Екібастұз қаласында жөндеу мен абаттандыруды қажет ететін аулалар әлі де бар. Шаһар басшысы Аян Бейсекин оларды тұрақты түрде аралап, тұрғындармен кездесіп, көпшіліктің талап-тілектеріне құлақ түреді.

Бұл жолы қала әкімі тұрғыны көп көпқабатты баспаналардың бірі – Әуезов көшесі, 21/1 мекенжайында орналасқан тұрғын үйге барды. Мұнда хоккей корты, шағын сахна мен балалардың ойын алаңы бар. Бірақ ойын алаңы нормативтерге сай келмейтін көрінеді. Яғни, олардың барлығын ауыстыру керек. Бұл ретте тұрғындар абаттандыруға қатысты өз ұсыныстарын білдірді. Көпшілік көкейдегі басқа да мәселелерді тілге тиек етті. Олардың қатарында квартал ішіндегі желілерді жаңарту, ағаштарды кесу бар.

– Облыс басшылығының тікелей қолдауы аясында балалардың ойын алаңдарын орнату, аула ішіндегі аумақтарды жарықтандыру мен асфальттау бар. Бұл мақсаттарға облыстық бюджеттен қажет қаражат бөлінді. Осы және келесі жылы бұған дейін абаттандырылмаған 150-ден астам ауланың басым бөлігін ретке келтіру ойда бар, – дейді шаһар басшысы.

Сонымен қатар, осы айда қаладағы магистральдік және аулаішілік жолдарды жөндеу жұмыстары басталмақ.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.