Ақтоғай ауданында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған маңызды инвестициялық жобаны жүзеге асыру мәселесі сөз болды. Осы мақсатта Павлодар қаласынан келген «РОСТ-Павлодар» ЖШС өкілдері өңір басшылығымен кездесу өткізді.
Жиынға аудан әкімінің міндетін атқарушы Дархан Дощанов, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың басшылары қатысты. Кездесу барысында Қараоба ауылдық округінің аумағында қызанақ өсіру және оны кейіннен терең өңдеу бойынша жаңа инвестициялық жобаны іске асырудың негізгі бағыттары қарастырылды.
Жобаның басты ерекшелігі – ауыл шаруашылығы өнімін өндіруден бастап оны өңдеуге дейінгі толық циклды қалыптастыру. Бұл өз кезегінде өңірдегі агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттырып, жергілікті өнім көлемін көбейтуге мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, жобаны іске асыру нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылып, ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға жағдай жасалады. Сонымен қатар, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және отандық өнім өндірісін ұлғайтуға елеулі үлес қосылады деп күтілуде.
А.БОРАНБАЕВА.
АҚТОҒАЙ АУДАНЫ

