыныстың көбі енген екен. Бұл – осы саланың мәселелерін жетік білуіміздің нәтижесі деп ойлаймын.

Еліміз үшін әр қазақтың орны бөлек. Атажұртын аңсап келген ағайынға көмек қолын созу барша қазақстандықтардың міндеті деп білемін. Бұл ретте, Павлодар облысы әкімшілігі мен өңірдегі мемлекеттік құзырлы мекемелер қоғамдық ұйыммен бірлесіп, қандастарға қолдарынан келгенше жәрдем беріп, қолдау көрсетіп жатқанын атап өткен жөн. Шынымен де, қоныс аударушылардың жаңа ортаға тез сіңісіп кетуі үшін көп жұмыс қолға алынуда. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!», – дегендей, еліміздің өзге өңірлері қандастармен жұмыс жасауда біздің облыс әкімі мен мемлекеттік құзырлы органдардан үлгі алуы керек.

Айрықша атап өтерлігі, жыл сайын аймақ басшысы, қалалар мен аудандардың әкімдері қандастармен арнайы жоспарлы кездесу өткізіп, ұсыныс-пікір, өтініштерін тыңдауды дәстүрге айналдырған. Бұл – жергілікті биліктің қандастарға деген зор құрметі екені сөзсіз.

– Биылдан бастап шет ел азаматтарының Қазақстанда тұруына қатысты ережелер қатаңдатылғанын білеміз. Демек, көші-қон саясаты қиындады ма? Бұл жөнінде не айтасыз?

– Ел үкіметі 2025 жылы желтоқсанда қабылдаған 2030 жылға дейінгі Көші-қон саясаты тұжырымдамасында: «2026 жылғы қаңтардан бастап жаңа тәртіп енгізіледі. Шетел азаматтары, соның ішінде этникалық қазақтар алдын ала іріктеуден өтеді. Оған мемлекеттік тілді білу тесті, цифрлық сауалнама, уәкілетті органдардың тексерулері және әңгімелесу кіреді…», – деген ереже барын түсіндірген болатын. Сонымен қатар, осы мезетте Үкімет «Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру» және «Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту» туралы бірлескен бұйрығын да іске қосып үлгерді. Осынау бірлескен бұйрық арқылы енгізілген жаңа тәртіп алыс-жақын шетелдерден атажұртына көшіп келіп жатқан этникалық қазақтардың құжаттануын қиындатып жіберді. Бұған қарап, елге оралған қандастарымыздың Қазақстан азаматтығын алуы тоқтады десек те болады. Себебі, Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға, оның ішінде «қандас» мәртебесін алуға үміткер көшіп келушілер қатарындағы жеке тұлға және оның отбасы мүшелері ҚАЗТЕСТ цифрлық жүйесі арқылы онлайн форматта тестілеу мен сауалнамадан, әңгімелесуден өтеді. Бұл жағдай Қытай, Ауғанстан, Иран, Түркіменстан елдерінде ағылшын, парсы, ескіше төте жазумен оқып келген ағайындарға қиындық тудыруда.

Аталған бірлескен бұйрықты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, ҚР Өнеркәсіп және инфрақұрылымдық даму, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму, ҚР Ішкі істер министрліктері дайындаған екен. Мұндағы негізгі өзгерістердің бірі – Қазақстанға тұрақты тұруға келген иммигранттарды тестілеуге қатысты болып отыр. ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша онлайн диагностикалық тестілеудің нәтижелері тексеру шарасы аяқталғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде ұсынылатын болады. Егер өтініш беруші әр блок бойынша 70 пайыздан 100 пайызға дейін ұпай жинаса, оған онлайн диагностикалық тестілеу сертификаты беріледі. Ал тиісті межеге жете алмаса, анықтама ғана беріледі. Бір немесе екі блок бойынша 70 пайыздан төмен нәтиже көрсеткен иммигрантқа 30 күнтізбелік күн ішінде тестілеуді 2 рет қайта тапсыруға мүмкіндік қарастырылған.

ҚАЗТЕСТ–тен табысты өткендер өңірлердегі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына барып әңгімелесуден өтеді. Бұдан кейін оң қорытындыға қолы жеткендер «қандас» мәртебесін алуға құжаттарын тапсыра алады. Сондай-ақ, олар электронды түрде 8 бағыт бойынша 120-ға жуық сұраққа жауап беріп, сауалнама толтырады. Бұл ұпайлар бірнеше критерийлер бойынша беріледі, соның ішінде білім деңгейі, тілді меңгеруі, жұмыс тәжірибесі және басқа да көрсеткіштер есепке алынады. Бұл ретте, ең төменгі өту балы кемінде 600 деңгейде белгіленгенін айта кеткен жөн.

Жаңа талап бойынша тұрақты тұруға рұқсат алу үшін шетелдіктер кемінде бір жыл бойы Қазақстанда заңды түрде тұруы тиіс. Сонымен қатар, көшіп келушілердің және оның отбасы мүшелерінің террористік немесе экстремистік ұйымдарға, діни деструктивті ағымға қатысы бар болуы Қазақстан Республикасына келуін шектеу үшін негіз болып табылады. Сол үшін шетелден келгендер ол жақтағы мемлекетінен аталған жағдайларға қатысты құқық бұзушылықтар мен қылмыстардан таза екенін дәлелдейтін анықтама әкелуі қажет.

Екіншіден, өзің азаматы болып табылатын мемлекеттің жазбаша келісімі немесе кету парағы, яғни шетелге тұрақты тұруға кетуге рұқсатты растайтын басқа да құжат болуы шарт. Өкінішке қарай, Қытай үкіметі мен өзге де бірқатар мемлекеттер мұндай анықтамаларды бермейді. Оларда ондай стандарт жоқ дейді.

Бірлескен бұйрықтағы  «қандас» мәртебесін беру тәртібіне кірген өзгерістерге келсек, «Қандас мәртебесі тек Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген қоныстану өңірлеріне міндетті түрде қоныс аудару жағдайларында ұзарту құқығынсыз 5 жыл мерзімге беріледі»,–деп көрсетілген. Оның өзі аталған құжатта: «Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген қандастарды қабылдайтын өңірлердің жергілікті атқарушы органдары берген Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға көшіп келушілердің іріктеуден өткені туралы хабарлама болған жағдайда ғана берілуі мүмкін», – деп жазылған.

Демек, бұл – Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарынан басқа өңірлерге қоныстанғысы келетін этникалық қазақтарға енді «қандас» мәртебесі берілмейді деген сөз. Ал «қандас» мәртебесі берілмесе, өзге өңірлерге келген этникалық қазақтар Қазақстан азаматтығын ала алмайтыны ақиқат. Осыған қарап-ақ, көші-қон мәселесінің қиындағанын түсінуге болады.

Жалпы, этникалық қазақтардың атажұртына оралуы, тұрғылықты жерін еркін таңдауы, Қазақстанның азаматтығын алуы олардың құқығы болуы тиіс. Мемлекеттік саясат азаматтардың құқығын шектеп, бұзуға емес, керісінше түрлі ынталандыру шаралары арқылы қандастарға жеңілдік жасауға бағытталуы қажет. Үкімет этникалық қазақтарды өңірлерге қоныстандыруда осы мәселеге баса мән бергені дұрыс болар еді. Өйткені, осынау бірлескен бұйрық бойынша этникалық қазақтар Үкімет айқындаған өңірден «қандас» мәртебесін алған соң бес жыл тұруы, содан кейін ғана Қазақстан азаматтығын алуы керек, дейді. Менің ойымша, бұл бірлескен бұйрық көші-қон саласын реттеу үшін емес, ұлы көшті тоқтату мақсатында жасалған іс сияқты. Алдағы уақытта бұл мәселе оңынан шешіледі деген үміттеміз.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.