Қожамжар ауылының ауылішілік Абай, Бейбітшілік және А.Мағұлов көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы ұзындығы 1,6 шақырым болатын жолды асфальттау үшін аудандық бюджеттен 66 млн теңге қаражат бөлінген.

Мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша тендерді «Нұрал» ЖШС жеңіп алды. Бүгінде мердігер ұйым қиыршық тас төсеу жұмыстарын толығымен аяқтап, асфальт төсеу жұмыстарына кірісіп кетті.

— Жол жөндеуге арналған техникалар саны мен жұмысшылар күші жеткілікті. Қазіргі уақытта ешқандай кедергілер жоқ. Қолайлы ауа райы болса, қолға алынған жұмысты 4 күнде аяқтауға тырысамыз, — дейді серіктестік басшысының орынбасары Арман Байкин.

Атап өту керек, 2022 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 4 шақырымнан астам ауылішілік жол жөндеуден өткен. Ауылдық округ әкімі Серік Тезекбаевтың айтуынша, атқарылатын жұмыстардың нәтижесінде, жақсы жағдайдағы ауылішілік жолдардың үлесі 80 пайызға жетпек.

 

Өз тілшіміз.