Ақтоғай ауданында ардагерлер арасында дәстүрлі туристік слет ұйымдастырылып, оған ауданның әр ауылдық округінен келген қариялар белсене қатысты.
Табиғат аясында өткен тағылымды шара ардагерлердің бос уақытын тиімді өткізуіне, салауатты өмір салтын насихаттауға және өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік берді.
Слет бағдарламасы мазмұнды әрі тартысты өтті. Қатысушылар жалпы саны 9 сайыс түрі бойынша сынға түсіп, ептілік пен шапшаңдықтарын, ұйымшылдықтарын көрсетті. Әсіресе командалық жарыстарда ардагерлердің белсенділігі мен көтеріңкі көңіл-күйі көпшіліктің көңілінен шықты.
Іс-шараны аудандық ардагерлер кеңесі мен аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі бірлесіп ұйымдастырды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар ардагерлердің қоғамдық өмірге белсенді араласуына және денсаулықтарын нығайтуға ықпал етеді.
Слет қорытындысы бойынша үздік өнер көрсеткен қатысушылар марапатталып, жеңімпаздардан құралған құрама команда жасақталды. Енді олар аудан намысын облыстық ардагерлер слетінде қорғайтын болады.
А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.
АҚТОҒАЙ АУДАНЫ
