Шомылу маусымының ашылуына Тереңкөл ауданы орталы-ғындағы жағажай дайын. Қауіпсіздік тұрғысынан тиісті шаралар қолға алынған.
Тереңкөл аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мәліметінше, халықтың қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету мақсатында кешенді дайындық жұмыстары жүргізілген. Нақтысы, сүңгуірлер тобы жағажай акваториясы мен су түбінде бөгде және қауіпті заттардың бар-жоғын тексерген. Анықталған заттарды алып тастады. Осылайша, су айдыны шомылуға дайын деп танылған.
– Сонымен қатар, судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ететін құтқарушылармен арнайы оқу-жаттығу сабақтары өткізілді. Оқу барысында судағы төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету, зардап шеккендерді құтқару, алғашқы медициналық өмек көрсету және құтқару құралдарын пайдалану дағдылары пысықталды. Құтқару бекетінің дайындығы тексерілді. Қажетті құрал-жабдықтардың, байланыс құралдарының және құтқару құралдарының жарамдылығы қаралды, – делінген жауапты бөлім ақпаратында.
Мамандар демалушылар арасында судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіру бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізген. Сондай-ақ, сала қызметкерлері судағы қауіпсіздік әр адамның жауапкершілігінен басталатынын еске салды.
Г.ТҮГЕЛБАЙ.
ТЕРЕҢКӨЛ АУДАНЫ
