Май ауданына қарасты Малайсары ауылында балаларға арналған жаңа, заманауи ойын алаңы пайдалануға берілді. Салтанатты шара ауыл мерекесі сипатында өтіп, концерттік бағдарламамен жалғасты.
Жаңа ойын алаңының құрылысы осыдан 1 жарым ай бұрын басталған. Жоба толықтай демеушілік қаражат есебінен жүзеге асырылып, қысқа мерзім ішінде заман талабына сай жабдықталған нысан бой көтерді. Мұнда балалардың қауіпсіз әрі қызықты демалысы үшін қажетті барлық жағдай жасалған.
Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Малайсары ауылдық округінің әкімі Аспандияр Қайролла бұл игі істің ауыл балаларының болашағына бағытталғанын атап өтті.
– Ауылымызда 100-ден астам оқушы білім алады. Сонымен қатар, мектепке дейінгі жастағы 65 бала бар. Сондықтан мұндай ойын алаңының қажеттілігі бұрыннан сезіліп келген еді. Демеушілердің қолдауының арқасында балаларымыздың игілігіне арналған әдемі нысан бой көтерді. Әр баланың шат күлкісі – ауылымыздың жарқын болашағының белгісі, – деді округ әкімі.
Жаңа нысанның ашылуына ауыл тұрғындары ерекше қуанышпен қатысты. Көпшілік ойын алаңының балалар үшін қауіпсіз әрі заманауи талаптарға сай салынғанын айтып, ризашылықтарын білдірді. Салтанатты шара танымал эстрада әншісі Роза Әлқожаның концертімен түйінделді.
А.БОРАНБАЕВА.
Май ауданы
