Екібастұз қаласы – еліміздегі ғана емес, тұтас ТМД мемлекеттері ішіндегі ірі теміржол кластері бар шаһар. Мұндағы Қазақстан вагон жасау компаниясында жылына екі мыңнан астам вагон дайындалады.

Аталмыш зауыт іске қосылған бастапқы уақытта түрлі қиындық болды. Жобалық қуаттылығы жылына 2500 вагонды құраса да, бір кездері мүлде тапсырыс болмай, кәсіпорын жұмысы тұралап қалған еді. Түйткілдер тек өткен жылы толығымен тарқап, жобалық қуаттылыққа көшті. Әріптестер арасындағы қарыз өтелді. Таяуда шаһар басшысы Аян Бейсекин кәсіпорынның бүгінгі жай-күйімен танысып қайтты.

Қазіргі таңда Қазақстан вагон жасау зауыты – толық технологиялық цикл бойынша вагон өндіретін жалғыз отандық зауыт. Кәсіпорынның тапсырысы келесі жылдың соңына дейін бар. Биылдың өзінде екі мыңнан астам вагонды нарыққа жөнелту – жоспарда.

– Кәсіпорындағы өндірістік құрал-жабдықтар жаңартылып, вагондардың жаңа моделін шығару ісі оң жолға қойылды. Соңғы уақытта қызметкер-лердің орташа жалақысы үш есее өсіп, 428 мың теңгеге дейін жеткенін ерекше атап өту керек. Сонымен қатар, жұмыс орындарының саны 300-ден 800-ге дейін артты, – дейді шаһар басшысы.

Жергілікті билік пен кәсіпорын басшылығы өндіріс көлемін одан әрі ұлғайту, жаңа мамандарды жұмысқа тарту, студенттердің кәсіби тәжірибеден өтуіне жағдай жасау сынды мәселелерді талқылады.

 

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.