Қазақ халқы ежелден-ақ жылқы шаруашылығына баса назар аударған. Соңғы уақытта біздің облыста да Қамбар ата түлігінің қарасы айтарлықтай қалыңдады. Жүйрік баптап, көкпар тартып, бәйгеге шабатын мықтылар да көбейді. Ендігі ретте осы саланы одан әрі дамыта түсу үшін жылдар бойы қордаланып қалған бірқатар түйткілдің түйінін тарқату қажет. Асыл тұқымды тұлпарлардың санын арттырып, бие сүтін өндіретін шаруаларға қаржылай қолдау көрсеткен жөн.

Жылқы шаруашылығына қатысты өзекті мәселелер Баянауыл ауданының Торайғыр ауылында өткен «Қазақстанда және басқа да іргелес мемлекеттерде жылқы шаруашылығының жағдайы мен дамуы» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында талқыланды. Шараға облыс әкімі Асайын Байханов, Қазақстан, Ресей, Моңғолия және Қытай елдерінің ипполог-мамандары қатысты. Жиында сөз алған аймақ басшысы жылқы шаруашылығын дамытудың маңыздылығын атап өтті.

— Қазақ халқы үшін жылқы шаруашылығының маңызы зор. – Бұл — біздің халқымыздың генетикалық кодының бір бөлшегі. Жылқы ұстау бұрыннан-ақ қанымызда бар. Енді оған қолдау көрсетіп, әрі қарай дамытуымыз керек, — деді облыс әкімі. Асайын Байханов облыстағы жылқы санының 250 мың басқа дейін өскенін атап өтті. Бұл ретте өңірдегі жылқының жартысынан астамы Баянауыл, Май аудандары мен Екібастұз қаласының ауылдық аймағында тіркелген. Осы орайда облыс әкімі осы саладағы түйткілді мәселелер мен оларды шешу жолдарын атап өтті.

— Аймақта асылтұқымды мал басының үлесі 5,6 пайызды құрайды. Саланың қарқынды өсуі мен дамуы үшін аналық мал басын 60 пайызға дейін жеткізу қажет. Одан алынатын өнімдер негізі ішкі нарықта сатылады. Сол себепті бие сүтін өндіру үшін берілетін қазіргі субсидиялау нормативін литріне 60 теңгеден 200 теңгеге дейін ұлғайтқан жөн. Табыншылар, бордақылау алаңдарының аздығы, селекцияның әлсіздігі де бар, — деді А.Байханов. Шара барысында өнімділігі әртүрлі бағыттағы жылқыларды іріктеу, жануарлардың генетикалық ресурстары, ат спортын дамыту мәселелері талқыланды. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұржан Әшімбетов табынды жылқы шаруашылығын дамытудағы жекелеген түйінді мәселелердің шешу жолдарын айтты. ҚХР Тарын университетінің профессоры Гіміңгүл Мұқатайқызы Қытайдағы жылқы шаруашылығының жай-күйімен, даму перспективаларымен бөлісті. Чуваш мемлекеттік аграрлық университетінің профессоры, ғылым докторы Владимир Семенов ауыр жүкті тұқымды биелердің сүт өнімділігінің биопотенциалын жүзеге асыруды талқылады. Моңғолияның жылқы шаруашылығының жағдайы жайлы Сайполда Тоқторбай баяндады. «Торайғыров университеті» КЕАҚ профессоры, Павлодар облысының жылқы өсірушілер қауымдастығының төрағасы Төлеген Асанбаев Новоалтай жылқы тұқымының айғырларымен жергілікті қазақ биелерін будандастыру арқылы ет-сүт өнімділігін арттыруға қатысты жобасын таныстырды. Қысқасы, бұл жиын жылқы шаруашылығына қатысты пікір мен тәжірибе алмасудың жақсы алаңы болды. Конференция соңында үздік жылқы өсірушілер мен шараға қатысушылар  дипломдармен, Павлодар облысының жылқы өсірушілер қауымдастығының кубоктарымен марапатталды. Сонымен қатар, асылтұқымды жылқылардың көрмесі өтті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Суретті түсірген — Әлібек Жиенәлинов.