Алакөлдік Қабидолла Аманқұлов — ақ қаздар өсіріп, ақша тауып жатқан іскер азамат. Өзіне, отбасына қаз өсіріп, ас етіп жүргеніне он жылдан астам уақыт болған. Осы білгенін бизнеске айналдыруды былтыр қолға алыпты.

— Мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекет қайтарымсыз қаржы беретінін естіп, ауданымыздағы жұмыспен қамту бөліміне бардым. Грант алудың жолдарын сұрадым. Мамандар жол көрсетіп, барлық мән-жайды түсіндірді. Бизнесті бастау, жүргізу, бизнес жоспар әзірлеуді үйрендім, — дейді кәсіпкер.

Жаңадан іс бастаған азамат бұрын да қаз өсірудің қыр-сырымен жақын таныс еді. Қай тұқымды қазды өсіру тиімді екенінен де хабардар. Сондықтан мемлекеттен алған қаржыға линда деп аталатын қаздың 540 балапанын сатып алады. Сонымен қатар, құстың жемін салатын, суын құятын құрылғыларды да алады. Сөйтіп жаз бойы әйелі Бақытгүлмен бірге қаздарын күтіп-бағып, баптайды.

— Қаз өсіру үшін жем-азығын ерте дайындап алған дұрыс. Былтыр кәсіпті жаңадан бастағандықтан көп көлемде жемін әзірлеп үлгермеген едім. Сондықтан сәл қиындықтар болды. Дегенмен, күзге дейін өсіріп, семірттік. Қаздың етін өткізуде қиындық туған жоқ. Сұраныс көп. Павлодар қаласында сауда нүктелеріне, таныстарыма өткіздім, — дейді Қ.Аманқұлов.

540 балапанды өсіріп, күзде сойып, тұтынушыларына сатып үлгерді. Әрине, шаруашылық жүргізуді жалғастыру үшін 30 шақты ұрғашы қазды қалдырды. 1-топ мүгедектігіне қарамастан кәсіп бастаған жан бизнесін алдағы жазда да көркейте түспек. Ол үшін биыл ерте қамданып алыпты. Яғни, азығын қыста сатып алып қойыпты. Қазір отыз бас қазды асырау үшін тыным таппайды. Суыққа төзімді құстар кәсіпкердің ауласында төбесі жабылған алаңда тұр. Астына төсеуге сабан сатып алыпты.

— Бизнестің бұл түрі біраз шығынды қажет етеді. Бірақ, ебін тапса, көп ұзамай өзін ақтайды. Менің бастамама қолдау білдірген мемлекетке, барлық азаматтарға алғысым шексіз, — дейді іскер азамат.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ