Елімізде кәсібін дөңгелетіп, отбасының нәпақасын тауып отырған еңбекқор жандар аз емес. Олардың бірі — Аққулы ауданының тұрғыны Қобыланды Шынасылұлы. 2017 жылы Түркістан өңірінен отбасымен көшіп келген азамат бүгінде ауылда жеке кәсібін ашқан.

Өткен жылдың соңында Қобыланды Шынасылұлы көліктерге техникалық қызмет көрсету орталығының жұмысын бастап, жергілікті тұрғындардың сұраныстарын қамтамасыз ете бастады. Ауданда бұрын-соңды мұндай қызмет көрсетілмеген еді.

— Шағын орталықта дәнекерлеу жұмыстары, түрлі техникалық қызметтер көрсетіледі. Орталықтан көлік майын сатып алған жүргізушілерге жеңілдік те қарастырылған. Яғни көлік майы және техникалық сұйықтықтарын ауыстыру қызметі тегін, — дейді Қобыланды Шынасылұлы.

Кәсіпкер бірте-бірте жаңа жұмыс орындарын ашып, қызмет түрлерін кеңейтуді де жоспарлап отыр. Алдағы уақытта көлік дөңгелектерін жөндеу қызметі іске қосылмақ.

 

Т.ӘБІЛДА.