Ауыл дәмін дайындап…

Ақп 13, 2025

Бүгінгі таңда ауылдық жерде мал ұстау оңай емес. Төрт түлікті күтіп-баптау үшін көп күш, мол уақыт пен қыруар қаржы керек.  Сондықтан да болар, қазір көпшілік мал басын азайтып, дайын сүт, май, қаймақ сатып алуға көше бастады.

Ал еңбек етуден қорық-пайтын жандар керісінше мал шаруашылығын бастап, кәсіп дөңгелетіп, одан нәпақа көруді қалайды. Сондай еңбекқор жандардың бірі – Қызылжар ауылының тұрғыны Айгүл Алдаңғорова.

Айгүл Қабдылқызы осыдан екі жыл бұрын «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие алып, оған ірі қара мал сатып алды. Бүгінде түлік саны көбейіп, оның сүтін өңдеп, одан ауылдың нағыз дәмі – сары май, қаймақ, ірімшік, құрт пен қоспа дайындап отыр. Мұндай өнімдерге тапсырыстар тек ауылдастардан емес, Павлодар, Астана, Алматы, Көкшетау қалаларынан да жиі түседі.

— Осыдан бірнеше жыл бұрын денсаулығыма байланысты «Қызылжар-Құс» фабри-касындағы жұмысымды тоқтатып, біраз уақыт үйде отыруға тура келді. Бұған дейін жолдасым екеуіміз күнұзақ жұмыста болғандықтан, мал ұстайтын мүмкіндігіміз болмады. Мен тұрақты жұмыстан шыққан соң үйде құр қол қусырып отыруға тағы болмайды деген ойға келдім. Сөйтіп, ауылдың WhatsApp тобынан «Ауыл аманаты» бағдарламасына өтініштер қабылдау туралы хабарламаны көзім шалып қалды. Бірден «Неге бағдарламаға қатысып, жеке істі бастамасқа?» деген ой келді. Сөйтіп, жергілікті әкімдіктің көмегімен жылдық 2,5 пайыздық мөлшерлемемен 5 млн теңге көлемінде несие ресімдедім. Бұл сомаға 11 ірі қара, сиыр сауатын, сүт тартатын аппараттар, мұздатқыш, басқа да керек-жарағымды сатып алдым. Сол арқылы ауыл өнімдерін әзірлеуге кірісіп кеттім, —
дейді Айгүл Алдаңғорова.

Бастапқыда май-қаймақты таныстары, туыстарына сатса, кейін тапсырыс берушілердің аясы кеңейе бастады. Қазіргі күні мамырда болатын сары майдың өзіне тапсырыс бар. Сапасы жоғары табиғи өнімнің бағасы да қолжетімді. Кәсіпкер алдағы уақытта өнімділікті арттырып, сүт өңдейтін шағын цех ашуға ниетті. Сондай-ақ, екі жылда мал басы көбейіп жатыр. Сондықтан төрт түлікке арнайы база салу қажеттілігі туындап отыр. Атап өтерлігі, Айгүл Қабдылқызы өзі ғана шаруашылықты дөңгелетіп қоймай, бір жұмыс орнын ашты. Көмекшісі мал жайлауға, түлікті күтіп-баптауға қолғабыс етеді.

— Қазір ауылда мал ұстау қиын. Оның пайдасына қарағанда машақаты көп екені рас. Дей тұрғанмен, мемлекет тарапынан жасалатын көмектің нәтижесінде бұл бағыттағы еңбектің де жемісін көруге болады. Айталық, бүгінде екінші деңгейлі ешбір банк 2,5 пайыздық мөлшерлемемен несие бермейді. Мемлекеттің қолдауының нәтижесінде ғана жеке ісін бастауға ниетті азаматтарға осындай мүмкіндік беріліп отыр. Мұндай мөлше-рлемені несие мерзіміне бөлер болсақ, төлем көлемі қалтаға айтарлықтай салмақ салмайды. Сол сияқты жергілікті әкімдік мал азығын дайындау мақсатында 40 гектар жер телімін бөліп берді. Бұл да – мал шаруашылығын ілгерілетуді қалайтын тұрғын-дарға айтарлықтай көмек. Айтпағым, еңбек етуге ынталы азаматтарға қолайлы жағдайлар жасалып-ақ жатыр. Тек оның тиімді тетігін пайдалана білсе
болғаны, — дейді кәсіпкер.

Айгүл Алдаңғорованың аула шаруашылығын дамытудағы еңбегі ескеріліп, «Ауыл аманаты» бағдарламаларының қатысушылары арасында өткен республикалық байқауда «Үздік қосалқы шаруашылық» аталымында үздік атанды. Кәсіпкер алдағы уақытта да жеке ісін ширата түсуі үшін нық жоспар құрып, соған жетуде қажырлы еңбек етуде.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.