Береговой ауылының мәдениет үйінде бүгінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Нақтысы, өрттен кейін ғимаратты толық қалпына келтіру шаралары қолға алынған.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың соңына қарай аталмыш ауылдың мәдени ошағында өрт орын алып, негізі 1968 жылы қаланған екі қабатты ғимарат толық жанып кетті. Шатыры ортаға түсіп, тек қабырғалары қалған еді. Енді, міне, облыстық қазынадан 370 млн теңге бөлініп, мәдениет үйін қалпына келтіру басталды.

Береговой ауылдық округінің әкімі Дамир Төлековтің айтуынша, жөндеу жұмыстары сәуір айының соңында басталған. Қазіргі таңда шатырының темір конструкциялары орнатылып, ішкі әрлеу жұмыстары басталған. Нақтысы, еденіне тұтастырғыш құйылып, қабырғаларына сылақ жүргізілуде. Ал сыртқы қабырғаларына арнайы торлар орнатылып, қаптау қолға алынған. Қалпына келтірумен қатар мәдениет үйінің жиһаздары да толық жаңартылады. Жоспар бойынша күрделі жөндеу жұмыстары қыркүйек айының соңына қарай аяқталуы тиіс.

 

Г.МАҒЖАН.