Екібастұз қаласы мен оған қарасты ауылдық аймақтарда жеке ісін ілгерілетіп отырған кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан айтарлықтай көмек көрсетілуде. Айталық, биыл қайтарымсыз қаржы беріліп, несиелердің пайыздық мөлшерлемесі субсидияланды.

Жалпы, биыл Павлодар облысында барлығы 17 жобаны қаржыландыруға 82 млн теңге бөлінді. Олардың қатарында екібастұздық екі жоба бар. Атап айтқанда, Әсел Смағұлова басшылық ететін «Сафия» жеке кәсіпкерлігі Солнечный кенті мен Екібастұз қаласында «RoboJunior» робототехника клубын ашты. Сол сияқты Гүлнұр Успанова жартылай дайын өнімдерді шығаратын цех жұмысын бастау үшін 5 млн теңге көлемінде грант алды. Сонымен қатар, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры кәсіпкерлер алған несиелер оларға салмақ салмас үшін пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялайды. Яғни, банк алдындағы берешектің бір бөлігін мемлекеттің өзі өтейді. Бизнес өкілі тек алты пайыздық мөлшерлемені қайтарады. Жыл басынан бері Екібастұз қаласында 226 жоба дәл осындай қолдауға ие болды. Соның нәтижесінде оларға 9 071,1 млн теңге көлемінде субсидия қарастырылды. Екібастұз қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ринат Букаевтың айтуынша, «Өркен» шағын индустриялық аймағының да берері мол. Мұнда 10 кәсіпкерге қажетті инфрақұрылыммен қамтылған өндірістік орындар берілген. Олар киім тігу, жиһаз жасау, құрылыс материалдарын дайындау сынды істермен айналысады.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.